Жолдау жол сілтеді – ауыл үміттенеді

 

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру қажеттігін айтты. Шынында да, соңғы жылдары мемлекет тарапынан бұрын-соңды болмаған қолдау көрсетілуде. Шаруаларға бір триллион теңгеден астам қаржы бөлініп, несие уақытында беріліп жатыр. Инвестициялық жобалар іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Бұның бәрін ауылдағы еңбек адамы ретінде біз де сезініп отырмыз.

Дегенмен, Президенттің айтқаны дұрыс – мәселе тек қаржыда емес, оның тиімді жұмсалуында. Шаруаларға ең алдымен жүйелі жоспар, нақты бағдар қажет. Бізге өнімді тек шығарып қана қоймай, оны терең өңдеп, нарыққа дайын күйінде жеткізетін толық тізбек керек. Әр аймақтың өз ерекшелігі бар, соған сай жүйе құрылса, еңбегіміздің қайтарымы да мол болар еді.

Қазірдің өзінде заманауи технологияларды қолданып, табысқа жеткен агроқұрылымдарды көріп жүрміз. Олардың тәжірибесін біз сияқты ұсақ шаруаларға да үлгі ету керек. Цифрландыру, жаңа әдіс-тәсілдер – ауылдағы жұмыстың өнімділігін арттыратын басты құрал.

Президент атап өткендей, агрохабтар мен логистика орталықтары да өте қажет. Өнімімізді сататын жерге жеткізе алмай, қолда қалып қоймаса екен дейміз. Шетелдік инвесторлармен серіктестік ашық болуы керек, бірақ ең алдымен өзіміз заманға бейімделуіміз қажет. Жаңа технологиясыз, жасанды интеллектіні пайдаланбай, табысты шаруашылық жүргізу қиын екенін біз де түсініп отырмыз.

Мал шаруашылығына қатысты айтылған тапсырмалар да көңілімізден шықты. Ішкі нарықты етпен толық қамту – әрбір ауылдағы шаруаның мақсаты. Егер мемлекет бұл бағытты қолдап, қаржыландыруды нақтылай түссе, біз тек өз елімізді ғана емес, шетел нарығын да етпен қамтамасыз ете аламыз.

Ауыл шаруашылығы – қазақтың өмірінің негізі. Президенттің Жолдауда айтқан тапсырмалары дер кезінде көтерілген мәселе. Біз, шаруалар, еңбектің бағаланғанын, жаңа мүмкіндіктердің ашылғанын сезіп отырмыз. Енді тек қаражатты тиімді пайдаланып, технологияны енгізіп, өз еңбегімізді нарыққа дұрыс жеткізсек, ауыл да, ел де ұтады деп сенемін.

 

Жанай ЖАҒЫПАРОВ, 
«Жанай Жағыпаров» шаруа қожалығының басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT