Жолдау – нақты істер бағдарламасы

Өткен аптада Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын талқылауға арналған актив жиыны өтті.

Жиында биылғы Жолдауда айтылған елдің дамуы үшін атқарылуы тиіс басым бағыттар мен бастамалар талқыланды. Соңғы уақытта Президент Жолдауы қазақстандықтардың өмірін жақсартуға арналған нақты істерді атқаратын бағдарламаға айналғаны баршамызға белгілі. Ауданымыз үшін де Жолдау жүктейтін міндеттер аз емес. Бұған актив жиынындағы аудан әкімі Полымбет Хасановтың баяндамасында айтылған деректер толық негіз бола алады.

_

 

Жаңа жоба

Жиында сөз алған аудан әкімі Полымбет Хасанов Жолдауда айтылған бағыттардан туындайтын ауқымды міндеттерді жүзеге асыру еліміздің дамуына тың серпін беретініне тоқталып, «Пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму» бағыты бойынша ауданымызда Кәсіпкерлікті қолдау картасы шеңберінде өңдеу өнеркәсібі саласында 2021-2022 жылдары іске асыруға 2 жоба – мұнай және мұнай қалдықтарын (нефтешламов) өңдейтін зауыт құрылысы, қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және теміржол тұйығын салу жоспарланғанын жеткізді. Мемлекет басшысының кәсіпкерлік субъектілерін төмен пайызды несиемен қамтамасыз ету бағдарламасын 2022 жылға дейін ұзартқанын, бұл – біз үшін үлкен қолдау екенін атап өтті.

Сондай-ақ «Ауылдық жердегі шағын және орта бизнесті несиелендіру», «Бизнестің жол картасы 2025», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту», «Агробизнес», «Еңбек» бағдарламалары шеңберінде кәсіпкерлерге көрсетілген қолдаулар жөнінде деректер келтірді.

_

 

Игерілмеген жерлер қайтарылады

Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарларды бекіту бойынша да ауданда атқарылған жұмыстарға тоқталған Полымбет Хасанов:

-Қазақстан Республикасының «Жайылымдар туралы» Заңына сәйкес ауылдық аймақтар бөлінісінде 2021-2022 жылдарға арналған Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарларын бекіту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда аудан бойынша жоспар толықтай аяқталды. Биылдан бастап пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қашықтықтан зондтау, яғни космомониторинг жүйесі арқылы анықтау жұмыстары басталды. Тиісті порталмен жұмыс жасау жүйелі түрде атқарылуда. Анықталған учаскелер бойынша жер иелеріне электронды түрде нұсқамалар жолдануда. Бұл жұмыстар өз жалғасын табатын болады.

Президент тоқталған тағы бір мәселе суару суландыру жүйелеріне қатысты. Суландыру каналдарының тозуы – аудан ауыл шаруашылығындағы түйінді мәселелердің бірі. Бұл бағытта «Казсушар» мекемесінің меншігіндегі Нарын каналын жөндеу үшін, аталған мекемеге ұсыныс беріліп, қазіргі уақытта ЖСҚ жасақтау үшін демеушілік көздері қарастырылуда. Бұдан басқа ауданның коммуналдық меншігіндегі «Қызылүй» каналына жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, аудан көлемінде орналасқан 4 канал бойынша жобалық-сметалық құжаттамалары дайын (Ақай, Марташи, Жасқайрат, Есіркеп). Бұл каналдар қазіргі уақытта «Казсушар» РМК меншігіне берілуде, күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы сол мекемеден бөлінетін болады, - деді.

_

 

Демографияда өсім бар

Жолдаудағы «Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру» бағыты бойынша аудандағы медицина саласына қатысты мәлімет берген аудан әкімі: -Бүгінгі күні медицина саласының басты жұмыстарының бірі ел болып күресіп жатқан COVID-19 инфекциясы екені белгілі, аудан бойынша індет басталғалы 1094 адам инфекцияны жұқтырып, оның 985 сауығып шықты. Аурудың алдын алу және оны болдырмау мақсатында вакциналау жұмыстары жүргізілуде, өңірге барлығы – 7140 доза вакцина әкелінді. Аудан бойынша вакциналауға жататын тұрғындардың саны – 11 000 адам. Күні бүгінге оның 50 пайызы екпе алды. Бұл жұмыстар өз жалғасын табады,-деді.
Сонымен қатар, аудан әкімінің айтуынша, ауданда демографиялық көрсеткіште өсім бар, 2021 жылдың 7 айында 345 сәби, ал өткен жылдың сәйкес кезеңінде 296 сәби дүниеге келген. Жалпы өлім көрсеткіші 32,3, 1 жасқа дейінгі сәби өлімі көрсеткіші 9,9, тұрғындардың туберкулезбен алғашқы аурушылық көрсеткіші 56,7 пайызға төмендеген.

Мемлекет басшысы 2022 жылдың 1-қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін көтерілетінін айтқан болатын. Аудан әкімінің айтуынша, ауданымызда бұл игі бастама 2 мыңға жуық адамды тікелей қамтиды.

2022 жылдан 2025 жылға дейін бюджеттен қаржыландырылатын азаматтық қызметкерлер жалақысы жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өседі. Ауданымызда осы санаттағы 300-ден астам адамның жалақысы көтеріледі.

_

 

Білім саласы – басты назарда

Президент өз жолдауында орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы екенін, егер осылай жалғаса берсе, 2025 жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионнан асатынын айтып, 2025 жылға дейін 1 мың мектеп салуды міндеттеген еді. Баяндамадағы білім саласына қатысты мәліметтер бойынша, бүгінгі күні ауданымызда 320 орындық білім беру нысанының құрылысы(Қаратүбекте), Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектепке 350 орынға арналған жапсаржай құрылысы жүріп жатыр. Ю.Гагарин атындағы орта мектепке толықтай күрделі жөндеу жұмыстары басталды.

Одан бөлек, ауданымызда 1 бастауыш мектептің, бір саз мектебі, бір өнер мектебі, 2 балабақша құрылысының жобалық-сметалық құжаттамалары дайын. Қаражаттың мүмкіндігіне қарай құрылыс жұмыстары жүргізілмек.
Мемлекет басшысы тұрғындардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалуы қажет екенін атап өтіп, спорт инфрақұрылымын біртіндеп салуды қамтамасыз етуге тапсырма берді.

Бұл бағытта да жоспарлы жұмыстар бар. Атап айтсақ, биыл Қаратүбектен кіші аяқ доп алаңы пайдалануға берілсе, дәл сондай алаңды Өркен елді мекенінен салу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып тұр. Жанбай ауылында құрылысы аяқтала келген дене шынықтыру-сауықтыру кешенін пайдалануға беру жоспарлануда. Сонымен қатар, 2 денешынықтыру және сауықтыру кешенінің жобалық-сметалық құжаттамасы дайын.

Актив жиынын қортытындылаған аудан әкімі Полымбет Хасанов Жолдауда айтылған басым бағыттарды басшылыққа алып, жүйелі түрде іске асыру – бұл жергілікті биліктің басты ұстанымы, ең үлкен міндеті екенін айтып, алайда ауданның дамуы үшін, тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасау үшін, бірлесіп еңбек етуге үндеді.

Нұрболат НҰҒМАН.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521