Бала кезімізде, кейін де үлкендердің біреулерге ренжіп, «жол-жоралғы дегенен түк хабары жоқ жетесіз» деп сөгіп отыратынын талай естігеніміз бар. Сол үлкендердің «жолынан шыға білді» деп қуанып отыратындарын да көп көрдік. Есейе келе аңдағанымыз - оның мәнін бәрімізге біле жүру керек екені.
Жоралғы қазақ халқының ұлттық әдет-ғұрпындағы кәделердің бір түрі саналады. Қазақтың әдет-ғұрпында жол-жоралғы деген ұғым бар. Бұл әр адамның еңбегіне, ата-тегіне, туыстық қатынастарына сай жасалатын алыс-беріс, сый-сияпат ретіндегі тарту-таралғы делінеді. Мысалы, алғаш рет келген құрметті қонаққа, мәселен әншіге, күйшіге, ақынға, ел ағаларына, құда-құдағиға көрсетілетін жол бар. Әрине, олардың қасындағылар да елеусіз қалмаған. Мұндай тарту-таралғыға бұрындары ат-шапан, кісе белбеу, ер тұрман, қару-жарақ, қалы кілем, құндыз бөрік, домбыра, күміс қамшы жүрген екен. Қазір де жағалы киім, жақсы кітап, әдемі бұйым жолдап жатқандарды әр-әр жерден аңдап қаламыз.
Жол жөн-жосық, кезек беру арқылы да көрсетіліп келген, мысалы, бата беру, бас ұстау, жоғары отыру деген сияқты. Жас ақын аға ақынға, жас палуан бас палуанға, жігіт қызға жолын берген. Жастар қарияларға жол береді. Ерсі, әдепке жатпайтын жайларды қазақ «жолсыз іс» дейді. Ел ішінде күн сайын кездесетін жол алу, жолын беру, жоралғы жасау, жөн-жосық, міне, бәрі де алдымен осы жолдан басталады. «Орамал тон болмаса да, жол болады» дегенде бұрынғылар «үлкен-кіші болса да, сыйлай біл, арзан-қымбат болса да жолы мен жөнін көрсете жүр» деп ескертіп кеткені анық. «Е, Құдайым, тіземнен сүріндірсең де, тілімнен сүріндірме, аттан құласам да, жолымнан құлатпа!» деп тілеген аталарымыз жолдан жығылуды ар санаған.
Жоралғыны еліміздің кей аймағында жол деп атайды. Бұл – әртүрлі басқосуларда сыйлы, қимас адамға берілетін кәде сый. Мәселен, қыздың жасауын, той-томалағын жасауға ағайын-туыс, көрші-көлем қазір де қол ұшын беріп, жоралғысын жасайды, «той тойға ұлассын» деген тілектерін жолдайды. Өз кезегінде жарыста топ жарып шыққан азамат жеңіп алған сый-сияпатын үлкен адамның жолы деп беріп, сол жердегі халықтың, ақсақалдар мен ақ жаулықты аналардың батасын алатын болған. Сондай кезде, яғни жоралғы алу кезінде дұрыс ниет ету, жөнді бата беру де маңызды. Бата – тек ұйқас сөздерді тізіп қою емес, жолынан шыққан жақсының мерейін үстем ету, құдайдан жақсылық тілеу, халықты бірлік пен сыйластыққа шақыру жолы. Жоралғыны кез келген адамға беріп, кез келген адамнан бата сұрамайды. Батаны аузының дуасы, сөзінің мәні, өзінің сыйы бар адам ғана бере алады.
Қорыта айтқанда, жол-жоралғы – әр адамның азаматтығын, елдің елдік қасиетін танытар ұлағатты ғұрып. Жолдан шыға білу - биік адамгершіліктің, ұлттық парасатымыздың берік тұғыры. Заман қалай құбылса да, ұлтымыздың осы бір дәстүрі сәні мен мәнін жолғалтпай бүгінге дейін жеткен. Оны ертеңге жалғастыру еншімізде екені естен шықпаса игі.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР