Жылыжай табыстың қайнар көзі

Топырағы сортаң, ылғалы аз, шөлейтті өңір үшін көкөніс өсірудің ең тиімді жолы – жылыжай шаруашылығын дамыту.

Осыны түсінген жергілікті шаруагерлер аталған салаға бет бұра бастады.

Нәсібін қолға алған кәсібінен теруге бел байлаған қамысқалалық Ғаділжан Балмолдиннің негізгі мамандығы – жүргізушілік. «Жасым елуден асып, балалардың алды еңбекке жарай бастағанда, бір отбасыға бір кәсіптің керек екенін ұғындым» дейді ол сөзінде.

Исатай ауданы бойынша жалпы саны 2 жылыжай тіркелген болса, соның бірі - Қамысқала ауылдық округінде салынған «Жайна-Бек» жылыжайы. Жұмысын бастағанына аз уақыт болса да, кәсіпкер азамат отбасы ошақ қасымен іс басында тынбай еңбек етуде. Негізінен қиярдың «гуннар» атты тұқымын өсіретін кәсіпкер бүгінде 300 келіден астам өнім алыпты. Алынған өнімнің негізгі тұтынушылары да – ауыл халқы.

– Бұрын-соңды аулаға бақша салып көргеніміз жоқ. Мамандығымыз да бұл саладан емес. Бірақ, адам баласы бір істі ынта-шынтасымен қолға алса, оның түбіне жетпей қоймайды екен. Осы істі бастағанымызға аз уақыт болса да, еткен еңбектің жемісі мен жеңісінен дәм тататын күн жақындай түскендей. Алғашында қиындау болды. Осыдан 2 жыл бұрын «Бизнес кеңесші» қысқа мерзімді курсын оқып, сертификатым қолыма тиген соң «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау облыстық филиалынан несие алудың жұмысымен көп жүгіргенім рас. Бірақ, дегеніме де жетіп, өткен жылдың аяғында қолыма 5 миллион теңге қаржы алдым. Енді 6 ай үзілісімен 4 жылда қайтару міндеті жүктелді. Сол үшін жатпай-тұрмай еңбек етуіміз тиіс, - дейді кәсіпкер.

Көктем шыға сала қосалқы шаруашылыққа арналған 1,2 гектар жер учаскесін қоршап, арнайы жылыжайға арналған күннен қорғайтын құралдармен жасақтап, жұмысын бастаған Ғаділжан Балмолдинге әзірге көмекші болып жүрген - туған-туыстары, бала-шағасы. Өзінің айтуы бойынша, бейнетсіз зейнет жоқ дегендей, алғашында ауылдың тентектері де бастан «сипамапты». Ойын балалары бірде жылыжайды қаптайтын целлофан материалын жыртып кетсе, бірде дайындап қойған темір-терсектерін шашып дегендей, әбігерге салған екен. Кейіннен округ әкімі қолдау көрсетіп, жағдай реттеліпті.

- Су мәселесіне келсек, әзірге суды «Бақсай» каналынан тиісті орындардың рұқсатымен сусорғы арқылы алып отырмыз. Жиналған суды тамшылатып суару әдісімен уақытында егінге жіберіп отырамыз. Қыс мезгілінде, канал бауырлап қатып қалғанда, су жайы қиындау болуы мүмкін. Газ мәселесін де жақын күнде өз күшіммен тартуға жұмыстанып жатырмын. Жарық келіп тұр, қыста жылу қосатын жүйелеріне дейін жүргізіп қойып отырмыз. Әзірге, өз отбасыммен қоса, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы жанынан бөлінген 1 адамға жұмыс беріп, оған ай сайын тиісінше еңбекақысын төлеудемін, - дейді кәсіпкер ағынан жарылып.

Отбасында 2 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отырған кәсіпкер жары Света екеуі «жылыжайдың пайдасын қыста көреміз, еткен еңбекті қайтарар» деген үмітте. Жылыжайға қиярмен қоса, қызанақ көкөністерін де еккен. Аула ішінде қауын, қарбыз да өсіп жатыр. Алдағы уақытта қарбыз бен қауынды жылыжай ішіне егіп байқап көру жоспарында бар екенін де жасырмады бағбан.

 

Міне, күні ертең ауыл күнімен қатар жаңа жылыжайдың ресми түрде ашылу салтанаты да өткелі отыр. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деген емес пе, жаңа бастаманың жандануында ауыл әкімінің де қосқан еңбегі зор екені жасырын емес.

«Көз - қорқақ, қол - батыр» дегендей, кәсіптің осы бір түрінің біздің ауданымызда кенжелеу қалып жатқаны рас. Негізінен аудан халқы малшаруашылығына бейім болғандықтан да, егін саласына көп назар аударылмай жатқаны қынжылтады. Сондықтан әзірге мемлекеттен беріліп тұрған көл-көсір қолдаудың арқасында ойға алған кәсібімізді ашып алғанның зияны жоқ. Бәрібір түптің түбінде еліміз шет мемлекеттердегідей жаппай кәсіпкерлікке бет бұрып келеді емес пе? Ендеше, ертең кеш болмасын десеңіз, бүгіннен бастап қимылдап қалғаныңыз дұрыс, ағайын!

Анаргүл Құсайынова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521