Тұрмыстың түзелуі де, ел экономикасының өркендеуі де ең алдымен еңбек нарығындағы тұрақтылыққа байланысты. Бүгінде жұмыссыздық мәселесі тек қана әлеуметтік ахуал емес, сонымен бірге қоғамның дамуына тікелей ықпал ететін өзекті факторға айналып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, халықты лайықты еңбекпен қамту, әділ жалақыға қол жеткізу мемлекеттік саясаттың негізгі өзегі болуы тиіс. Қазіргі таңда әлемді жаулаған цифрландыру, жаңа технологиялар мен өндірістегі автоматтандыру еңбек нарығының ескі қалыптарын түбегейлі өзгертуде. Жаңа мамандықтар пайда болып, кейбір дәстүрлі салалардың мән-маңызы бәсеңдеп барады. Осындай бетбұрыс кезеңде «Елдегі жұмыспен қамту бағдарламаларының тиімділігі қандай? Олар шын мәнінде халыққа мүмкіндік беріп отыр ма?» деген сауалдың көкейге оралуы заңды.
Өңірде де бұл мәселе назардан тыс қалып жатқан жоқ. Жастардың да, орта буын мамандардың да еңбекке араласуына жағдай жасау үшін түрлі бастамалар қолға алынуда. Соның бірі – елімізде жарияланған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында аудандық Мансап орталығы ұйымдастырған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі. Бұл шараға қатысқан тұрғындар бір жағынан нақты жұмыс табуға мүмкіндік алса, екінші жағынан еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың беталысын бағамдады.
Жәрмеңкеге 19 мекеме қатысып, барлығы 71 бос жұмыс орнын ұсынды. Әртүрлі саладағы – білім беру, медицина, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету мен өндіріс орындары өкілдері келіп, өздеріне қажетті мамандарды іздеді. Жұмыс іздеушілердің де белсенділігі байқалды. 35 азамат қатысып, соның ішінде 12 адамның түйіндемесі қабылданды. Бұл – әрбір он адамның үштен бірі нақты еңбекке жолдама алуға жақындады деген сөз. Әрине, бір жәрмеңкемен барлық мәселені шешу мүмкін емес. Бірақ мұндай бастамалар жұмыс іздеген жанның үмітін оятып, еңбек беруші мен еңбеккердің арасына дәнекер болатыны анық.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жәрмеңкенің басты мақсаты да осы – жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілерді тікелей байланыстырып, тұрақты еңбекке орналасуға жағдай жасау.
Аудандық Мансап орталығы филиалының директоры Бақытгүл Сапарғожиева шараның маңызын айта отырып, оның мәнін тереңірек түсіндірді.
- Жұмыссыздықты азайту – тек статистиканы түзету емес, ол әр отбасының тұрмыс сапасын жақсарту, әрбір азаматтың әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ету деген сөз. Сол себепті осындай шаралардың жүйелі түрде өткізілуі еңбек нарығының серпінді дамуына жол ашады. Мұндай іс-шаралар еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты үйлестіруге, әсіресе жастардың тұрақты жұмысқа орналасуына оң ықпал етеді деп сенеміз,-деді ол
Шындығында да, жәрмеңкенің басты жетістігі – адамдардың жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттырумен қатар, қоғамға еңбек ету мәдениетін қалыптастыруы. Әсіресе, жаңа мамандықтарға сұраныс артып отырған қазіргі кезеңде мұндай кездесулер азаматтарға өз әлеуетін бағамдауға, кәсіби бағыт-бағдарын айқындауға көмектеседі. Ал жұмыс берушілер үшін бұл – өз ісіне адал әрі ынталы кадр табудың тиімді жолы.Жәрмеңке барысында тұрғындар ұсынылған бос жұмыс орындары жайында толық ақпарат алып, өз білімі мен тәжірибесіне сай мамандықтарды таңдауға мүмкіндік алды.
Камилла КАКИМҚЫЗЫ