Әр ұлттың жүрегінде мейірімге, ізгілікке деген іңкәрлік бар. Ал сол ізгіліктің нағыз үлгісін қазақ халқы тарихтың талай тар кезеңінде көрсете білді. Кең жазира даласындай дархан пейілдің иесі – қазақ елі өткен ғасырдың зұлмат жылдарында тағдырдың тәлкегімен жер ауып келген түрлі ұлт өкілдерін жатсынбай, бауырына басты. Тілі бөлек болғанымен, тілегі ортақ, арманы бір жандар қазақтың қара шаңырағына айналған Ұлы Даладан өз орнын тапты. Олар бірте-бірте ұлттың болмысын бойына сіңіріп, әдет-ғұрпына қанығып, қазақ тіліне судай төселіп, осы елдің бір бөлшегіне айналды.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – сондай тағдырлас жандардың бірі. Оның аты-жөні – Заманбетова Ирина Вячеславовна. Ұлты – беларус. Бірақ мұны білмесеңіз, ол кісімен алғаш сөйлескен сәтте-ақ «қазақ екен ғой» дер едіңіз. Аққыстау жұртшылығына есімі етене таныс, жайсаң мінезді Ирина Вячеславовна қанша қиындық көрсе де, өмірге деген құлшынысын жоғалтпаған жан. Қазақ тілінде еркін көсіліп сөйлейтін, ұлттық құндылықтарға құрметпен қарайтын оның болмысы көпке үлгі.
–Ирина Вячеславовна, алдағы келе жақан Бірлік күнімен құттықтаймыз. Сізді баспасөзден көп көре бермейміз, бірақ ауылдастарыңыз сіздің қазақ отбасына келін болғаныңызды жақсы біледі. Өзіңіз туралы қысқаша айтып өтсеңіз: қай жерде дүниеге келдіңіз, ата-анаңыз қандай жандар еді?
– Пейіліңізге рахмет! Шынымды айтсам, бұған дейін талай адам сұхбат алуға ниет білдіріп келді. Бірақ көбіне келісе бермейтінмін. Бұл жолы сіздердің жылы сөзіңіз бен шынайы ықыластарыңызды қайтарғым келмеді. Менің анам – Беларусь елінің тумасы. Ата-анамның отбасылық өмірі ұзаққа созылмапты. Сол себепті анам бізді алып, Беларусь елінен Қазақстанға қоныс аударады. Ол кезде мен небәрі 9 айлық нәресте екенмін. Өзімнен үлкен, 1968 жылы туған Светлана есімді апам бар. Анам Қазақстанда өз бетімен өмір сүріп жүргенде Тобылбай есімді қазақ азаматымен танысып, екеуі бас қосады. Сөйтіп, Ақтөбеде бірге өмір сүреді. Екеуі де теміржолда қызмет етті. Кейін әкемізді жұмыс бабымен Өзбекстанға жібереді. Біз де сол жаққа қоныс аударамыз. Мен мектепке барған жылы анам мені орыс сыныбына берді. Бірақ өзім орысша сөйлей алмай, балалармен тіл табыса алмай қатты қиналдым. Келесі күні «қазақ сыныбына барамын» деп жылағаным есімде. Өзге ұлт өкілі болсам да, кішкентайымнан қазақ тілін меңгеріп, қазақша сөйлеп өстім. Бұл – бір жағынан қазақы ортада өскенімнің, екіншіден әкемнің бізге деген шынайы мейірімінің арқасы деп ойлаймын. Сол кезеңде мектепті 8-сыныппен аяқтайтынбыз. Қатарымнан қалмай жақсы оқып шықтым. Жылдар өте келе жолдасыммен таныстым. Жолдасым Заманбетов Асан – осы Тұщықұдық ауылында туған, руы – Бегіс. Оның ата-анасы кезінде Атыраудан көшіп, біз тұрған Жақсылық стансасында теміржолда қызмет еткен. Сол жерде танысып, 1991 жылы шаңырақ көтердік. Жолдасым инженер болып «ӨзбекГазТранс» мекемесінде жұмыс істеді. Басшылық жақсы маман ретінде оны жұмыстан босатқысы келмеді. Ақыры, енем, яғни екінші анам араға түсіп, Қазақстанға көшуімізге себепкер болды. Сөйтіп, 2002 жылы Аққыстау ауылына қоныстандық. Ол кезде енем, қайын ағам мен інім – бәріміз бір шаңырақ астында тату тұрдық. Ауыл адамдары да бізге жатырқамай, шын көңілмен қабылдады. Қонаққа шақырып, көрші-қолаңмен тез араласып кеттік. Қазақстан азаматтығын 5 жылдан кейін ғана алдым. Ол заманда ел аумағында кемінде 5 жыл тұру талабы болатын. Ал жолдасым – қазақ азаматы болғандықтан, оның құжаты бір айда дайын болды. Осы жаққа келгенде салт-дәстүрден аттамай, келін болып сәлемімді салдым. Қазақтың жөн-жоралғысы мен тыйымдарын қатаң ұстандым. Үлкеннің алдын кесіп өтпеу, сөзін бөлмей тыңдау мен үшін тәрбие діңгегі болды. Мүмкін, үлкендердің батасын алғанымның арқасында жолым да ашық болған шығар. Қазір, шүкір, бес ұлымыз бар. Барлығы да өз саласында еңбек етіп, қоғамға пайдасын тигізіп жүр. Үшеуі отбасын құрып, келін түсірдік. Немерелерім – әзірге сегіз. Жолдасым «ЖайықМұнайГаз» мекемесінде жұмыс істеп, адал еңбекпен отбасын асырады. Қолы шебер еді – қазіргі тұрып жатқан үйіміздің әр кірпішін өзі қалаған. Өкінішке қарай, ол 2023 жылы өмірден өтті. Енем – Роза Салауатқызы – өте мейірімді жан болатын. Көп жағдайда атын атамаймын, бірақ ел ішінде танымал болғандықтан, оқырман танып жатсын деп айтып отырмын. Бұл кісі – ауылға кеңінен танымал соғыс ардагері Апенов Ғайни деген кісінің қарындасы. Бүгінде жолдасым өмірден өтсе де, қайын аға мен қайын інілеріммен ара-қатынасымыз өте жақсы. Бауырымыздай болып араласып тұрамыз.
– Болмысыңыздан қазақы тәрбиенің іздері анық көрінеді. Салт-дәстүр мен ырым-тыйымдарды берік ұстаныпсыз. Жалпы, оларды орындау сізге қиын болған жоқ па?
– Иә, шынымды айтсам, осы күнге дейін өзімді «қазақпын» деп қабылдаймын, беларус екенімді жиі ескере бермеймін. Бірақ уақыт өте келе, адам өткеніне ойланады екен. Қазақ еліне келіп, өз бақытымды тапқаныма шүкір етемін. Өмірімде өкінетін ештеңем жоқ. Қайта ұлттық құндылық пен руханиятпен сусындап өскен жан ешқашан қор болмайтынын түсіндім. Ұлдарым мен келіндеріме де әрдайым осыны айтып жүремін. Қазақы ем-домға сенемін. Балаларым ауырса, қорғасын құйып, жерұшық жасайтындардың бірі – өзіммін. Анам мен екі бауырым Алматыда тұрады. Кейде олар көшіп келуімді айтады. Бірақ мен Аққыстауға бауыр басып қалдым. Ауыл адамдары өте жанашыр, қонақжай, қайырымды. Қандай жағдай болмасын, қол ұшын созуға дайын тұрады. Ауылдастарымды туғанымдай жақсы көремін. Мұнда көбіне қазақ отбасылары тұрады. Бәріміз тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Бізде мереке болсын, қуаныш болсын, бәріміз бірге атап өтеміз. Қазақ тілін еркін меңгеруіме де осы орта көп әсер етті. Жақын құрбыларымның бәрі де – қазақтар. Тілді білу тек сөйлесу үшін емес, өмірге басқаша көзбен қарауға, кез келген қиындықтан жол табуға көмектеседі. Қазақтың тілін ғана емес, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын білмеу – мен үшін ұят нәрсе. Қазақтың ұлттық тағамдарын да жақсы әзірлеймін. Біздің отбасымызда мереке мен демалыс күндері міндетті түрде ет асылады. Әсіресе мамыр айының алғашқы күнінде тойланатын Бірлік мерекесінің орны ерекше. Бұл күн – біз үшін елдегі ынтымақ пен татулықтың символы.
– Ауыл тұрғындарын өз жақындарыңыздай көріп, етене бауыр басқаныңыз әңгімеңізден байқалып отыр. Ал осы атаулы мереке қарсаңында кімдерге алғысыңызды білдірер едіңіз?
– Біз әрқашан өзара құрметімізді жоғалтпай, тату көршілік пен сенімді достығымыз үшін бір-бірімізге ризашылығымызды білдіріп тұруымыз керек. Осы себепті осындай бір күннің белгіленгені дұрыс болды деп ойлаймын. Мен ең алдымен қиын-қыстау кезеңдерде бізді, яғни өзге ұлт өкілдерін құшақ жая қарсы алып, қамқор болған дархан көңіл қазақ халқына ерекше алғысымды білдіргім келеді. Сондай-ақ, әр қадамымызға қолдау білдірген жақындарымыз бен бізге ықылас білдіріп қараған басшыларға да шексіз алғыс айтамын. Мысалы, марқұм Маштахов Таупих ағайға ерекше ризашылығымызды білдіріп, әлі күнге дейін айтып жүреміз. Ол аудан әкімдігінде қызмет атқарған кезде бірауыз сөзімізді жерге қалдырмай, баспана беріп, көмектескен болатын. Ғаділ Боранбаевтың да ықпалы үлкен болды. Біз сол шаңырақта біраз уақыт тұрдық, кейін оны қайын ағамызға беріп, өзіміз жеке үй тұрғыздық. Бүгінде ұлым мен келінім осы үйде түтінін түтетіп отыр. Бірлігіміз бен достығымыз мәңгілік болсын деп тілеймін!
– Әсерлі әңгімеңіз үшін рахмет, бірлігіміз мәңгі жарассын!
Сағыныш ҚАЙЫР