Жыл бойына исатайлық 136 спортшы жүлдегерлер қатарынан көрінген

Исатай ауданы әкімінің орынбасары Еркебұлан Әбілқасымовтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы әлеуметтік әріптестік, әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі аудандық үшжақты комиссиясының кезекті отырысы өткізілді.

Онда «Ауданда салауатты өмір салтын қалыптастыру негізінде бұқаралық спортты арттыру» тақырыбы бойынша аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сейітжан Бегесинов хабарлама жасады.

Оның айтуынша, бүгінгі қоғамның алдында тұрған басты міндеттерінің бірі - салауатты өмір салтын қалыптастыру арқылы жастар арасында бұқаралық спортты дамыту бағытында аталмыш бөлім күні бүгін көптеген жұмыстар атқарып келеді.

Атап айтқанда, жыл басынан бері аудан бойынша 31 спорттық шара өткізілсе, оның 11-і онлайн форматта ұйымдастырылған. Олар кермеге тартылу (турник), кеуде көтеру (отджимание), допты түсірмей ойнау, тоғызқұмалақ, шахмат, скакалькадан секіру, кір тасын көтеру секілді жекелей жарыс түрлері.

Сондай-ақ жыл басынан бері аудан бойынша спорттық жарыстарда 270 спортшы бақ сынап, 136 спортшы жүлдегерлер қатарынан көрінген. Осы кезге дейін 7 халықаралық, 9 республикалық, 8 облыстық турнирлер мен жарыстарға, ел чемпионаттарына қатысқан жерлестеріміздің (35 алтын, 27 күміс, 22 қола) 84-і жүлдегер атанған. Биылғы ең үлкен жетістіктердің бірі, Сербия мемлекетінде өткен самбодан ересектер арасында Еркебұлан Қуанғалиев күміс жүлдегер атанса, жастар арасында Абылайхан Мейрамбекұлы алтыннан алқа тақты.

Қазіргі кезде 21 спорт түрі бойынша ауданда 25 секция жұмыс істейді. Оған бұл күндері 1358 бала қатысуда. Ауданда олимпиадалық спорт түрлерімен қатар ұлттық спорт түрлерін дамыту да қолға алынған. Мысалы, қой көтеру, ләңгі тебу, аударыспақ, қазақ күресі, тай жарыс секілді спорт түрлері соңғы жылдары жастар арасында үлкен қызығушылық тудыруда. Яғни, бүгінгі таңда бұқаралық спортпен 5780 адам айналысуда.

Одан әрі хабарламашы ауданда бұқаралық спортты одан әрі дамыту мақсатында алдағы уақытта да көптеген жұмыстарды ұйымдастыру жоспарлары бар екендігін тілге тиек етті.

Аяпберген САЛИХОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521