Жылдарға жалғасқан жұмыс

 

Ауыл-ауылдардағы инфрақұрылым жайын сөз еткенде алдымен ойға оралатыны – жасалынып жатқан жолдардың жайы. Оның да өзіндік сыры бар. Өйткені бұл жылдарға жалғасқан жұмыс болып тұр. Сонымен оның бүгінгі барысы қалай болуда?

Қолға тиген мәліметтерге қарағанда, аудан орталығындағы ауылішілік автокөлік жолдарын қайта жаңғырту бойынша айтсақ, Аққыстау ауылының 3-кезеңдегі 16,2 шақырым жолдарын қайта жаңғырту жұмыстары 2021 жылы басталған болатын. Алайда мердігердің жауапсыздығы салдарынан 2024 жылдың сәуірінде келісім шарт бұзылған. Жеке экспертпен жасалған жұмысқа кеткен шығындары анықталып, құзырлы органдар айналысуда. ОБК-ға құжаттар дайындалуда, жоба авторы жобаға түзету енгізуге құжаттамасын жасақтауда. Ауылдың Мұнайшы көшесінде жолдың бетіндегі шұңқыр-тесіктерді бітеу жұмыстары аяқталып, жалпы аумағы 1000 шаршы метр шұңқырлар бітелген.

Ал Тұщықұдық ауылы ішіндегі жолдарды (жаяу жүргіншілер жолдарымен бірге) реконструкциялау бойынша ауылішілік 8,3 шақырым автокөлік жолын және 6 шақырым жаяу жүргінші жолын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталған. 

Қазірде ауылдастардың бір білгісі келетіні - Қызыл үй елді мекенінде салынатын автокөлік жолының жайы. Бұл бағыттағы құрылыс жұмыстары алдағы жылдың еншісіне қалып отыр. Ол жұмыстардың тапсырыс берушісі - Атырау облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы.

Х.Ерғалиев ауылындағы ауылішілік жаяу жүргіншілер көпіріне ағымдық жөндеу жүргізу жұмысы барысында 12 градусқа қисайған аумағы түзетіліп, 150 шаршы метрді құрайтын жабынды қабаты толықтай ауыстырылған жарық жүйесі де қайта орнатылған. Сондай-ақ ақын атындағы ауылда ауылішілік автокөлік және жаяу жүргінші жолдарын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, 8,5 километрінің екі қабаты толық аяқталып, жол жиектерінің 3,5 километрі жасалған.

«Қазір Жанбай ауылындағы ауылішілік жолдарының 9,5 шақырымына жол құрылысы  жұмыстары жүргізілуде» делінген деректерде, қазіргі уақытта жолдың 6,2 километрінің екінші қабаты төселген.
Зинеден ауылындағы ауылішілік жолдарының 5,1 километрлік жол құрылысы жұмыстары бойынша келісім шарт бұзылған екен. Ал Исатай ауылындағы ауылішілік 12 километр автокөлік жолдарын қайта жаңғырту жұмыстары бойынша сараптама қорытындысы қазан айына дейін шығады делінген.

Иә, қазіргідей жаңарған замандағы ауылдың бір қажеті – осы жолдар. Олардың жағдайы әзірге осылай қалыптасып отырған жайы бар.

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT