Жол құрылысы бастау алды

суреттер автордікі

 

Ауыл-ауылдардағы инфрақұрылым жайын сөз еткенде алдымен ойға оралатыны – жол мәселесі. Себебі сапалы жол – тіршілік тамыры, ауыл өмірінің қарқынын айқындайтын негізгі көрсеткіштердің бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар жыл сайын жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Жуырда аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегеновтің төрағалығымен өткен жиында осы тақырып кеңінен талқыланды.

Күн тәртібінде Аққыстау ауылішілік жолдарының құрылысы сөз болды. Басқосуға коммуналдық сала қызметінің мекеме қызметкерлері және де мердігер мекеме – «Актив А» компаниясының өкілдері қатысып, карта арқылы Ынтымақ, Сейфуллин (1 және 2 бөлігі), Елорда көшелеріндегі атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады.

Ауылішілік жол құрылысы осы жылы басталған болатын. Жобаның жалпы ұзындығы 12 шақырымды құрайды. Бұл туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрбол Жампейсов атап өтті.

– Құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сай жүргізілуде. Қазіргі уақытта жол төсемесін нығайту және асфальт жабындысын салу бағытында жұмыстар жалғасып жатыр,-деді бөлім басшысы.

 

 

Сол күні жиын барысында «Атырау облысы Су Арнасы» КМК Исатай ауданы бойынша бөлім бастығы Райымбек Амиров та өз ұсынысын ортаға салды.

– Әр жол салу ісі басталар алдында жер астындағы су құбырларын ескерген жөн. Әсіресе, Сейфуллин көшесі бойында су жүйесі өтетіндіктен, құрылысқа кіріспес бұрын біздің сала мамандарымен ақылдасып алған дұрыс,-деген ол өз ойын ашық айтты.

Ал Аққыстау ауылдық округінің әкімі Ерболат Махашов жиын барысында халықтың жиі сұранысымен  Елорда көшесі, нақтырақ айтқанда, аурухана артындағы көше бойына да жол салу қажеттігін тілге тиек етті.

Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов мердігер мекемеге сапа мен мерзім талабын сақтау, инженерлік жүйелер жұмыстарын нақты үйлестіру бағытында тапсырмалар берді.

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Республика күні

AQPARATPRINT