«Жол қозғалысының жас инспекторы» атты аудандық слет өтті

Қазіргі таңда жол бойында жүйткіген көліктердің жылдамдығы бәсеңдемей тұрғаны анық. Осы жол қозғалысының қауіпсіздігі өзекті мәселенің бірі болып отыр. Өткен аптада «Өркен» орта мектебінде осы мәселені басты назарға ала отырып, балалар мен жасөспірімдер арасында жол ережесін сақтауды насихаттау мақсатында «Жол қозғалысының жас инспекторы» атты аудандық слет өтті.

Бұл байқаудың негізгі мақсаты - оқушылардың жол ережесі, жол белгілерін, олардың топтарын ажыратып білуге үйрету. Бұл шараға аудан мектептерінен 8 команда атап айтсақ, «Сергек»  (Аққыстау орта мектебі), «Сарбаздар» (Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты), «Ұландар» (Өркен орта мектебі), «Қыран»  (Нарын орта мектебі), «Қыран» (Х.Наубетов атындағы орта мектебі), «Сұңқар» (Ж.Мырзағалиев орта мектебі), «Болашақ» (Новобогат орта мектебі), «Бағдаршам» (Ғ.Мәсәлімов атындағы орта мектебі) командалары қатысты. Бұндай жұмыстар ауданымызда жыл сайын қолға алынып, оң нәтижесін беруде.

Слетке қатысушылар саптық дайындық, үгіт бригадалары,жас санитар, жол ережесінің белгілері, қауіпсіздік дөңгелегі, эрудит, жас реттеуші кезеңдері бойынша сынға түсті.

Аталмыш шарада аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева жас инспекторларға сәттілік тіледі.

Байқауға аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева, аудандық орталық аурухананың төтенше жағдайларға жауапты дәрігері Жұмабек Қабделов, медбике Алмара Хайрова,аудандық білім бөлімінің әдіскері Гүлмира Ещанова, аудандық білім бөлімінің Оқушылар үйінің директоры Ақтолқын Ғизатова және орынбасары Айнұр Ғабитова, аудан бойынша патрульдік полиция бөлімінің қызмет инспекторы Алтынбек Ғабдиманов, аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Рима Қарағойшиева қазылық етті.

Алғашқы сайыс «Саптық дайындық» бағытында өтіп, оқушылар жіптіктей болып сап түзеді. Келесі кезекте байқаудың 6 аталымы бір мезгілде параллель өтті.

Әр кезеңнен сүрінбей өткен байқау нәтижесінде «Сергек», «Бағдаршам», «Болашақ» 3-орынды еншілесе, «Сарбаздар», «Ұландар» 2 -орынды місе тұтып, жүлделі 1-орынды «Қырандар» командасы иеленді. Топ жарып, үздік болып танылған Х.Нәубетов атындағы орта мектебі облыстық байқауға жолдама алды. Шара соңында слетке қатысушылар түрлі аталымдар бойынша марапатталды.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT