Жұртты риза еткен жәрмеңке

Сағат таңғы тоғыз болмай жатып Аққыстау ауылының орталығындағы «Қабақай» сауда орталығындағы жәрмеңкеге ағылған халық ығы-жығы. Жағалай тұрған сатушылардың аралай алар тауарын таңдаған тұтынушылар көкөніс пен жеміс-жидектер тұсына көптеп кідіреді. Сонымен бірге, сүт өнімін алушылардың да қарасы мол. Сауда жасап тұрғандардың көбісі бұрыннан осы сауда орталығына келіп жүргендер болса керек, бір-бірімен емен-жарқын амандасады.

 Жұма сайын өтетін бұл жәрмеңкеден мал, құс, балық еттерінің де түр-түрін таба аласың. Көптің ортасынан көршілес Батыс Қазақстан облысынан сүт өнімдерін жеткізіп жүрген атыраулық Мира есімді кәсіпкер келіншекке көзіміз түсті. Оған себеп, оның сатып тұрған сүт өнімдерін алушылардың қарасы молдығы еді. Айнала қоршап алғандар саудасын қыздырып әкеткен. Алыстан бақылап тұрған біздер таяп барып тілдесуді ойлағанымызбен, қаумалаған аларманнан қапелімде қолы босамай қойған оның сәл тыныстаған сәтін сәтті пайдаланып, әңгімеге тарттық. Өзі бір қабағы ашық, жылы жүзді жан екен. Самбырлап сөйлеп, қойған сұрақтарымызды жауапсыз қалдырмай жатыр.

-Өзім Атырау қаласының тумасымын. Алайда, жәрмеңкеге әкелетін бұл өнімдерді көрші Орал қаласынан көтерме бағамен сатып алып, сосын өз нәпақамызды айыру үшін осылайша жәрмеңкеге шығып жүрген жайым бар. Бес жыл бойына үзбестен осы Аққыстауға тұрақты келіп тұрамыз. Тіпті кейде өзімді Аққыстаудың бір тұрғынындай сезінетінім де рас. Бұл жақтың халқы - сондай қарапайым, ақкөңіл, пейілі кең жандар. Жұмысымның қызу жүріп тұруы да осы ауыл тұрғындарына тікелей байланысты,-деген ол саудасын жасай тұрып, әңгімесін де жалғастырды.

-Бүгін біз әкелген тауарлардың бағасы туралы айтар болсам, сүт пен айран – 500-550 теңге, тәтті және ащы құрт - 3500 теңге, балқаймақ көлеміне қарай – 1400-1600 теңге, йогурт - 1000 теңге, қаймақ - 4000 теңге. Осы уақытқа дейін бірде-бір адам шағым айтып келген емес. Еңбек еткен жерде табыс-ты да адалынан тауып, елдің алғысына бөленгенге жетер не бар,-дейді ол ағынан жарылып.

Бұдан әрі ентелеген аларманға қарап елеңдеген Мираға бұдан әрі кедергі болмауға тырыстық. Бірі «Мира» деп тап бір туысындай жақын тартса, екіншісі «қарындасым» деп қолқалап жатқан аққыстаулық аларманға қарап тұрып, өзі де аққыстаулықтардың біріне айналып кеткендей кәсіпкер келіншекке іштей риза болдық.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521