Жыртық шалбардың несі сән?

Таңертеңгі мезгіл болатын. Немеремді аптасына екі рет домбыра үйірмесіне апару үшін күндегі уақыттан ертелеу тұрып, көлігімді қыздырып, үйге кірген кезім. Әжесі немересіне ас беріп жатыр екен. Мен уақыттың таяп қалғанын айтып, немеремнің тезірек киініп, сыртқа шығуын өтіндім.

Немерем өз балаңдай емес, еркелеу еді. Сыртқа неге шықпай жатыр екен деп үйге кірсем, немерем қапелімде киімін таба алмай жатыр екен. Әжесінен киімдерінің қайда екенін сұрап,  киетін шалбарын бөлмеден- бөлмеге зыр жүгіріп іздеп жүр. Әжесі күнделікті киіп жүрген бір шалбарын тауып беріп еді, немерем  «жоқ әже, бұл шалбар емес,  жаңадан алған техас шалбар керек» деп  өзі су жаңа бір  шалбарды тауып алды.

Менің көзім су жаңа шалбарының тізесінің үсті алба-жұлба жыртық екеніне түсті. «Балам, мына шалбарыңның тізесі жыртылып қалыпты ғой,  басқа шалбарыңды ки,  ұят болады,  неге әжеңе тіктіріп алмайсың, күні кеше алған жоқсыңдар ма, неге жыртылып қалған» дедім. Осы кезде немерем маған «көке осылай жыртық шалбарды киіп жүру қазір қалада да, ауылда да модаға айналды емес пе,  ешқандай ұяты жоқ, тіпті үлкен апаларымыз да көшеде киіп  жүр ғой» демесі бар емес пе?!

Мен «балам осы қазір бүтін шалбарыңды киіп жүре ғой, келгесін барлығын түсіндіріп  айтармын» дедім. Немерем «барлығы да киіп жүр ғой,  сіз ананы да, мынаны да ұят дейсіз, осы шалбарды да кигізбейтін болдыңыздар ғой» деп, сөйлей жүріп бір бүтін шалбарын киіп алды. Сөйтіп, оны  көп ұзамай домбыра сабағы өтетін жерге апарып тастадым. Балам түсіп жатып: «Көке,  сабақ біткесін, өзім барам, маған келмей-ақ қойыңыз» деді. Шамасы маған ренжіген болуы керек, сосын үн-түнсіз кете  барды. Немеремді ренжітіп алдым-ау, бекер-ақ айтқан екем, деп өз-өзімнен қуыстанып, балам сабағынан тарағанша, аудан орталығына базарға барып келейін деген оймен Аққыстауға тартып кеттім. Шаруаларымды бітіріп келе жатсам, алдымда бір жас  келіншек, бір жас шамасындағы баласын көтеріп, төрт бес шамасындағы баласын жетектеп келе жатыр екен.  Екі тізесі әр жерінен ойдым-ойдым жыртық, шашақтанып ыдырап кеткен тар шалбар киіп алған. Базар басы ығы-жығы, онда  жыртық шалбар киіп жүрген тек ол емес, үш- төртеуі көзіме шалынды.

Таң қалдым, «бұл не үрдіс, осы заманда жыртық киім кигені несі деп  қарадан- карап қапаландым. Заманына қарай солай болды ғой, шамасы, жыртық шалбар кию қазіргі заманның сәні(модасы) болғаны ғой  деп ішімнен ойлап жүре бердім. 

Ауылға қайтып келіп, немеремді күтіп тұрдым. Балам манағыдай емес,  «Көке, мені ұстазым мақтап жатыр, осылай еңбектене берсең, сенен жақсы домбырашы шығады деп, маған берген тапсырманы қайта-қайта тартқызып, көріп риза болды» деп жүзінде күлкі үйіріліп тұр екен. Үйге  келдік. Бұдан кейін жыртық шалбар туралы әңгіме қозғаған жоқпын. Немерем түсқайта мектепке сабағына кетті.

Келесі күні балам сабағын дайындап болғасын әжесі екеуміз  немеремізді қасымызға шақырып алып, «сен кеше маған қатты ренжіп қалған жоқсың ба? Жыртық шалбар кигізбедің деп» сұрадым. -Жоқ, ата, бастапқыда ренжігенім рас, бірақ, сіздікі дұрыс болар деп ойладым дегенде, көзімнен жас қалай шығып кеткенін байқамай  қалдым.

Баламның арқасынан қағып тұрып, «балам, біздер жоқшылық заманда, сонау елуінші жылдардың басында, құмда мектепке төрт шақырым жерден Мауия апам екеуміз жаяу барып оқыдық. Киім тапшы, балалардың аяқ киімі жоқ, бірен- сараны сиырдың терісінен «шарық» (аяқ киім ретінде теріден жасалған) кигендер болды. Қайсыбір балаларға қолдан тіккен күпі (сырт киім), сырмақ шалбарларды аналары қолдан тігіп беретін.

Сенің атаң, менің әкем, мал дәрігері болды.  Қайдан әкелгенін білмейміз, керзі етік, фуфайка, бәтеңке кигенім есімде қалыпты. Анамыз қолдан түлкі терісінен бөрік тігіп берді. Соның өзінде, талай бетімізді аязға қарытып, үсіртіп алған кездеріміз де болды. «Жыртық шалбар» демекші, шалбарымыздың құйрық жағы мен тізесі үнемі тозып, тесіліп, жыртылып қала беретін. Анамыз ісмер кісі еді, бізге көйлек-көншекті қолдан пішіп, тігіп беретін. Жыртылған шалбарымызды анамыз басқа бір матамен жамап беретін. Сенің кешегі тізесі жыртық шалбарды кимекші болғанда, біздің балалық шағымызда иығымызға ілінгенді киіп, барына қанағат еткеніміз есімізге түсіп кетті, балам. Ол заманның жоқшылығы сендердің бастарыңа түспегей» деп, баламды еміріне құшақтап, мейірім қанғанша иіскеп, «сені ренжітсем кешір»,- дедім.

Немерем әжесі екеуміздің мойнымызға кезек-кезек асылып, айқара  құшақтап, енді ешқашан да қайталамаймын, балалар түгілі, үлкендер киіп жүргесін, мен де киіп көрейінші дегенім ғой деп, бетімізден сүйгенде  жүрегіміз елжіреп, ұрпағымыздың сөзімізді түсінгеніне риза болғаннан көңілдеріміз босап, көзімізге жас үйірілгенін қайтерсің...                                                              

 

Мұрат БЕКТЕНОВ,

Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521