Исатай ауданында аудан көлеміндегі агроөнеркәсіп кешенін дамыту және егіншілік саласында көрсетілетін мемлекеттік қолдауларды түсіндіру мақсатындағы дөңгелек үстел өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Нұрланұлының төрағалығымен болған жиынға аудан егіншілері, егін егуге қызығушылық білдірушілер және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының егін шаруашылығы бөлімінің басшысы Тілек Базарұлы қатысты.
Облыстан арнайы келген басқарма өкілі егін шаруашылығы саласында төленетін бірқатар субсидияларға тоқталды. Егін егудің қыр-сыры мен артықшылықтары туралы айта келіп, алдағы жылы жылыжай мен алма ағашын отырғызуға субсидия бөлінетінін және соған сай шыққан бұйрықтармен таныстырды.
- ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 23 шілдедегі «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидилау қағидаларын бекіту туралы» №317 бұйрығына сәйкес жылыжай кешенін салу және кеңейтуге (№17 паспорт) инвестициялық салымдардың 25 пайызын субсидиялау қарастырылған. Тиісінше, ондағы техника мен жабдықтың өзіндік сипаттамасы, жылыжай кешенінде болуы қажет құрылғылар мен өзге талаптарға сай болуы қажет. Сондай-ақ, осы бұйрықта көрсетілгендей, 5 гектардан бастап қарқынды алма бағын отырғызуға да инвестициялық салымдарды өтеу үлесі 25 пайыз. Қарқынды алма бағын отырғызуда белгілі бір технология бойынша жүзеге асуы керек және көрсетілген талаптарға сәйкес болуы керек, - деді Тілек Базарұлы. Жиында егіншілердің көктемгі уақытта жер жырту кезінде туындайтын қиындықтары туралы да айтылды.
Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрберген Мұратұлы алдағы жылғы науқан кезінде егіншілерге арнайы график жасақтап, сенімгерлік басқаруда жүрген әкімдіктің тракторымен жер жырту жұмыстарына жылдағыдай жәрдем көрсетілетінін ескертті. Егіншілердің дені көкөніс егумен айналысатын болғандықтан, олардың сұрақтары сол төңіректе болды. Дегенмен, оларға субсидия бөлінбейтіндігі баса айтылды. Нақтылай кетсек, 2019 жылы аудан бойынша 72 гектар жерге егін егіліп, одан 384 тонна көкөніс, бау-бақша, мал азықтық дақылдар өнімдері алынды.
Анаргүл ҚҰСАЙЫНОВА