Үзілген іс, жалғанған үміт...

 

Осыдан біраз жыл бұрын аудан халқының тұрмысына жаңалық әкелген кәсіпкерлік бастама – Жанбай ауылында ашылған «Гүлшат» жартылай фабрикат өнімдерін шығаратын нысан – өңдеу өнеркәсібінің аудан үшін қаншалықты маңызды екенін дәлелдеген болатын. Бұл өндіріс орны тек сауда орнын емес, нақты жергілікті еңбек пен өнімнің құнын арттырған шағын индустрия ошағын қалыптастырды. 

Алғаш ашылған кезде аталмыш кәсіпорын Исатай жұртшылығына үлкен серпіліс сыйлады. «Гүлшат» өндірісіндегі өнімдер – түшпара, мәнті, жылқы етінен қуырдақ, қазы-жая, сондай-ақ бұқтырылған түйе, қой, жылқы, сиыр консервілері – барлығы жергілікті шаруашылықтан алынған табиғи еттен дайындалды. Тұрғындар таза әрі қауіпсіз өнімді дүкен сөрелерінен көргенде, ауылда өндірілген тағамдарды тұтынудың бақытын сезіне білді. Аталған кәсіпорынды шикізатпен қамтамасыз етіп отырған «Құрасов Р» шаруа қожалығы таза, сапалы ет өндіру арқылы жергілікті кәсіпті жандандыра білді. «Гүлшат» өнімдерінің танымалдылығының артуы да кездейсоқ құбылыс емес.

Сапалы азық-түлікке деген қоғам талабы жоғарылаған заманда Нарын топырағында өсірілген малдың еті экологиялық тұрғыдан таза, құнарлы әрі дәруменге бай өнім ретінде ерекшеленді. Дәл осы артықшылық жергілікті өнімнің брендке айналуына мүмкіндік бергендей. Аудан халқы жергілікті өнімді тұтыну арқылы ауыл шаруашылығының, яғни өз экономикасының дамуына жанама түрде үлес қосып отырғанын түсіне бас-тады. Әрине ауданымызда үйінен жартылай фабрикат өнімдер жасап сататын жеке кәсіпкерлер баршылық. Дегенмен мол көлемде өндіріп,  әр ауылдық округтің азық-түлік дүкендерін қамтитын кәсіпкерлер – жоқтың қасы. Қосымша консервілік өнім өндіретін кәсіп иелері кездес-кен емес.

Алайда қуанышты бас-тама ұзаққа созылмады. Жабдықтардың ақауы мен білікті маманның жетіспеушілігі салдарынан кәсіптік нысан 3-4 жыл жұмыс істегеннен кейін тоқтап қалды. Бұл мәселе тек «Гүлшат» өндірісі үшін емес, жалпы ауылдық жерлердегі кәсіпкерлік пен өндірістік бастамаларға тән ортақ қиындық екенін көрсетеді. Өндіріс орындары құрал-жабдықпен ғана емес, техникалық білімге ие мамандармен, инженерлік қызметпен, тұрақты кадрлық ресурспен де қамтамасыз етілуі қажет. Маман тапшылығы ауылдағы индустрия дамуына басты кедергі болып отырғаны жасырын емес. Сондай-ақ өндірістің тоқтауы жергілікті халыққа да әсерін тигізді.

Табиғи өнімді күткен тұтынушылар, ауылдағы шағын салада жұмыс істеген адамдар, ет өндіруші шаруашылық,  бәрін қамтитын экономикалық тізбек үзіліп қалды. Дегенмен мұның өзі тоқырау емес, қайта тәжірибе жинақтаған қазақы еңбек мектебі үшін жаңа қадамға бастайтын сабақ іспетті. Қуаныштысы сол кәсіп иесі қазіргі таңда өндірісті қайта жандандыру жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты. Жабдықтарды жөндеу, жаңа мамандарды тарту, өнім көлемін көбейту жоспарланған. Бұл –Исатай өңіріндегі өңдеу өнеркәсібінің қайта аяққа тұруына үміт сыйлаған оң өзгеріс. Кәсіпкердің айтуынша, өндіріс іске қосылса, жаңа өнім түрлері де енгізіліп, нарық ауқымы кеңеймек. Бұл тек экспорттық деңгейде емес, ішкі тұтынушының азық-түлік қауіпсіздігіне үлес қосатын маңызды қадам болмақ.

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT