Қазылар алқасының құрамында «Шалқар» радиосының аға редакторы, БАҚ саласындағы ҚР Президенті сыйлығының иегері, ақын Бақыт Жағыпарұлы, Қадыр Мырза-Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры, Қазақстан Жазушылар Одағының БҚО филиалының төрағасы, ақын Бауыржан Халиолла, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағының Астана филиалының төрағасы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, ҚР мәдениет қайраткері, ақын, сазгер Серік Қалиев және Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Бүркіт Базарбай болды.
-Мәдени шара Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына және Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына орай, ауданымыздың 95 жылдығы аясында Жылыой ауданында ұйымдастырылып отыр. Додаға Атырау, Орал, Ақтөбе, Маңғыстау, Алматы, Павлодар, Жетісу, Қызылорда облыстарынан 16 ақын қатысты. Ақындар жеребе арқылы жұпқа бөлініп айтысты, - деді Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова.
Нәтижесінде оза шапқан 8 ақын финалға жолдама алды. Олар: атыраулық Сырымбек Сәрсембаев, Абылай Смағұлов, Батыржан Кәдібай және ақтөбелік Жәнібек Бейбітов пен Нұрбол Жауынбаев. Сондай-ақ, Жетісу облысының ақыны Бүркітқазы Әділбек, Алматының айтыскері Қазірет Бердіхан мен оралдық Мейірман Шәкенов.
Әділбек СЫРЫМОВ