Жылжымалы көрме - ауданымызда

Аудандық «Жалын» мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында «Ұлы дала мәдениетіндегі зергерлік өнер» атты Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі экспозициясының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Көрмеге аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Абежан, дербес бөлім басшылары, аудан ардагерлері, мәдениет саласының қызметкерлері және Тұщықұдық ауылдық округінен келген «Әжелер» ансамблі қатысты.

_

Алғашқы сөз кезегін алған аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сейтжан Бегисинов шеберлер мен зергерлердің қолынан шыққан көз тартар зергерлік бұйымдар ұлтымыздың тарихында алар орны ерекше екендігін атап өтіп, ұлт өнерін ұлықтайтын жауһарлардан жасақталған көшпелі экспозицияның жұмысына сәттілік тіледі.

_

Экспозицияның лентасын Исатай ауданының Құрметті азаматы Құрмет Төлеуішов және аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сейтжан Бегисинов қиды. Көрмені тамашалауға жиналғандарға ондағы зергерлік бұйымдарды облыстық тарихи-өлкетану музейінің этнографы Базаргүл Мақсотқызы таныстырды. Көптің көңілінен шыққан көрмеге облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорындағы ХІХ-ХХ ғасырларды қамтитын этнографиялық жәдігер топтамасынан 82 дана зергерлік бұйым қойылған. Олардың қатарында кемер, дегмент белдік, алқа, бойтұмар, сырға, білезік, үкіаяқ, жүзік, түйме, қапсырма, шолпы, өңіржиек сынды зергерлік бұйымдар да бар. Сондай-ақ көрмеге жергілікті қолөнер шеберлері Гүлзира Қуашқызы, Ұлжан Қабижанқызы және Жанар Амангелдіқызы қатынасып, әсем қолөнер туындыларын көптің назарына ұсынды.

_dsc0502

Шара соңында аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Абежан ауданымызға ат басын бұрған Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің ұжымына ризашылығын жеткізіп, естелік сыйлық тарту етті. Өз кезегінде облыстық тарихи-өлкетану музейінің этнографы Базаргүл Мақсотқызы музей директоры Рашида Ерімқызының аудан әкімі Полымбет Хасановқа жолдаған алғыс хатын табыстады.

2

_

Тұщықұдық ауылдық округінен келген «Әжелер» ансамблі, Ш.Шәріпов атындағы балалар саз мектебінің ұстаздары, «Жалын» мәдениет үйінің әдіскері А.Машаевалардың орындауындағы әуелеткен әндермен, күмбірлетіп төгілген күйлер де жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй тарту еткенін айта кеткен жөн.

Айта кетейік, облыстық жылжымалы көрме ауылдық округтерде жалғасын табады.

Әділбек СЫРЫМОВ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521