ЖЫРМЕН ӨРІЛІП, БӘЙГЕМЕН ТҮЙІНДЕЛГЕН ТОЙ

 

Қамысқала ауылы – ежелден мал шаруашылығын дамытқан өңір.Төрт түлігін түлетіп, ыдысы ақтан арылмаған жергілікті тұрғындардың атакәсібімізді өркендетуге қосып жатқан үлесі мол. Ел экономикасын дамытуда ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлерінің  үлгілі еңбегі мемлекет тарапынан да лайықты бағасын алып келеді. Ол туралы өткен жылы Астанада  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында атап өтті: «Кез келген жетістікке тынымсыз еңбек қана жеткізетіні даусыз. Бұрынғылар «Еңбек бәрін жеңбек» деп бекер айтпаған. Еліміздегі әр азаматтың адал әрі жауапты еңбек арқылы табысқа жеткенін қалаймын. Бұл – азаматтарымыздың өмірлік мақсатына айналуға тиіс. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидасының мәні де осында жатыр.  Мен жастарға сенетінімді үнемі айтып келемін. Ауыл шаруашылығы жастардың өзін танытуына мол мүмкіндік береді деп ойлаймын. Ауылға маман тартудың қаншалықты қиын екенін жақсы білетін шаруашылық басшылары бұл іске ерекше мүдделі»,-деп Президент ауыл еңбеккерлеріне сенім мен қолдауын білдірді.  

Қамысқала жұрты да бұл сөздерді жүрекпен қабылдап, өз еңбектерінің маңыздылығын терең сезінсе керек. Солардың бірі бірлігі бекем, ауызбіршілігі ұйысқан қамысқалалық еңбекқор шаруагерлері туған жерінде алғаш рет  «Құтты мекен –Қамысқалам»  атты төл той мерекесін жоғары деңгейде ұйымдастырып, елді сүйсіндірді.

Тойдың басты мақсаты – шаруагерлердің басын қосып, еңбегін ел алдында дәріптеу, ауыл тұрғындары арасында ынтымақ пен бірлікті арттыру, ауыл атын кеңінен насихаттау болды. Бұл төл тойы да ежелден келе жатқан сабан тойдың жалғасы. Әрі қазіргі таңда халық арасында ұмытылып жатқан дәстүрлі мерекені қайта жаңғырту. Жалпы сабан тойдың өзіндік ерекше сипаты бар. Мұнда да кең дастархан жайылып, ақсақалдар бата береді. Мерекелік сазды-кеш, ойын-сауық түрлері, спорттық шаралар өткізіледі. Ауыл жұрты да жиылып,  қауырт жұмыстан кейін кең тыныс алып бір жасап қалады. «Сабан той» мереке әрі шаруагерлердің еңбек қорытындысы десе де болады. Міне, соның көрінісі ауыл шаруагерлері екі күн бойына асыр салып, ұлан-асыр той етіп, дүркіретіп тойлады. Төл тойдың басы 10-мамыр күні ересектер арасында футбол ойынымен бастау алып, 7 ауданнан келген құрама командалар бақ сынасты. Шаршы алаңнан қарсыластарын қапы қалдырған, құрманғазылық құрама командасы байрақты жүлдені иеленген.

Ал 30-мамыр күні мереке аясында алдымен жазба ақындар мүшәйрасы өтті. Онда қатысушыларға алдын ала берілген тапсырма бойынша ауыл өмірі, еңбек, туған жер тақырыбындағы әсерлі жырлармен сахна шымылдығы түрілді. Жергілікті және ауданнан келген 13 жас ақын жүрекжарды өлеңдерін оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ұйымдастырушылардың ұйғарымымен 5-орынға дейін шектелген. Ол жерде ақындарға төрағалық еткен маңғыстаулық  ақын Әли Тілеген сонымен қатар ауыл мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімдері Бибігүл Төлеуова мен Ұлжан Кенжеғалиева әділқазылық еткен.Төрешілердің шешімімен махамбеттік Ақтілек Абайқызы 5-орын, тұщықұдықтық Ерлан Айтан 4 орынға тұрақтаған. Ал қамысқалалық Дидар Жеткін үздік үштік қатарынан көрінді. Сондай-ақ мерекелік рух пен ауыл өмірінің көріністерін көркем тілімен жеткізген жерлесіміз Саламат Бақтығалиұлы екінші орынға лайық деп танылды. Көрермен мен қазылар алқасын ерекше әсерге бөлеген, Қамысқаланы әсем бейнелеп,  қарасөзбен терең суреттей білген тағы бір жерлесіміз Жаңабай Қуандықов жеңіс тұғырынан көрінді.

Кешкісін сабан тойдың ең әсерлі сәті – гала концерт ұйымдастырылды. Мерекелік концерт ауыл әкімі Рафиғат Тәжиденова алғы сөзімен ашылып, жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов құттықтау тілегін білдіріп, еңбек озаттарын марапаттап, жұртшылық алдында құрметтеді. Ауыл өнерпаздары мен шақырылған қонақтар әсем әндер шырқап, күй төгіп, би билеп, той шырайын келтірді. Ауыл тұрғындары мен қонақтар арнайы тігілген сахна алаңына жиналып, өнер мерекесіне куә болды. Ұйымдастырушылардың шақыртуымен жұлдызды қонақ Асхат Әмірғали келді. Алаңға жиналған жұрт концерттен ерекше рух пен шабыт алды. Осылайша сазды кеш көпшіліктің көңілінен шықты.

 

 

Мерекенің соңғы нүктесі – аламан бәйге болды. Көптеген шабандоз қыран мінгендей шапқан сәйгүліктерін бәйгеге қосып, көрерменге нағыз тартысты дода сыйлады. Аламан бәйгеге Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау облыстарынан және де облысқа қарасты аудандардан 80-ге жуық тұлпар әкелінді. Құрыштай шыныққан тұлпарлармен бірге ауылдың рухы да бірге шауып тұрғандай әсер қалдырды. Жергілікті және көршілес облыс, ауылдардан келген шабандоздар бәйгеге жабы тұқымды, қанды тұқымды, сондай-ақ тай мен құнан жастағы жүйріктерін қосып, нағыз тартысты дода жасады. Жабы тұқымды аттар жарысы – дәстүрлі қазақ жылқыларының төзімділігі мен шабысына куә етсе, қанды тұқымды аттар – ерекше жылдамдықтарымен көрерменнің делебесін қоздырды. Сонымен қатар тай мен құнан жарыстары – жас жүйріктердің алғашқы жарыс жолына шығуы ретінде бағаланды. Жарысқа қатысқан атбегілер өз жылқыларын ерекше баптап әкелгені көрініп тұрды. Дала төсінде қиқумен шабыттанған шабандоздардың үнін тыңдаған көрермендер бәйге қызығына беріліп, әр айналым сайын демін ішіне тартып отырды. Бәйге қорытындысында топ жарған сәйгүліктер мен олардың иелері арнайы сыйлықтармен, алғыс хаттармен және ақшалай марапаттармен марапатталды.  Атап айтсақ, жабы тұқымы бойынша 1-2 орынды қызылқоғалық Бекболат Құныскерей тұлпары иеленді. Ал үшінші орынға Тайсойған ауылынан келген Қанатхан Каримовтің иелігіндегі, шабандозы Жігер Өтеміс мінген «Ақсан айғыры» тұрақтады.

Қанды тұқымды тұлпарлар бәйгесінен қызылқоғалық Дәурен Хамзиннің аты «Айсезім» үшінші орынға ілікті.Ал көрші облыс Оралдан келген Ерболат Болдановтың «Жайық» тұлпары екінші орын, тайпақтық Беталин Иманжаровтың жүйрігі шаң қаптырып, бас байрақты еншіледі. Сондай-ақ, тай жарысының ережесі бойынша тек қана қамысқалалық азаматтардың тайлары қатыстырылған дода нәтижесінде, Әлмұрат Нәбенұлы иелігіндегі «персирон» үшінші орын және де Жанғали Мүтиевтің иелігіндегі «Алмаз» тайы екінші болып, шаршы алаңға жетті.Ал топ ішінен басып озған жасқайраттық Асыланбек Қазиханов иелігіндегі «Бадырақ» тайы бірінші болып жеңіс мәресіне жетті. Соңғы құнан жарысы бойынша оған ауданға қарасты ауыл жүйрігі бақ сынасты.Қамысқалалық Дархан Какимовтің «Хамилон» есімді құнаны үшінші орын, жасқайраттық Асыланбек Қазихановтың «Сарышаян» құнаны жеңіске екінші болып жете білді. Сондай-ақ, қамысқалалық Нұрбол Өтеновтің «Ақкөз» есімді жүйрігі шашасына шаң жұқтырмай, мәреге алғашқы боп жетті.

Бұл жарыс – ұлттық дәстүрдің жандануымен қатар, ауыл жастарының атбегілікке, жылқы шаруашылығына деген қызығушылығын арттырып отырғанының дәлелі болды. Ол туралы бізге ұйымдастырушылардың бірі, ауыл азаматы Мақсот Ислат айтып берген еді.

– Сабан той халқымыздың ежелден келе жатқан дәстүрлі мерекесі. Осыдан 5жыл бұрын ауыл еңбеккерлері, яғни ағаларымыз бастап аламан бәйге ұйымдастырған болатын. Міне, біз де бүгінгі ағалардың өнегесін алған ізбасарлары ретінде жаңғыртып ұйымдастырып отырмыз. Ең бірінші өткізілген спорттық ойын тартысты өтті. Оған тіпті Өзбекстан мемлекетінен де келіп қатысқан командалар болды. Ал жазба ақындар мүшәйрасына келсек, оған жалпы саны 15 адам өтініш берді. Бірақ екі адамның өлеңі жарыс ережесі мен талабына сай келмегендіктен қатыса алмады. Қалған 13 ақын өз өнерлерін ортаға салып, жырға Қамысқала ауылын арқау етті. Қамысқала шаруагерлері  өте ұйымшыл, лайықты деңгейде атап өтті.  Ең бастысы – халықтың көңіл- күйі көтеріңкі болды, үлкен-кіші өз орнын тапты. Екі күнге созылған тамаша төл тойы аламан бәйгемен аяқталды. Биыл бәйгеге қатысқан аттардың дайындығы жоғары деңгейде болды. Басты мақсатымыз – ауыл атын кеңінен танымал ету.Әрі ойдағы, қырдағы шаруагерлердің басын қосып, біріктіру болды. Бір жағынан– ауылда жылқы шаруашылығы мен атбегілік дәстүр жанданғанының айғағы,-дейді ол өз сөзінде.

Қамысқалалықтар сабан тойды бірлік пен берекенің нағыз мерекесіне айналдыра білді. Еңбекке деген құрмет, өнерге деген сүйіспеншілік, салт-дәстүрге деген ілтипат бұл күні анық сезілді. Сабан той – елдігіміздің айғағы, халқымыздың рухани байлығы екенін тағы бір дәлелдеді. Ауыл халқының бірлігіне куә болып, аядай ауылдың қыруар шаруа атқаруға қабілеттілігіне тәнті болып, таңдай қақтық.

 

Сағыныш Ізбасарова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT