«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар»

 

Бүгінгі ауыл тұрғындарының спортқа деген қызығушылығын ояту, бос уақытын тиімді пайдаланып, салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыру – уақыт талабы. Осы мақсатта Тұщықұдық ауылында елдік пен ерлікке үндейтін, дәстүр мен дене тәрбиесін қатар ұштастырған ерекше спорттық шара ұйымдастырылды. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» деп аталған бұл дода Тұщықұдық ауылдық округі әкімдігінің бастамасымен және Н.Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйінің қолдауымен өтті.

Ауылдың үлкен-кіші жастары жиналған бұл игі шараға 50-ден астам тұрғын қатысып, ұлттық спорт түрлері бойынша өзара бақ сынасты. Ұйымдастырушылар сайысқа қатысушылардың құрамына да ерекше мән берген. Додаға көп балалы отбасылардың мүшелері, спорттан шет қалып жүрген жастар ғана емес, пробация есебінде тұрған азаматтар да тартылған. Бұл ауыл қоғамында инклюзивті және біріктіруші орта қалыптастыру жолындағы маңызды қадамның бірі.

 

 

Сайыс бағдарламасы да мазмұнға бай, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға бағытталған. Қатысушылар шапшаңдық пен тепе-теңдікті қажет ететін ләңгі тебу, логикалық ойлауға баулитын дойбы, дәлдік пен мергендікке негізделген асық ату секілді ұлттық спорт түрлері бойынша жарысты. Бұған қоса, ерлер арасында дене қуатын сынаған кір тасын көтеру сайысы да өтті.  Жастардың бойындағы күш-қуатты танытып қана қоймай, батырлық пен табандылыққа жетелейтін сын болды.

Жарыс қорытындысы да тартысты өтті. Ләңгі тебуде ширақ қимылы, ұтымды техникасымен көзге түскен Аралбай Таниев жеңімпаз атанса, Ербол Тулеушов II орынды иеленді. Дойбы сайысында жоғары деңгейде ойын көрсеткен Асылбек Сағынғалиев жеңісті жұлып алып, Рашид Амиров, Оспанғали Арыстанғалиұлы мен Нұрхат Насихатов үздік үштікті толықтырды. Ал асық атуда Батырханов Қабен мергендігінің арқасында бірінші орынды еншіледі. Бұл сайыста нәзік жандар да бәсекеге белсене қатысып, жақсы нәтижелер көрсетті – Дариға Ғалимова II, Ақзиба Қабдрахманова III орынды иеленіп, ерлермен қатар сынға түсуге болатынын дәлелдеді. Ал кір тасын көтеруде жеңіс тұғырынан Хамзин Ғалым көрінді. Осы сайыста Ербол Тулеушов тағы да II орын алып, өзінің жан-жақты спорттық қабілетін көрсетіп, көптің ризашылығына бөленді.

 

 

Жарыс соңында барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы марапаттар мен алғыс хаттар табысталды. Қатысушылар да, көрермендер де іс-шарадан көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.  Ұлттық спортқа деген сүйіспеншілікті арттырумен қатар, бұл бастама ауылдағы әлеуметтік топтарды біріктіріп, жастарды қоғамдық өмірге тартудың жарқын үлгісіне айналды. Алдағы уақытта да осындай мазмұнды жобалар жалғасын табады деген сенім бар.

 


    
Камилла ҚҰРМАНҒАЗИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT