ЖОЛДЫҢ «ЖЫРЫ» БІТЕР МЕ?

сурет автордікі

Жуырда аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық мәслихат депутаттары мен аудандық қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен жиын өтті. Жиынға аудан әкімі Нұрым Мусин, ауылдық округтер әкімдері, ардагерлер өкілдері және де «Қазавтожол» ҰК АҚ Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары Азамат Қабдығалиев қатысты.

Күн тәртібіндегі мәселе – «Атырау-Астрахань» тас жолы құрылысының қазіргі жай-күйі, бұрынғы жол құрылысы мен қазіргі жобадағы өзгерістер. Оның ішінде Тұшықұдық, Аққыстау ауылдық округтерінің тұсындағы айналма жол құрылысы және аталған ауылдардың үстімен өтетін жолдың айналма жол біткенінше пайдаланылуына байланысты онда атқарылуы тиіс делінген кейбір жұмыстардың жүзеге аспай отырғандығы. Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Аманжол Рахметов төрағалық жасады. Онда жол бойындағы жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлардың жобадан неліктен алынып қалғаны, аталған жолға жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін бағдаршамдар орнату мәселесінің қалай шешілетіні жөнінде сөз қозғалды. 

Алдымен, қоғамдық кеңес мүшесі, Новобогат орта мектебінің директоры Құрманғали Наубетов облыстық филиал директорының орынбасарына өз сұрағын қойды. Оның айтуынша, Х.Ерғалиев ауылының тұсындағы көпір сол ауылдағы 100-ге жуық тұрғынды орталықтан оқшаулап тастап отыр. Айтуынша, оның 14-і – мектеп оқушысы, 8-і – балабақшаға баратын бүлдіршіндер.

- Біз  өз тарапымыздан бірнеше рет осыған қатысты мәселе көтердік. Әлі нақты шешімін таппады. Таяуда ғана ауылдан сайланған мәслихат депутаттары мен ауыл әкімі болып бәріміз бірге барып, сол көпірдің жай-күйін қарадық. Сол кезде жаңа көпірдің астынан жаяу жүргіншілерге арналған өткел саламыз дегенсіздер, ол қалай салынбақ, қаржысы қайдан шығады?-деді ол көпке ой салған сауалын көлденең тартып.

Ал бұған жауап қатқан А.Қабдығалиев өздеріне күні кеше аудан тұрғындарымен кездескен мәжіліс депутаты Серік Ерубаевпен өткен жиналыстың хаттамасы келіп түскенін айтты. Ол осы хаттама негізінде, сол көпірдің қасындағы ескі көпірді аудан өз балансына алатын болса, сол көпірді бұзудан үнемделген 21 миллион теңге қаржыға осы өткелді салуды жоспарлап отырғандықтарын жеткізді.

Келесі кезекте сөз алған тағы бір қоғамдық кеңес мүшесі Құрманғали Мұхтаров жол бойында жасалып жатқан жұмысқа көңілі толмайтындығын бірден ашып айтты.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына да, тілшілерге де «Атырау-Астрахань» тас жолы толық бітті деп ақпарат берілді. Ал, сіз болсаңыз, аяқталмаған жұмыстарға қаржы сұраймыз дейсіз. Ол қаржыны қайдан, қалай алмақшысыз? 2022 жылы сіздің филиалдың басшысы болған Болатбек есімді азамат осы жолдың Аққыстау ауылының тұсындағы 2,5 шақырым жеріне жаяу жүргіншілерге арналған жол салынады деп уәде беріп, жаңа сметалық құжаттама жасауға рұқсат алған болатын. Ал қазір сіздердің сөздеріңізге қарасақ, 800 метрі бар дейсіз, қалғаны қайда? Оның үстіне мал өткізбейтін қоршау саламыз дейсіздер, ол туралы кезінде бізге неге айтылмады, неге түсінік берілмеді?- деді. Жиынға қатысушылар да оны қолдай кетті.

Ал облыстық филиал директорының орынбасары бұл жобаның құжаты 2022 жылы жасақталып, одан бері 3 жыл уақыт өтіп, материалдардың құнында көптеген өзгерістер пайда болғанын алға тартты.

- Сондықтан қаржысын кері қарау үшін құжаттар жасақталуда. Ал сіз айтып отырған жаяу жүргіншілер жолы құжатта салынатын аялдамаларды айналып өтетіндей 800 метр деп көрсетілген, ол құжат тексерістің барлығынан өтіп, солай бекітілген. Біз сол құжатта көрсетілген 800 метрдің үстіндегі жаяу жүргіншілер жолын ғана саламыз. Одан бөлек сіздердің мәселе ретінде көтеріп отырған мал өткізбеуге арналған қоршаулар құжаттың бас кезінде-ақ жасақталған,- деді ол.

Бірақ қоғамдық кеңес мүшелері жол жиегіне орналастырылған қоршаудың мал ұстап отырған тұрғындарға  пайдасынан гөрі зияны көп екенін көлденең тартты. «Сондықтан оны салмай-ақ, сол қаржыны басқа керекті нәрсеге пайдалануға болмай ма?» деген ұсыныстарын білдірді.

Десек те, жиын барысында директордың орынбасарымен бірге келген жауапты мамандар хаттама негізінде халықтың келісімімен жобаны өзгертуге болатынын айтты. Олардың мәлімдеуінше, қазір Исатай, Зинеден ауылдарының тұсынан жергілікті халықтың ұсынысымен қоршауларды алып, мал өтетін жол белгілерін орнатуға аудандық полиция бөлімінен келісім алынған. Әйтсе де, олардың талабына сай мал қағу фактісі көбейсе, ол қоршауларды қайта тұрғызатындығын қаперге берілген. Сондықтан республикалық маңызы бар тас жол бойындағы мал қоршаулары негізсіз алынбай, тек ғана арнайы хаттама арқылы тиісті орындардың келісімімен жүзеге асады.

Осылайша тас жолдың «жыры» ұзақ талқыға түскен жиында аққыстаулық тұрғын, еңбек ардагері Самат Қабделов жуық арада облыс әкімі Серік Жамбылұлының қабылдауында болып, қойылған бірнеше сауалына Азамат Қабдығалиевтың қолы қойылған жауап алған. Бірақ ол жауапқа қанағаттанбағанын білдірген ардагер сауалына тиісті маманның толыққанды жауап беруін сұрады.

–Өткен жылы сұрағыма берілген жауабыңызға қанағаттанбаймын. Сондық-тан, тағы да айтамын, жол құрылысының 75 пайызы аяқталды дегенсіз, ал қалған 25 пайызы – қандай жұмыстар? Айналма жол қашан бас-талып, қашан аяқталмақ? Одан бөлек, «Махамбет- Х.Ерғалиев» тас жолының 0-10 шақырым аралығы және 35-45 шақырылым аралығы жасалады дегенсіз, сонда қалғаны не болмақ? Оны кім жасайды?- деді С.Қабделов.

Ал бірнеше сауалына жауап ала алмаған ардагерге филиал директорының орынбасары былайша жауап қатты:

- 25 пайыздың 5 пайызы - жол бойындағы ауылдардың тұсынан салынатын аялдамалар, жаяу жүргіншілерге арналған жолақ тәрізді жұмыстар. Қалған 20 пайызы - айналма жол, оның құрылысын осы жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарлануда. Ал «Махамбет- Х.Ерғалиев» тас жолының 0-10 шақырымы аяқталды, енді 35-45 шақырымын сол мердігер мекеме сәуір айының соңына дейін аяқтаймыз деп отыр. Қалған 10-35 шақырым аралығын ұтып алған «БекетСәтЖол» мердігер мекемесімен жұмыстың жүрмеуіне байланысты сот үдерісі басталды. Сондықтан ол аралық кейінге қалатын болады. Ол жол аралығына қатысты дәл қазір нақты ешнәрсе айта алмаймын,- деген ол әңгімесін қысқа қайырды.

Алайда, жиынға қатысушы мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері қойылған сұрақтарға берілген жауаптарға қанағаттанбайтындарын ашық айтты. Сондай-ақ, аудан басшысы, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелерінің алдына келерде мәселеге орай шақырылған тиісті мамандардың жауапкершілікті жете сезініп, қандайма сұраққа да нақты жауап беруге әзір болып келулерін қаперледі. Қоғамдық кеңес мүшелері, жауапсыз қалған сұрақтар барын ескере отырып, алдағы уақытта соған сай мардымды жауап алынатындай және бір жиын шақыруды ұсыныс етті.

Жауабынан сұрағы көп болған жиын соңында біз де «Жолдың жыры бітер ме?» деген сауалды ойда қалдық.

 

Сағыныш САЙЛАУБАЙ,

суреттер автордікі

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT