Жолдау жүктеген міндеттер ауқымды

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы - бүгінгі күні ел өміріндегі басты жаңалық болып отыр.

Бұл – Қазақстан халқының тұрмысын одан әрі жақсартудың таяу арадағы даму басымдылықтарын айқындайтын, болашаққа бағдар беретін айрықша маңыздағы құжат болмақ. Мемлекетіміздің 2050 жылға дейін даму стратегиясы, 100 нақты қадам Ұлт жоспары, Конституциялық реформалар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – бізді осы ұлы мұратқа жетелейтін жол. Осы бағытта ұлан-ғайыр жұмыстар атқарылып, ауқымды мемлекеттік жобалар іске асырылып жатыр. Президентіміздің биылғы Жолдауы еліміздің, қоғамымыздың дамуына тың серпін беріп, жаңа кезеңін бастайды. Елбасы бұл құжатта әлемнің дамыған елдерінің қатарына қосылу үшін Қазақ елі атқаруға тиісті 10 міндетті нақтылап берді. Сол міндеттерге сәйкес ауданымызда атқарылған және алдағы уақытта орындалатын жұмыстарға талдау жасалған болатын.

І. ХАЛЫҚ ТАБЫСЫНЫҢ ӨСУІ

Бірінші. Елбасы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын жалғастырып, 2015 жылға дейін іске асыруды тапсырды. Бұл бағытта ауданда кәсіпкерлікті дамыту бойынша 66 адам «Бастау-Бизнес» жобасы негізінде оқытылып, жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы есебінен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 54,3 миллион теңгеге 18 жоба қаржыландырылды (наубайхана ашу, жарнама жасау агенттігін ашу, жылқы сүтін өңдеу, кондитерлік цех ашу, тұрмыстық қызмет көрсету және т.б.). Бұған қоса 1 кәсіпкер 1,5 миллион теңге грант ұтып алып, жиhаз жасау цехына құрал-жабдықтар алуда.

Екінші. Елбасы экономикада бәсекелестікті дамыту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен табиғи монополиялардың қызметі үшін белгіленетін тарифтер саласында тәртіп орнату мақсатымен батыл шаралар қабылдау керектігін атап өтті. Бұл бағыт бойынша айтар болсақ, аудан бойынша коммуналдық қызмет тарифтері 2018 жыл жағдайына өсу деңгейі болған жоқ.

Үшінші. Бизнесті заңсыз әкімшілік қысымнан және қылмыстық қудалау қаупінен қорғауды арттыра түсу керек. Бизнес өз жұмысын жаңадан бастау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салықтың негізгі сомасы төленген жағдайда, өсім мен айыппұлды алып тастай отырып, шағын және орта бизнес үшін «салық амнистиясын» жүргізуге кірісуді тапсырды. Ауданда үстіміздегі І жартыжылдығында 2036 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, оларда 2533 адам жұмыс жасайды. Бюджетке 6 айда 119,5 миллион теңге салық мен алым түсті. Біз осы кәсіпкерлік субъектілерінің жұмыс жасауларына қолдау көрсете отырып, жағдай жасауымыз қажет.

Төртінші. Экспортқа бағытталған индустрияландыру мәселесі экономикалық саясаттың негізгі элементі болуға тиіс.

Бесінші. Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керек. Ауылшаруашылығында 3,2 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 100,8 пайызды құрады. Төрт түліктен де мал басы өсімі қамтамасыз етілді. Биыл асыл тұқымды мал басын өсіру бағытында жұмыс жасап жатқан 37 шаруашылыққа 52 миллион теңге субсидия берілді. Шаруагерлерді сумен қамту мақсатында жергілікті бюджеттен 50 миллион теңге қаражат бөлініп, каналдар сумен толықтырылуда.

Алтыншы. Инновациялық және сервистік секторларды дамытуға ерекше көңіл бөлген жөн. Баламалы электр энергиясын өндіру жобасы бойынша «ВетроЭнергоТехнология» мекемесі Манаш учаскесінен жалпы құны 12,3 миллиард теңгені құрайтын стансы құрылысын бастады. Бүгінгі таңда 30 дана жел қондырғысы орнатылып, қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде. 2018 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарлануда. Жетінші. Нақты экономиканы өркендету үшін қаржы секторының рөлін күшейтіп, ұзақ мерзімді макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету қажет. Аталған шаралардың тиімді жүзеге асырылуы жалақының өсуі мен жаңа жұмыс орындарының ашылуы есебінен қазақстандықтардың табысын арттырады.

II. ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУ

Әл-ауқатымыздың екінші бір сипаты – өмір сүру деңгейінің артуы. Білім берудің, денсаулық сақтау саласының, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі, жайлы және қауіпсіз жағдайда өмір сүру мәселелері әрбір қазақстандық отбасына қатысты.

Бірінші. 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу қажет. Ауданның білім беру саласына бөлінген қаражат көлемі жыл сайын артып келеді (2017 жылы - 2,3 миллиард теңге, 2018 жылы – 2,8 миллиард теңге). Бұл өз кезегінде білім сапасының артуына жұмсалуы қажет.

Екінші. Мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту керек. Ауданда 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі ұйыммен қамту көрсеткіші 95,1 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 7,4 пайызға өсіп отыр. Аққыстаудың Өркен елді мекенінде 290 орындық, Зинеден ауылында 100 орындық балабақша құрылыстары жүруде. Бұған қоса Исатай ауылында 100 орындық, Нарын, Томан ауылдарында 80 орындық балабақша құрылыстарына жобалау-сметалық құжаттары жасақталуда.

Үшінші. Орта білім беру жүйесінде негізгі тәсілдер белгіленген, қазіргі кезеңде солардың орындалуына баса назар аударған жөн. Балалар қауіпсіздігінің маңыздылығын ескеріп, бүкіл мектептер мен балабақшаларды бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз ету, мектеп психологтарының жұмысын күшейту және басқа да дәйекті шараларды қабылдау қажет. Аудандағы мектептерде 2,3,5,6,7,8 сыныптар Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі негізінде жаңартылған білім беру бағдарламасымен білім алуда. Бұл бағытта 419 мұғалім біліктілігін арттырды. Ауданда үш ауысымды және апаттық жағдайдағы мектеп жоқ. Аққыстауда 100 орындық жатақханасымен 320 орындық кәсіптік лицей, Қызыл үй елді мекенінде 80 орындық жаңа мектеп ғимараты салынуда. Сондай-ақ тұрғындардың демографиялық өсімін ескере отырып, Аққыстау ауылындағы Өркен орта мектебіне 100 орындық, Тұщықұдықта Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектепте 350 орындық, Чапаев бастауыш мектебіне 120 орындық жапсаржай құрылыстарына жобалау-сметалық құжаттамалары жасақталуда.

Төртінші. Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданады. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс. Аудандағы педагог қауымдастығын аталған заң жобасын дайындауға белсенді қатысып, өз ұсыныстарын жолдауға шақырамын.

Бесінші. Жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талаптар күшейтіледі. Биыл жергілікті кадр тапшылығын шешу мақсатында облыс бюджетінен білім, денсаулық, ауылшаруашылығы саласы мамандарын жоғары біліммен оқытуға бөлінген гранттың 10-ын және мемлекеттік гранттың 32-сін аудан түлектері иеленді.

Алтыншы. Медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті болып саналады. Медицина ұйымдарын материалдық-техникалық жабдықтау, бастапқы санитарлық-медициналық көмекті модернизациялау, медициналық ұйымдарды заманауи басқару менеджементін енгізу жұмыстары жүргізілуде. Нарын ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы салынуда. Ауданның денсаулық сақтау мекемелеріне басқа облыстардан 8 жоғары білімді дәрігер мамандар шақыртумен келіп, Исатай, Жанбай, Аққыстау, Қамысқала ауылдарында жұмыс жасауда. Жетінші. Өңірлік деңгейдегі резервтерді тауып, бұқаралық спорт пен денешынықтырудың қолжетімділігін арттыру қажет. Жуырда Өркен ауылында 160 орындық денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына Траст» корпоративтік қорының демеушілігімен Аққыстау ауылында шағын спорт алаңы салынуда. Бұған қоса, Исатай, Жанбай, Тұщықұдық, Х.Ерғалиев ауылдарында денешынықтыру-сауықтыру кешенін салуға жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталуда. Жыл басынан бері ауданда салауатты өмір салтын насихаттау және салалық спартакиадалар бойынша 27 рет бұқаралық спорттық шаралар өткізіліп, оған 2425 адам қатынасты. Сегізінші. Ұлт саулығы – мемлекеттің басты басымдығы. Бұл – қазақстандықтар сапалы азық-түлікті пайдалануға тиіс деген сөз. Халыққа сапалы әлеуметтік қызмет көрсету ісі тұрғын үй жағдайын жақсарту, еліміздегі кез келген елді мекенде жайлы әрі қауіпсіз өмір сүру сипатындағы мол мүмкіндіктермен үйлесімді түрде толыға түсуге тиіс.

III. ӨМІР СҮРУГЕ ЖАЙЛЫ ОРТА ҚАЛЫПТАСТЫРУ

Бірінші. Сапалы әрі қолжетімді тұрғын үй. Тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың мәселелері біртіндеп шешілуде. Биыл 8 айда аудан бойынша 13,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Осыған дейін Аққыстауда 60 пәтерлік екі тұрғын үйдің пайдалануға берілген болатын. Қазіргі уақытта осындай 60 пәтерлік 3 тұрғын үй салуға жобалау-сметалық құжаттама байламы мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Келесі жылы бұл құрылыстар кезеңімен жүргізілетін болады.

Екінші. Еліміздің аумақтық дамуына жаңа тәсілдер енгізуді қамтамасыз ету қажет. Ауданның тұрақты дамуына бағдар жасалып, ауылдарды дамыту бағытында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдармен қамту жобаларын кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл бағытта 60-тан астам жобаның сметалық құжаттамалары жобалануда.

Үшінші. Құқық қорғау органдарының жұмысына терең және сапалы өзгерістер қажет.

IV. АЗАМАТТАР СҰРАНЫСЫНА БЕЙІМДЕЛГЕН МЕМЛЕКЕТТІК АППАРАТ

Бірінші. Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін түбегейлі арттыру.

Екінші. Осы күрделі кезеңде бөлінетін әрбір теңгенің қайтарымының мол болуына қол жеткізу керек.

Үшінші. Сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жалғасатын болады. Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асырылуына сыртқы талдау және бағалау жөніндегі Исатай ауданы бойынша арнайы мониторингтік топ құрылды. Сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлау үшін аудан әкімі аппараты, ауылдық округтер әкімі аппараттары мен аудандық бөлімдерде «Сенім телефондары» жұмыс жасайды. Жеке және заңды тұлғалардың ұсыныстары мен өтініштеріне арналған жәшіктер орнатылған. Атырау облысы әкімдігінің ресми интернет ресурсында Исатай ауданы әкімдігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл арнайы тарауы жұмыс жасайды.

Төртінші. Үкімет пен барлық мемлекеттік органдардың жұмысында формализм мен бюрократияны азайту қажет. Бесінші. Қойылған міндеттерді тиімді жүзеге асыру үшін реформалардың жүргізілуіне бақылау механизмдерін күшейту қажет.

V. ТИІМДІ СЫРТҚЫ САЯСАТ VІ. ӘРБІР ҚАЗАҚСТАНДЫҚТЫҢ ЕЛІМІЗДЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР ҮДЕРІСТЕРІНЕ АТСАЛЫСУЫ

Әрбір қазақстандық жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін және олардың Отанымызды өркендету жолындағы маңызын жете түсінуге тиіс. Реформаларды табысты жүзеге асыру үшін қоғамымыздың ортақ мақсатқа жұмылуы аса маңызды. Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында аудан бойынша атқарылатын іс-шаралар бағдарламасы жасақталды. Арғы-бергі тарихы мен тұлғаларды түгендеп, насихаттау мақсатында ауданның құрылуының 75 және 80 жылдығына «Исатай ауданының шежіресі» атты екі кітап шығарылса, міне, 90 жылдыққа орай қайта толықтырылып, жаңа кітап дайындалды. Қобда жерінде мәңгілікке тыным тапқан Исатай Тайманұлының кесенесі тұрғызылды. Зиялы қауым мен аудан жұртшылығының ұсыныс-пікірлері ескеріліп, Исатай батырдың ескерткішіне үздік жобаға республикалық конкурс өткізілді. Қазіргі уақытта жеңімпаз мүсінші анықталып, жобаны іріктеу жұмыстары жүргізілуде. Алға қарай Аққыстау ауылының орталық көшесіне биіктігі 12 метр болатын ат үстіндегі батыр ескерткіші тұрғызылады деп күтілуде. Біз Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының аудандарымен ынтымақтастық байланыс орнаттық. Әртүрлі өнер фестивальдері, ақындар айтысы, ат бәйгесі ұйымдастырылуда. Ел есіндегі тұлғалар насихатталатын болады. Президент бұл бағытта жаңа міндеттер жүктеп отыр, соның бірі ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғырту, «Ауыл – ел бесігі» жобасының іске қосылуы. Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды Жас-тар жылы деп жариялауды ұсынамын – деп атап өтті Мемлекет басшысы. Бүгінгі күнде ауданда 8 мыңға жуық жас бар. Белсенді жастарды бірлестіретін аудандық жастар ресурстық орталығы жұмыс жасайды. Аудан жастары өңірде іске асып жатқан «Жасыл Ел», «Дипломмен – ауылға!», «2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» сында мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысуда. Жастармен жұмыс жасау олардың шығармашылық, интеллектуалдық, спорттық әлеуетін арттыру, қазақстандық отансүйгіштікті қалыптастыру қағидаларына негізделеді. Жолдаудан туындаған міндеттемелерді ескере отырып, жастар жаңғыру процестерінің авангардында болуы тиіс деп есептеймін. Бұл үшін барлық жағдай жасалған. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жуырда халыққа арнаған Жолдауы бұған дейінгі жолдауларымен сабақтасып жатыр. Биылғы Жолдаудың ерекшелігі – Елбасы халықтың тұрмыс-тіршілігін одан әрі жақсартуға, табыс көзін молайтуға бағытталған бірнеше міндеттерді алға қойып отыр. Бұл енді барлығымыздың туған өлке жолындағы алдағы жұмысымыздың басты бағыттары болады деп сенемін.

Аудан әкімі Марат МУРЗИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521