Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын тыңдап, бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән берілгенін шынайы сезіндім. Мемлекет басшысы әр аймақта заманауи спорт кешендерін салу қажеттігін атап, бұл шара жастардың денсаулығын нығайтуға, спортқа қызығушылығын арттыруға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға тікелей ықпал ететінін айтты.
Мен өзім спортпен айналысып келе жатқан адам ретінде бұл бастаманың қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Исатай ауданында биыл спорт кешендерімен 100 пайыз қамту жоспары жүзеге асырылмақ. Бұл балалар мен жасөспірімдерге спортпен тұрақты айналысуға, жаңа дағдылар мен жетістіктерге қол жеткізуге керемет мүмкіндік береді.
Мен өз тәжірибемде спортқа қол жеткізген әр жетістік үшін жүйелі дайындық, қолайлы инфрақұрылым және қоғамның қолдауы қаншалықты маңызды екенін көрдім. Сол себепті ауданымызда жасөспірімдерге қолайлы жағдай туғызу – мен үшін де үлкен қуаныш әрі жауапкершілік. Самбо күресінен алған жетістіктерім – әлем біріншілігінің күміс жүлдесі, әлем кубогының жеңісі, Азия чемпионаты – бұның бәрі тұрақты дайындық пен қолдаудың нәтижесі.
Менің ойымша, Президенттің Жолдауында айтылған бастамаларды жергілікті деңгейде жүзеге асыру – салауатты, спортқа бейім, табысты жастар тәрбиелеудің басты жолы.
Еркебұлан ҚУАНҒАЛИЕВ,
Самбо күресінен ересектер арасында әлем біріншілігінің күміс жүлдегері,
Әлем кубогының иегері,
Азия чемпионы халықаралық дәрежедегі спорт шебері