Жолаушылардың жағдайын ойлап...

 

Ауданда қоғамдық көлік қозғалысының қолға алынуы тұрғындар көптен күткен игіліктің бірі екені белгілі. Бүгінде ауылдық округтерге және аудан орталығы Аққыстау ауылында қатынайтын 3 бағыт бойынша тұрақты маршруттар жүйелі жұмыс істеп келеді. Дегенмен, жолаушылар тарапынан айтылып жүрген басты өтініш – жаздың аптап ыстығында сая, қыстың ызғарлы күнінде ық болатын жайлы аялдамалардың орнатылуы болатын.

Осы маңызды мәселені шешу үшін аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі арнайы жұмыс жүргізіп, 10 жаңа аялдаманы сатып алып, қазір оларды аудан орталығына орнату үстінде. Бөлім басшысы Нұрбол Жампейсов аталмыш жаңа аялдамаларға қатысты пікірін білдірді.

– Қазіргі таңда 10 аялдама сатып алынып, кезең-кезеңімен қондырылуда. Кейбір көшелердің жиектері тар болғандықтан, ең бірінші жиектерін кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдымен аудан орталығын толық қамтып алсақ, келесі жылы ауылдық округтерге де осындай заманауи аялдамалар орнату жоспарлануда,-деді бөлім басшысы.

Ауыл тұрғыны Қәлима Сәрсенғалиева да жаңа аялдамалардың орнатылуын қуанышпен қарсы алғандардың бірі. Оның айтуынша, мұндай қолайлы нысандар әсіресе жәрмеңкеге жиі баратын тұрғындарға үлкен жеңілдік.

– Біз секілді үлкен кісілерге бұл аялдаманың пайдасы көп. Жәрмеңкеге барғанда қолымыз толы болады, бұрын күн ыстықта көлеңке, күн суықта ық таппай қиналатынбыз. Енді күтіп тұрған жеріміз таза, ық бар, күннен қорғайды. Автобусқа міну де әлдеқайда ыңғайлы болды. Тек бір ұсынысым орындығы кішкентайлау, ыңғайсыздық туғызады. Алдағы уақытта орталықта көп халық шоғырланатын аялдамаларды кеңейтіп қойса халыққа тіпті жақсы болар еді. Жалпы, осындай жағдай жасалып жатқанына риза болып отырмыз, – дейді ауыл тұрғыны. 

Жаңа аялдамалардың қойылуы – аудан инфрақұрылымын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың күнделікті тіршілігіне қолайлылық әкелетін маңызды қадам. Бұл болашақта жолаушылар тасымалы мәдениетін одан әрі дамытатын, аудан келбетін көркейтетін игі бастамалардың басы ғана деп білеміз.

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT