Жөндеуге мұқтаж жолдар көп

Аудан орталығының ішкі жолы талайдан бері тұрғындар үшін мұң болып жүрген басқайғы екені даусыз. Жазда - шаң, жауынды күндері – балшық, жас балалар түгіл ересек кісілердің өздері аяғын зорға алып жүреді. Автокөліктердің де соры бес елі. «Бәрін айта та, бірін айт, Аққыстаудың жолын айт. Жолдың азабын тартқан білер. Ішкі жолымыз қашан түзеледі?» деп күні-түні «Телеграм» чатына жазып, әлеуметтік желілердің де бетін бермей шулатып, садақа, тойларда да шенді-шекпенді басшы көрсе сұрағыштап қалып жатқан халықта есеп жоқ.

Тіпті, «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» деп қолын бір сілтеп, жолы тегістелмеген елдің келешегі де бұлыңғыр деп ертеңгі күнге дүдамалдау сеніммен қарап жүргендер де баршылық.

Аудандық газет редакциясы осы мәселемен аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне сауал жолдап, әне-міне салынғалы тұрған аудан орталығының ішкі жолы туралы мәлімет сұраған болатын. Бөлім басшысы Айдарбек Зиноллаевтың мәліметінше, жақын күндері жоғары тұрған бюджеттен қаржы сұратылып, мәселе оң шешімін тапса, келесі жылдан қалмай басталатын жол құрылысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерге жұмыс сапары кезінде жұртшылықты толғандыратын, ауқымды шаралар мен қауырт қимылдарды жүзеге асыруды қажет ететін көлік-логистика мәселесіне баса көңіл бөліп, жүктеген нақты тапсырмалары аясында жүзеге асырылады деп күтілуде екен.

Оқырманға түсінікті болуы үшін бөлім басшысы берген деректі қаз-қалпында назарға ұсынуды жөн көрдік.

«Аудан елді мекендерінің көлік қатынасын дамытуға, сапалы жолдармен қамтамасыз ету үшін бірқатар жобалар іске асырылып, ал бірнеше жоба алдағы уақытта іске асыру үшін дайындалып отыр.

Ағымдағы жылы Жаңа Жанбай елді мекеніне кіреберіс және ауылішілік 4,2 шақырым жол салынып, пайдалануға берілуде.

Сондай-ақ биыл Нарын ауылына 7 шақырым кірме жол және 5 шақырым ауылішілік жолдың құрылысы басталды. Аталған нысан 2020 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Сонымен бірге Жанбай ауылындағы мәдениет үйіне дейінгі 0,3 шақырым жолы мен автотұрақтарының құрылыс жұмыстары аяқталуда. Қазір автомобиль жолдарын салу үшін бірқатар жобалар дайындалған. Атап айтсақ, Аққыстау ауылының жолдарын салу үшін 2 кезеңге бөлінген жобалау-сметалық құжаттамасы дайын.

Жалпы, Аққыстау ауылына жолдар салу 3 кезеңге бөлініп жоспарланған болатын. 1-ші кезең 2015 жылы салынды. Ендігі кезекте 2-ші кезең бойынша 8,1 шақырым жолды күрделі жөндеуден, 3-ші кезең бойынша 16 шақырым жол қайта жаңғыртудан өткізілетін болады. Аққыстау ауылының жобасына Өркен елді мекенінің де көшелері енгізілген. Бұл жұмыстар Аққыстау ауылындағы кәріз желілері құрылысы аяқталғаннан кейін басталатын болады.

Осы жобалармен бірге Тұщықұдық ауылына 8,9 шақырым, Жанбай ауылына 9,5 шақырым, Исатай ауылына 5 шақырым жолдар салуға жобалау-сметалық құжаттамалары дайын. Тұщықұдық ауылының автомобиль жолдарын салу үшін биылғы жылға облыстық әкімдікке қаражат бөлуге ұсыныс берілді. Қалған жобалар бойынша 2020 жылы құрылыстарын бастауға сұраныс жолданылып отыр.

Сонымен бірге, Зинеден ауылына 5 шақырым және Х.Ерғалиев ауылына 8,2 шақырым жол салу үшін жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталып, қазіргі таңда сараптамадан өткізіліп жатыр. Жыл соңына дейін толықтай аяқталады деп күтілуде.

Бұндай жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Ауылдық елді мекендердің өсуіне байланыс- ты зерделеніп, қажеттілікке орай жобалар жасақталып, сапалы жолдармен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар атқарылатын болады» .

Аслан МҰРАТҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521