Өткен жылдың жазының ыстық күндерінің бірі еді. Қас қылғандай такси тұрағында еш көлік жоқ. Тағы бір-екі жолаушы келіп, күн астында біраз тұрып қалдық. Жолаушы жолда қалған ба? Бір мезгілде бір шетелдік көлік жайымен келіп тоқтады. Рульде отырған - әйел адам.
Жүргізушісіне қарап қапелімде кідірістеп қалған бізге көлігінің терезесін сәл түсіре дауыстаған ол «Тұщықұдыққа ма?» дегесін жапырлай отыра кеттік. Күнсіп қалған біз қоңыр салқын көлік ішінде «уһ» десіп, жанымыз жай тапқандай болған. Жолдан көзін айырмай отырған жүргізуші келіншек болса бәріміздің де баратын жерімізді сұрап біліп, жеткізіп салды.
Кейін де жолым түсіп сол таксимен бір-екі рет барар жеріме жетіп қалуға тура келді. Соның бірінде жөн сұрасып, әңгімеге тартқаным бар-ды.
Аты-жөні Елеушева Айшагүл Қайыржанқызы екен, Аққыстаудың тұрғыны. 2018 жылы жүргізушілікке оқып, куәлік иеленіпті. Астындағы «Равон Р3» маркалы жеңіл көлігін 2019 жылы алған екен, содан бері кідіріссіз жүргізіп жүрген көрінеді. «Бала кезімнен көлік жүргізуге қызығушылығым басым болды. Сондықтан болар, мына шетелдің машинасына да тез үйренісіп кеттім» дейді Айшагүл.
Айтуынша, жүргізушілікке оқуына, жаңа көлігімен такси болуына ұлы ықпал етіпті. Анасы өмірден озғаннан кейін үйде баласы екеуі қалған Айшагүл екеуара ақыл қоса отырып осындай байламға келеді. Баласы болса, ол кезде ауысымдық жұмыста, айдың жартысында үйде, жартысында түзде дегендей.
-Шындығы керек, үйде бір өзім болған кездерде көңілім құлазитын. Қазір несиесіз адам бар ма? Таксиге шыққанымда банкке қарызымды өтеуді, бір жағынан уақыт өткізуді ойлағам басында. Сөйтіп, 2020 жылдан бастап такси қызметіне ден қоя бастадым. Әуелгіде әйел басыммен таксиші болғаным өзіме де ыңғайсыз көрінді. Бірақ, адамдар жылы қабылдады, содан тез үйреніп кеттім. Өзім «Атырау су арнасында» еңбек етем. Жалақымыз аз болғасын, бір жағынан қосымша табыс болсын деп те осы қызметтен қол үзбей, кәсіп қылып алдым, әрине бос уақытымда,-дейді ол.
Мынау мерекелі сәтте отбасының ұйытқысы болумен бірге ерінбес еңбекқор саналатын қазақ әйелдері туралы бірауыз пікір қосуды ескеріп, қолға қалам алғанда ойыма осы Айшагүл оралған. Телефон шалып, мерекесімен құттықтап, әлі сол жолаушы тасымалында жүргенін білдім. Бүгінгі еңбекқор қазақ әйелінің бір бейнесін осылайша сомдап жүрген, жолаушыны жолда қалдырмаған оған лайым жақсылықтар тіледім.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР