Х.Ерғалиев ауылының мәдениет үйінде Қамысқала ауылдық округі әкімдігі аппаратының мұрындық болуымен аудандық "Нарын таңы" газетінің алғашқы нөмірі шыққанына 70 жыл толуына орай " Уақыт. Заман. Газет" атты оқырмандармен кездесу кеші ұйымдастырылды.
Кешті округ әкімі Рафиғат Тажиденова кіріспе сөзбен ашты. Ол өз сөзінде аудандық газеттің қоғам өмірінде алатын орнына ерекше тоқтала келіп, төл басылымның ауылдың экономикалық-әлеуметтік дамуы мен мәдени өмірін насихаттауда зор еңбек сіңіріп келе жатқанына тоқтала келіп, редакция қызметкерлері мен қаламгер журналистерді мерейтойымен құттықтады.
Бұдан кейін сөз сөйлеген "Атырау-Ақпарат"ЖШС-нің атынан келген өкілі, "Атырау" газетінің аға тілшісі Дәулетқали Аруев, аудандық "Нарын таңы" газеті бас редакторының міндетін атқарушы А.Салихов, ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Б.Мусин, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ибатолла Сәтенұлы, және т.б аталмыш басылымның кешегі мен бүгінгі тарихы, газеттің қоғам өміріндегі алатын рөлі мен маңызы, ғаламтордың ақпарат таратудағы кейбір осал тұстары, басылым беттерінде көкейтесті тақырыптардың көп көрінбейтіндігі, таралымның азаю себептері, мәдениет, медицина, өндіріс, ауыл шаруашылығы тақырыптары газетте аз жазылатындығы туралы тағы басқа да көптеген ой-пікірлер ортаға салынды.
Кеш барысында аудандық газеттің дамуына зор үлес қосқан бір топ қоғамдық белсенді автор-тілшілер ұлығыланды. Соңында шара қатысушыларға арналып, ауыл өнерпаздары шағын концерттік бағдарлама ұсынды.