Жыл сайын жаңа балабақша ашып келеміз

Бұлай деп сүйіншілей жариялауға толық негіз бар сияқты.

Өйткені, 2017 жылы Аққыстаудағы «Нұршуақ», 2018 жылы Х.Ерғалиевтегі «Айжұлдыз», ал, биыл жыл басында аудан орталығында демеушілердің көмегімен салынған 290 орындық «Өркен» бөбекжай-бақшасы ашылып, төңіректегі халықты қуантты.

Амандық болса, жуық арада Зинеден ауылында жаңа 100 орындық балабақша да ашылғалы тұр. Жылдан-жылға тұрмыстық ахуалы жақсарып, халқы табиғи жолмен көбейіп келе жатқан өңір үшін мұндай әлеуметтік жобалардың маңыздылығы жоғары екені белгілі.

Кеше ашылған жаңа сәбилер ордасының ашылуына арналған қуанышты шараға аудан әкімі Марат Мурзиев, «Каспий Құбырлары Консорциумы (КТК)» АҚ Бас директорының Қазақстан Республикасы Үкіметімен байланыс жөніндегі орынбасары Қайыргелді Қабылдин және ауданның құрметті азаматтары, еңбек ардагерлері, сала өкілдері мен ауыл тұрғындары, ата-аналар қатысты.

Қысқа мерзім ішінде, атап айтқанда 1 жыл, 2 ай мерзім ішінде салынып біткен қос қабатты ғимараттың жалпы аумағы 3764 шаршы метрді қамтиды. Оның құрылыс жұмыстарына 680 миллион теңге бөлініп, игерілген. Құрылыс жүргізген мердігер компания «ӘлемКонтракшнГрупп» ЖШС. Нысан қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Яғни, материалдық-техникалық базасы талапқа сай. Мұндағы акт залында күйсандық, экран, үй кинотеатры орнатылған. Сонымен қатар, жаңа балабақшада медициналық кабинет те жасақталыпты. Ал, ғимараттың сыртқы аумағына ойын алаңдары, гимнастикалық баспалдақтар сынды қажетті құрылғылар қондырылған.

-  Бұрын «Өркен» бөбекжай бақшасы бейімделген ескі ғимаратта орналасқан болатын. Енді, міне, бүлдіршіндерді типтік үлгідегі 290 орындық жаңа балабақшаға ауыстырып отырмыз. Осыған дейін 115 бала алты топта тәрбиеленсе, қазір 12 топ жасақталды. Сондай-ақ кезекте тұрған балалардан екі жаңа топ ашып отырмыз. Нәтижесінде, бұрынғы балабақша қызметкерлерінің қатарына тағы 40 адам қосылады. Ерекшелігі сол, жаңа ғимаратта заманауи спорт залы, инклюзивті кабинеттер бар. Оған логопед, дефектолог мамандарын алу қарастырылуда, - деді аудандық білім беру бөлімінің мектепке дейінгі тәрбие әдіскері Света Жарылғасова.

-  Бүгінде балабақшада 195 бала тәрбиеленуде. Мұнда оларға барлық жағдай жасалған. Тіпті, театрландырылған қойылым, шебер қолдар үйірмесі де бар, - деп мәлімдеді «Өркен» бөбекжай бақшасының меңгерушісі Күнсұлу Хисметова.

Қазіргі таңда аудан бойынша 761 бүлдіршін балабақша кезегіне тіркелген. Жұмыс істеп тұрған мектепке дейінгі 12 мекемеде 1352 бала тәрбиеленуде. Бұл ретте жаңа балабақшаның ел игілігіне берілуі қажеттіліктің өтеуі болып отыр.

Аслан Мұратұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521