Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, аудан әкімі Полымбет Хасанов ауылдық округтерде тұрғындармен кездесті. Зинеден ауылдық округінен басталған кездесулерде аудан бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар, өткен жылы тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстардың орындалысы баяндалып, ауыл тұрғындарының талап-тілектері тыңдалды, азаматтардың жеке мәселелері бойынша қабылдаулар өткізілді.
Аудан әкімінің тұрғындар назарына берген мәліметтеріне сүйене отырып, өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталатын болсақ, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Зинеден ауылындағы Ю.Гагарин атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Тұщықұдық ауылында денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды, құжаттары рәсімделген соң пайдалануға берілмек. Аққыстауда «Ембімұнайгаз» акционерлі қоғамының демеушілігімен көпнысаналы спорт алаңының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Сонымен қоса, Аққыстау, Тұщықұдық, Х.Ерғалиев ауылдарына жаңадан кіші аяқдоп алаңдары, балалар ойын алаңшаларымен қоса салынып, халық игілігіне тапсырылды. Бұдан бөлек, Нарын, Исатай, Жанбай ауылдарында бұрын салынып, тозығы жет кен шағын футбол алаңдары толықтай жаңартылды.Денсаулық сақтау саласында 2010 жылы пайдалануға берілген Тұщықұдық дәрігерлік амбулаториясына күрделі жөндеу жұмыстары толықтай аяқталды. Бүгінде осы дәрігерлік амбулатория арқылы 4500 үстінде адам медициналық қызмет алуда. Тұщықұдық ауылдық округіне қарасты 1973 жылы салынып, сол уақытта нбері жөндеу жұмстары жүргізілмеген, ұзындығы 23 шақырымды құрайтын «Қызылүй» каналының күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Аққыстауда «Темір жол» мөлтек ауданының және АТП мөлтек ауданының 6 көшесінің (Х.Ерғалиев, Нарын, Б.Нысанбаев, Е.Қазақстан, С.Сейфуллин, Келте нарын) электр желілері жаңартылды және 5 көшеге (3,8 шақырым) көше жарық шамдары жаңадан орнатылды. Айта кету керек, «Темір жол» мөлтек ауданында 146 пәтер мен 10-ға жуық әлеуметтік, кәсіпкерлік нысан бар. Сондай-ақ жиында Зинеден ауылдық округінің әкімі Ерлан Махсотов өткен жылдың соңғы тоқсанындағы кездесуде айтылған ұсыныстардың орындалысына тоқталып өтті.
– Өткен жылдың төртінші тоқсанындағы ауыл тұрғындарымен өткен кездесуде Зинелғабиден Ғұбашев ағамыз ветеринар маманды қыцзметтік пәтермен қамтамасыз етуіді және Зинеден ауылынан мал егу орнын салу жөнінде ұсыныс айтқан болатын. Осыған орай қажетті маманды қызметтік пәтермен қамтамасыз ету үшін тұрғын үй сатып алуға бюджеттік өтінім жолданды, ал мал егу орнын салуды биыл демеушілер арқылы жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, ауыл тұрғыны Сайлаубай Қарабалаев жедел жәрдем көлігіне жүргізуші тұрақтамауына байланысты ауысыммен жұмыс жасау үшін екі жүргізуші алу жөнінде ұсынысына байланысты тиісті орындарға хат жолданды,-деді және ауылда белгіленбеген орындарға қоқыс төгу, құм тоқтату үшін егіліп жатқан сексеуілдің қоршауларын бұзып, сымдарын ұрлау фактілері орын алуына байланысты халық игілігі үшін жасалып жатқан қандай да бір жұмыстарға қолдау білдіріп, кедергі келтірмеуге шақырды. Жедел жәрдем көлігіне екі жүргізуші алу мәселесі бойынша ауданның бас дәрігері Бекболат Қуанышев жауап берді.
-Жедел жәрдем көлігіне жүргізуші алу үшін жұмыспен қамту орталығына өтініш түсірдік. Бірақ бір көлікке екі штат беруге мүмкіндік жоқ, бір ғана жүргізуші жұмысқа қабылдай аламыз. Жалақысы 80-100 мың теңге аралығында. Ол күнделікті бес күндік жұмысына төленетін жалақысы, егер жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс күндері шақыртумен жүретін болса, оның бәріне қосымша ақы төленеді. Жүргеніне байланысты жалақысы көтеріле береді. Биыл ауданға үш жаңа жедел жәрдем көлігін алуды жоспарлап отырмыз, соның біреуі осы Исатай, Зинеден ауылдық округтеріне беріледі,-деді. Бұл мәселе бір қарағанда қарапайым нәрсе сияқты көрінуі мүмкін, алайда ауыл тұрғындары жиі көтеретін мәселелердің бірі.Жиында Нұролла Шамұратов канал мәселесін көтерді. Оның айтуынша, каналға, Көлденең котлаванына судың келуі нашар, қысы-жазы мал суаруда қиындық тудырып келеді. Бұл мәселеге қатысты аудан әкімі Полымбет Хасановтың берген жауабы мынадай:
-Көлденең котлаванына су «Кобяков-Забурын» каналы арқылы келеді. Бұл канал ұзақ жылдардан бері күрделі жөндеуден өтпеген. Жалпы аудан көлеміндегі қай-қай канал да күрделі жөндеу көрмегеніне көп болған. Қазіргі таңда тек Қызыл үй каналына ғана күрделі жөндеу жұмысын жүргіздік. «Кобяков-Забурын» каналында су өту деңгейі өте
төмен. Бүгінгі таңда аудан көлеміндегі Қызыл үй каналынан басқа барлық каналдар «Казсушар» РМК меншігіне берілді. Қызыл үй каналы қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп қойғасын өзімізде қалып отыр. «Кобяков-Забурын» каналына жобалау сметалық құжаттама жасақталды, «Казсушар» мекемесінен биыл қаржы бөлінеді деген уәде бар. Өткен жылы Бақсай каналына тиісті қаржысы бөлінді, жөндеу жұмыстары басталды, биылғы жылы да жалғасын табатын болады. Каналдың біздің ауданға тиесілі 16 шақырымдай бөлігінде тереңдету жұмыстары жүргізіледі және тозығы жеткен шлюздары ауыстырылады. Көлденең котлаванына да су жеткізудің жалғыз жолы – күрделі жөндеуден өткізу. Ауыл тұрғыны Сайлаубай Қарабалаев мектепке бала тасымалдайтын көлік мәселесін көтерді және ауылдан мәдениет үйін салу жөнінде жасалған тұрғындардың ұсынысы жөнінде сұрады. Аудан әкімінің айтуынша, Зинеден ауылында 300 орындық мәдениет үйін салу жоспарланған, биыл наурыз айында мемлекеттік сараптама қорытындысының мерзімі өтеді, наурыз айына дейін қаржы бөлінбесе, жоба қайта жасалады. Бюджеттік өтінім бірнеше рет берілген, бірақ әлі күнге дейін қаржы бөлінбей келеді. Жобаның құны өте жоғары, 1млрд теңгеден асады, 1500-ге жуық тұрғыны бар ауылға 300 орындық мәдениет үйін салуға қаржы бөлдіру оңай емес, Зинеден ауылынан халық саны әлдеқайда жоғары Жанбай ауылының өзіндегі мәдениет үйі 300 орындық емес. Бұл да жобаға қаржы бөлінбеуінің бір себебі болуы ықтимал.Мектепке бала тасымалдау мәселесі бойынша Ю.Гагарин атындағы орта мектеп директоры Айсұлу Сатқалиеваның түсіндіруінше мектеп әкімшілігі барлық баланы тасымалдауға тиісті емес, баланы мектепке әкеліп, қайтып алып кету негізінен ата-ананың міндеті. Үш шақырымнан асатын қашықтықта тұратын балалардың ғана келіп кетуіне көмек көрсетіледі. Биыл қаңтардың 9-нан бастап Исатай орта мектебінің көлігімен балаларды тасымалдау ұйымдастырылған, жаңа көлік алуға бюджеттік өтінім берілген. Қазіргі таңда Зинеден ауылында фельдшерлік пунктке «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жұмыстары және ауылішілік 5,1 шақырым (9 көше) ауылішілік жолдарға қайта жаңғыру жұмыстары жүргізілуде.
Нұрболат НҰҒМАН