«Жыры бітпеген жол». Қамысқала ауылының әкімі есеп берді

Х.Ерғалиев ауылының күнбатыс жақ бөлігінде не автокөлік, не жаяу жүргіншілер жолы жоқ.

Бұл - ауыл жұрты біраздан бері айтып жүрген мәселелердің бірі. Әйтеуір, әр жылғы есеп беру сайын әкімдерге айтылатын елдің назы - бергі бетке жол салу. Тіпті медқызметкерлердің: «тасжолдың жоқтығынан жауынды күндері науқастарға алғашқы медециналық көмек көрсетудің өзі мұң» дегенін көп естуші едік. Ол кезде де әйтеуір, «қарастырамыз», «шешеміз» деген сықылды құлақ үйренген сөздерді естіп қайтушы едік.

Қамысқала ауылдық округі әкімі Рафиғат Тәжиденованың бұл жолғы есебінде сұрақ қоюшылар қатары аз болды. Оған жиынның онлайн түрде өткені себеп болуы да мүмкін.

- Х.Ерғалиев ауылындағы ауылішілік 8,2 км жолды күрделі жөндеу, 3,5 км жаяу жүргінші жолын салу аудандық ТКШ ЖК және АЖ бөлімінің тапсырысымен мердігер мекеме «Шыңдау» ЖШС-мен жобалау-сметалық құжаттары жасақталып қазір сараптамадан өтуі күтілуде, - деген Рафиғат Тәжиденова 5,71 км автокөлік жолын және 3,64 км жаяу жүргінші жолын салуға аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне ұсыныс жолданғанын айтады.

Ауыл халқы секілді біз де «жыры бітпейтін» жол мәселесі туралы нақты білгіміз келіп, жиыннан соң Рафиғат ханымға хабарластық. Білгеніміз, қай басшының тұсында, кімнің олқылығы екені белгісіз, бір кездері жоба жасауда мәліметтердің қате берілуіне байланысты құжаттар әлі реттелмей жатқан көрінеді. Ал, қате жобаның мемлекеттік сараптамадан өтпейтіні белгілі.

– Бүгінде ол мәліметтердің бәрін қайтадан жаңартып беріп қойдық. Жоба әлі күнге дейін мемлекеттік сараптамада жатыр, - дейді ауыл әкімі.

«Ел құлағы елу», ауылға спорт кешені салынады деген сүйінші хабарды естігелі бері қамысқалалық жастардың жатса-тұрса тілейтіні - ғимарат құрылысының ерте басталып, аяқталғаны. Бірақ, әзірге ол да жоба күйінде тұр. Иә, спорт кешені бойынша сараптама қорытындысы алынып, қаражатқа сұраныс беріліп қойған.

Сондай-ақ, саз мектебі, жазғы су желісі құрылысы да қаражатқа қарап тұр. Ауыл әкімінің айтуынша, қайсысына бұрын қаржы қаралып, құпталса, сол құрылыс бұрын жүрмек. Ол спорт кешені болуы да бек мүмкін.

Айта кетейік, үш елді мекеннен тұратын ауылдық округте 749 түтін, 4080 адам бар.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521