Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын 8 қыркүйек күні жариялады.Халық та, қоғам да асыға күтетін, зор үміт артатын маңызды құжат.
Жолдау – қоғам сұранысына, елдегі түйткілді мәселелерді шешуге арналған. Ол Қазақстанның дамуына тың серпін беретін, экономикалық өрлеуіне жол ашатын тың ойлармен, жаңа бастамалармен ерекшеленеді.Бұл жолы да Президент мемлекетіміздің алдағы дамуының бағыт-бағдарын айқындап берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Үкімет жасанды интеллект технологиясын қолданып, медициналық қызметтердің сапасына және көлеміне мониторинг жүргізетін жаңа жүйе қалыптастыруға тиіс»
«Елімізде медицина нысандары біртіндеп жаңғыртылуда. Ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункттерден бастап мамандандырылған ауруханаларға дейін жаңартылып жатыр.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 540 нысан салынды, осы жылдың соңына дейін тағы 115 нысан пайдалануға берілмек. Ал қалалы жерлерде денсаулық сақтау саласына қатысты бірқатар ірі нысан іске қосылды. Мысалы, Астанада онкология орталығы, Алматыда Жұқпалы аурулардың ғылыми орталығы ашылды.
Осы ретте бұған дейін түрлі аймақта бой көтерген көпбейінді ауруханаларды бюрократиялық шырғалаңға салмай, пайдалануға беру қажет. Сондай-ақ мұндай жаңа нысандар салуды жалғастыра берген жөн. Бұл жұмысқа мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмдері аясында жеке инвестицияны да тарту керек. Сонда азаматтар Астанаға көше бермейді.
Басқа да бағыттар бойынша жұмыстарды жандандыру керек. Соның ішінде фармацевтика өнеркәсібін дамытуға баса мән берген жөн. Өзімізде жасалатын дәрі-дәрмектің түрі мен санын көбейту – стратегиялық міндет. Бұған, әсіресе, пандемия кезінде әбден көзіміз жетті.
Денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығына және медициналық қызметтерге мониторинг жүргізу ісінің тиімділігіне қатысты мәселелер бар.
Үкімет жасанды интеллект технологиясын қолданып, медициналық қызметтердің сапасына және көлеміне мониторинг жүргізетін жаңа жүйе қалыптастыруға тиіс.
Елімізде дәрігердің мәртебесін көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін нақты шаралар қабылданып жатыр. Бұл жұмыс өз жалғасын табады» деді.
Жолдауда айтылған әр сөздің, әр сөйлемнің артында халықтың тағдыры, елдің болашағы тұр. Сондықтан бүгінгі Жолдау ұлтымызды ұйыстырып, елімізді біріктіреді.
Жолдау – Әділетті, Бақуатты, Қауіпсіз және Таза Қазақстан құру жолында жасалған ірі әрі маңызды қадам. Сондықтан жұртшылықтың оған зор үміт артып отырғаны анық.
Нұргүл КАБУЛОВА
Исатай аудандық аурухана басшысының міндетін атқарушы