Зинеден ауылында «ALASHA» шағын маркеті ашылды

Зинеден ауылында жаңа кәсіпкерлік нысанның салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Шалғай ауылдан заманауи үлгіде салынған «ALASHA» шағын маркетінде азық-түлікпен қоса, тұрмыстық тауарлар да сатылады. Тұтынушы өз-өзіне қызмет көрсетіп, керегін өзі таңдап алады, сатушы тек кассадан төлем қабылдайды. Мұндай үлгідегі сауда орындары қалалық жерлерде, аудан орталықтарында әуелден бар, енді шалғай ауылдардан да көре бастадық.

ad98bc21-19b7-4875-b44d-cd8f2c04cbb0
Кәсіпкерлік нысанның ашылуымен құттықтаған ауыл әкімі Ерлан Махсотов ел игілігіне қызмет ететін қандай да бір нысандардың ауылдан көпетеп ашылуы үлкен қуаныш екенін, қазіргі таңда кәсіп бастағысы немесе кәсіптерін кеңейткісі келетіндерге мемлекеттен қолдаулар, әртүрлі бағдарламалар мен гранттар бар екенін назарға берді.
Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, батагөй қария Уахит Әділов: -Ауылымыз шағын болса да, қажетті кәсіпкерлік нысандар ашылып жатыр. Бүгін тағы бір нысанның ашылғанына куә болып отырмыз. Бұл, бір жағынан, ауылдың сәні, бір жағынан, көпшіліктің керек-жарағы алысқа сабылмай, жақын жерден табылғаны дұрыс,-дейді.
Шарада ауыл тұрғындары кәсіпкер Айбек Шамровқа игі тілектерін жолдап, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Уахит Әділов пен кәсіпкердің әкесі Талап Шамаров жаңа нысанның лентасын қиды, қазақы дәстүр бойынша шашу шашылып, тұрғындар шағын маркеттің ішін тамашалап, саудаларын жасады.

01f8390d-e64f-4307-be9f-13083a3c831d
Жаңа нысанның иесі, кәсіпкер Айбек Шамаровтың айтуынша, бұрын мал шаруашылығымен айналысқан, алғашында ауылдастардың ұсынысына орай ет дүкенін ашуды жоспарлаған. Алайда, әзірге кейінге қалдырылғанымен, кәсіптің ыңғайына, сауданың жүруіне қарай, алдағы уақытта ет дүкені де болатын көрінеді. Қазіргі таңда шағын маркетте бір сатушы, екі көмекші, бір жүк тасушы қызмет жасайды. Жұмыспен қамтылғандар ауыл тұрғындары, кәсіпкер «жалақыны 90 мың теңгеден кем қылмаймын» деп отыр.
Айта кетейік, бұл Зинеден ауылында жыл басынан бері ашылып отырған екінші кәсіпкерлік нысан. Бұған дейін «Құттығай» тұрмыстық тауарлар мен шаруашылық дүкені ашылған болатын.

Нұрболат НҰҒМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT