Жолаушы пойызы жолға шықты

Жолаушы пойызы жолға шықты Тамыздың 17 күні «Атырау-Дина Нұрпейісова» бағытында қатынайтын жолаушылар пойызы алғашқы сапарын бастады.

Аққыстау вокзалына 12.30-да келіп тоқтаған №631 жолаушылар пойызын ауылдық округ әкімі Ғ.Боранбаев, теміржол саласының ардагерлері, басқа да ауыл тұрғындары қуанышпен күтіп алды.

d

Пойыздың әуелден қауіпсіз көлік ретінде санамызға сіңіп қалғаны жасырын емес. Атырау-Астрахан бағытындағы күрежолда жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты жолаушылар пойызына қажеттілік туындағаны белгілі. Ал, күрежолды күрделі жөндеу жұмыстары 2022 жылы аяқталады деп жоспарланған, оған дейін Құрманғазы, Исатай аудандарының тұрғындарына облыс орталығына қатынау үшін айналма жолдың азабын тарту да оңай болмайтыны анық. Сондықтан жолаушылар пойызының шығуын асыға күткен едік. Ақыры халықтың ұсынысы оң шешімін тауып, жолаушыларға сәт-сапар тілейтін күннің де куәсі болдық.

_dsc0398

Жолаушылар пойызының алғашқы рейсіне билет алған аққыстаулық Марат Сабиров:

- Еңбек демалысына шығып, Құрманғазыға қыдырып бара жатырмын, өзім теміржолда жұмыс істеймін. Осы салада жұмыс жасағаннан кейін жолда көп жүреміз. Маған автокөліктен гөрі пойыз қолайлы, билет бағасы да қымбат емес,-деп жаңа бастамаға ризашылығын білдіріп, сәттілік тіледі.

_

Бізбен жолыққан «Otpan Logistic» ЖШС-нің Маңғыстау учаскесі бойынша бастығының орынбасары Базарбай Жолдасов: 

- Бүгіннен бастап «Атырау-Дина Нүрпейісова» бағытында қатынайтын жолаушылар пойызы алғашқы сапарын бастады. Біз жолаушылар тасымалының тендеріне қатысып, тасымалдаушы болып анықталдық. Қазіргі таңда жолаушыларды тасуға толықтай дайынбыз. Әзірге үш вагонмен қызмет көрсетіледі, алдағы уақытта халықтан сұраныс болып жатса, тағы да вагондар санын көбейтуге мүмкіндік бар,-деді.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде тұрғындар жолаушылар пойызының жүру уақытына көңілдері толмайтынын жеткізген еді. Көпшіліктің қалауы бойынша, қалаға таңертең барып, кешке қайта оралған тиімді. Осыған орай Базарбай Жолдасовтан пойыздың жүру уақытын өзгерту жөнінде сұрағанымызда, оны да халықтың ұсынысы бойынша өзгертуге болатынын айтты.

Айта кетейік, пойыз күн сайын Атырау қаласынан жергілікті уақытпен 11.00-де, Дина Нұрпейісова бекетінен 18.42-де шығады.

Нұрболат НҰҒМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521