Зинеден ауылының әкімі өнер байқауынан жеңімпаз атанды

Исатай ауданында мемлекеттік қызметшілер арасында өткен "Үкілі домбыра" байқауы өтті.

"Мемлекеттік қызметшінің жеті қазынасы" топтамасы жобасының "Өнерлі өрге жүзеді" бағыты бойынша ұйымдастырылған өнер жарысында 4 үміткер бақ сынады.

Мемлекеттік қызметшілердің жалпы өнерге қызығушылығын арттыру, таланттарды анықтау мақсатында қолға алынған шара онлайн түрде өтті. Үміткерлердің өнерін сарапшылар алқасы да бейнажазба арқылы бағалады. Былайғы уақытта ел ісінен қолдары босай бермейтін мемлекеттік қызметшілер ән шырқап бір марқайып қалды десе де болады. Олар желі арқылы көптің де көңілін сергітіп, көрерменнің ыстық ықыласына ие болды.

– Әрине, сахнада көрерменнің алдында өнер көрсеткен бөлек дүние ғой, амал жоқ, қазіргі жағдайға байланысты байқау онлайн түрде өтті. "Әу демейтін қазақ жоқ", төрт үміткер болып қолдан келгенше өнер көрсеттік. "Өнердің естісі бар, есері бар" демекші, баба мұра - қасиетті қара домбырамызды қастерлеу, оны кейінгіге дәріптеу әрқайсысымыздың ұлттық борышымыз деп білемін. Шебер орындамасам да дәстүрлі өнерді, оның ішінде күй тыңдағанды ұнатамын, - дейді Зинеден ауылының әкімі Ерлан Махсотов байқаудан алған әсерімен бөлісіп.

Бұрын эстрадалық әндерді ғана шырқайтын ол: "Үйде бос мезгілде аз-мұз шертетініміз болмаса, бұл - менің домбырамен сахнада алғаш рет айтып тұрған әнім" дейді. Осындай шаралар жиі ұйымдастырылып тұрса деген тілегін де жеткізді.

Айта кетейік, мемлекеттік қызметшілер арасындағы "Үкілі домбыра" байқауында Зинеден ауылдық округінің әкімі Ерлан Махсотов, аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Ербол Есмағила, аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Саябек Шагиров, аудан әкімі аппаратының мемлекеттік қызмет көрсетуді бақылау және ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Еркін Дастан өнер көрсетті.

Сарапшылардың қорытындысымен Зинеден ауылдық округінің әкімі Ерлан Махсотов байқау жеңімпазы атанды. Енді ол облыстық сайыста бақ сынайды.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521