Жылыойлықтарға арналған жобалар сәтті аяқталды

Өткен аптада Теңізшевройл компаниясының осы жылы Жылой ауданында жүзеге асырылған Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасының қорытынды жиыны өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Ә.Шәкіров, ішкі саясат бөлімінің басшысы Г.Айшуақова, ҮЕҰ жетекшілері мен мүшелері, Теңізшевройл компаниясының басшылары мен мамандары және  БАҚ өкілдері қатысты.

Теңізшевройлдың Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы өз жұмысын 2010 жылы бастады. Осы уақыт аралығында үкіметтік емес ұйымдар түрлі жобаларды сәтті жүзеге асырып, тұрғындарға қуаныш сыйлауда. Осы жобалар арқылы Жылой ауданы білім, денсаулық, мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамға бейімдеу, жастармен жұмыс жасау тағы да басқа әлеуметтік  мәселелер өз шешімін тауып жатыр. Бұл Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы ТШО-ның ерікті бағдарламаларының бірі болып табылады. Биыл ТШО Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы Жылыой ауданында 10 жобаны қаржыландырды. Жиында осы ҮЕҰ-дың жұмыс барысы таныстырылып, атқарған жұмыстары қорытындыланды.

tsho

Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасының жыл  қорытындысы бойынша жиналған жиынды аудан әкімінің орынбасары салтанатты түрде ашты. Ол сөзінде алдымен аудандағы салынған нысандарға тоқталып, әлеуметтік бағдарламалардың ерекшеліктеріне, жыл бойы жасаған жұмыстарының нәтижесін көріп жатқанын тілге тиек етті.

- «Теңізшевройл компаниясының әлеуметтік инвестициялар бағдарламасымен ауданда 10 жоба жүзеге асты. Бұл жобалар тек Құлсары қаласында ғана емес ауылдық елдімекендерін де, біздің шалғай ауылдарды да қамтыды. Соның ішінде Орталық Азияның Еуразия қорының «Қоғамдық кеңістіктер» жобасы аясында 2022 жылы ауданға қарасты кент және ауылдық округтерде 27 жоба жүзеге асты. Бұл өте қуантарлық жағдай. Жылдағы көрсеткіштерден асып отыр. Енді алдағы 2023 жылда бұдан да көп жобалар жүзеге асырылып, халық игілігіне беріледі деп ойлаймын. Ауданымыздың дамуына көптеген үлестерін қосады деп сенеміз»,-деді аудан әкімінің орынбасары Әнуар Шәкіров.

Сондай-ақ, «Теңізшевройл» компаниясының үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Дәрмен Аронов аудан жұртшылығына ТШО-ның әлеуметтік инвестициялық бағдарламалары аясында жасап жатқан жұмыстарына тоқталып өтті.

img-20221223-wa0030-1-1024x682

«Көпшілігіңіз білетіндей, әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы өз жұмысын 2010 жылы бастады. Ал бар болған 12 жыл ішінде жалпы сомасы 13 миллион АҚШ долларынан асатын 108 жоба жүзеге асырылды. Жобалар білім беру, экономикалық даму, денсаулық сақтау және азаматтық қоғамды дамытуға қолдау көрсетуге бағытталған. Мұның ішінде 60 жоба Жылыой ауданының дамуына әсер етті. Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасының ерекшелігі   үкіметтік емес ұйымдар Жылыой ауданында қажет ететін жағдайларды жүзеге асыру, қандай салаларды жақсарту керектігін түсініп, іске асырады. Біздің ҮЕҰ серіктестігіміздің жұмысы халық игілігі үшін жұмыс жасау болып табылады»,-деді Д.Аронов.

Жиын әрмен қарай, ҮЕҰ-дың жылдық қорытындысы бойынша екі бөлімнен тұратын панельдік сессия форматында жалғасын тапты. Әр бөлімде жоба өкілдері өздерін таныстырып, басты нәтижелері туралы айтып, тақырыпқа байланысты сұрақтарға жауап берді. Атап айтсақ, Қазақстанның отбасылық дәрігерлер қауымдастығының, «Integrity жеке тұлғаны дамыту» қоғамдық қорының, «Ой-Cана» психологтар қоғамдық берлестігінің, «Ынтымақ Атырау» ҮЕҰ және Орталық Азияның Еуразия Қорының өкілдері болды.

Мұнда алғы сөзді «Ой-сана» психологтар қоғамдық бірлестігінің өкілі Ботагөз Құдайберген бастап, ол аудандағы Монтессори орталығының ашылуы, мақсаты мен міндеттер туралы түсіндіріп өтті. Бұл жоба  қазіргі таңдағы өзекті мәселе – ерекше балаларды оңалту проблемасын қолға алып, бүлдіршіндерге жарқын өмір сыйлау мақсатында ашылған. Бұл жүйе бойынша балалар зейінін ашып, шығармашылығын дамыта алады. Сонымен қатар, «Integrity жеке тұлғаны дамыту» қоғамдық қорының маманы Бақытгүл Аймағанбетова да өз жобасы туралы айтып өтті.

-«Бұл жобаның тиімділігі балаларға болашақ мамандығын дұрыс таңдай білуге бағдар беру. Яғни 14-17 жас  аралығындағы балалардың мүмкіндігін анықтауға, сұрақтар арқылы сауалнама алып, кеңес беру. Балалардың білімін зерделеуге мүмкіндік береміз. Жылыой ауданында осы жоба бес кезеңмен жұмыс жасады. Осының ішінде аудан балаларының ішінен үш жоба аясында 122 бала қамтылды»,- деді ол.

Таныстырылым барысында бұдан өзге Орталық Азияның Еуразия Қорының «Қоғамдық кеңістіктер» және «Алғыр» бағдарламалары туралы айтып, жыл бойы жасалған жұмысты қорытындылады. «Ынтымақ Атырау» үкіметтік емес ұйымдарының да жетекші мамандары өз жобалары туралы қорытындылап өтті. Атап айтсақ, «Ынтымақ» бағдарламасы аясында ауданда үйде отырған, жұмыссыз қыз-келіншектер пішу, тігу секілді жұмыстарды үйреніп, қосымша маман иесі атанды. Ал, «Қоғамдық Кеңістіктер» бағдарламасы аясында ауылдық округтердің тұрғындары мен аудан жұртшылығы бірлесе жұмыстар атқарған. 2019 жылы басталған жобаның биыл 27 жобасы сәтті аяқталды. Ауданның 8000-нан астам тұрғыны осы жобалардың жемісін көрді. 

Ал «Алғыр» бағдарламасы бойынша өткізілген семинар-тренингтердің нәтижесінде 54 ұйым және бастамашыл топ келген. Құлсары қаласы бойынша 54 ұйымның ішінен 19 ұйым осы жылды үзді аяқтады. Жоба барысында 36 тренер дайындалған. Панельдік сессияның бірінші отырысы ҮЕҰ-дың осындай нәтижелерімен қорытындыланды. Сахнада өнерпаздар ән айтып, кішкентай бөбектер дөңгелене билеп кездесу көркін қыздыра түсті.

Аталмыш жобалардың қорытындысы бойынша жыл ішінде қаншама жұмыстар атқарылып, әр түрлі салада жақсы нәтижелерге жетіп, қоғамға пайдасы зор жобалар жүзеге асырылғанына көз жеткіздік.  Бұл осы үкіметтік емес ұйымдардың атқарып отырған жұмыстарының жемісті нәтижесі. Себебі, одан өзге «Қазақша сайра» онлайн-жобасы, сондай-ақ, әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында Атырау қаласында «Сезуал» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің жобасы іске асырылды.

Панельдік сессияның келесі бөлімі қоғам белсенділерінен құралған ұйымдар таныстырылымымен жалғасты. Мұнда, «Атырау. Шағын ел» қоғамдық бірлестігі, Қазақстанның отбасылық дәрігерлер қауымдастығы, «Жарқыра» әлеуметтік кәсіпкерлік бағдарламасы, «Petrocouncil» заңды тұлғалар бірлестігінің өкілдері шығып, өз ұйымдарының мақсат-міндеттерін айшықтап, жылдық атқарған жұмыстарына  тоқталып өтті.

ТШО компаниясының қолдауының арқасында жүзеге асырылған жобалардың барлығы белсенді азаматтардың еліміздің болашағы үшін қосқан үлесі деп қарауға болады. Өйткені, аудан тұрғындары жыл бойы бастамаларды қолдап, әлеуметтік бағдарламаларға жүгініп отыр. Сондай-ақ аталмыш жобаларға ақпараттық қолдау танытып отырған БАҚ өкілдері де бар.

Жиын соңында жыл бойы бастамаларды қолдап, ақпараттық  қолдау көрсеткен ақпарат саласының қызметкерлерін «Теңізшевройл» компаниясының үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Дәрмен Аронов марапаттап, өз сөзімен жиынды қорытындылады.

Айта кету керек, ауданда бұл бағдарламалардан басқа да,  танымал ерікті «Игілік» әлеуметтік инфрақұрылымдық бағдарламасы бар. Оның аясында биылғы жылы

3 000 орындық орталық стадионның салтанатты ашылуы өтті. Сонымен қатар, ауданда орталық аурухананың құрылысы жалғасуда. Сондай-ақ биылғы жылдың қарашасынан келесі жылдың сәуіріне дейін 50 аудан зейнеткерлері мен еңбек ардагерлері  «Атырау» шипажайында сауықтыру курсынан өтуге мүмкіндік алып отыр.

Бұлардың барлығы Жылыой ауданында жүзеге асып жатқан жобалардың аз бөлігі ғана. Теңізшевройлдың басымдылықтары аймақтың әл-ауқатын көтеру болып табылады. ТШО-ның әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалардың барлығының мақсаты – Атырау облысына пайда әкелу.

 

А.Жұмабергенова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521