Зинеден көгілдір отынмен толық қамтылды

Бір кездері ауыл әкімдері тұрғындар алдында есеп береді дегенге күліп қараған едік.

Есеп беру жиындары ештеңені өзгертпейді деген пікірлер айтылған. Бірақ қазір мүлдем басқа жағдайдың куәсі бола бастадық. Себебі, ауданда атқарылған жұмыстардың дені осы есеп беру жиындарында айтылған ұсыныстар арқылы жүзеге асып отыр. Мәселен, Зинеден, Нарын, Жанбай ауылдарының кірмежолдары, каналдарды күрделі жөндеу, ауылішілік жолдар салу, елді мекендерге таза ауызсу мен көгілдір отын жеткізу секілді мәселелердің бәрі де әр жылдары есеп беру жиындарында көтеріліп, тұрғындар тарапынан ұсыныс ретінде қабылданған еді. Қазіргі таңда аталған жұмыстар оң шешімін тауып, халық игілігін көріп отыр. Әрине, барлық ұсыныс айтылған жылы жүзеге асты дей алмаймыз, араға жылдар салса да, аяғы оң шешім табумен аяқталғаны маңызды. Әу баста ауыл әкімдерінің есеп беруі азаматтық қоғамды қалыптастыруды көздейді деп түсіндірілген болатын. Сол үдеден шығып келе жатқан сыңай байқалады. Қазір ұсыныстарды ауыл тұрғындары кеңесіп, жүйелеп, ең маңызды деген жұмыстарды назарға беретін уақыт. Кез-келген орынсыз айтылған ұсыныс бюджет қаржысын босқа шашып, шешімін күтіп тұрған маңызды жобалардың алдын орап кетуі де мүмкін.

Биыл есеп беру жиындары Зинеден ауылдық округінен басталды. Ауыл әкімі Ерлан Махсотов өткен жылы атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Олардың негізгілеріне тоқталатын болсақ, ауылдағы саябаққа «Светланд Ойл» ЖШС-нің демеушілігімен және футбол алаңына да жәй жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Зинеден ауылына кіреберіс жол бойына ауыл атауы жазылған кіші архитектуралық белгі және күн сәулесімен қуаттанатын түнгі жарық шамы, ауылдағы су тарату-тазарту қондырғысының су сүзгіш фильтрлері тазартылып, қосымша 1 фильтр және жаңа трансформатор орнатылған. «Сазанқұрақ» ЖШС-нің демеушілігімен Исатай батыр шекара бөлімшесіне газ желісі жүргізілген.
Сондай-ақ 2020 жылдың қорытындысымен халыққа есеп беру кездесуінде де ұсыныс-пікірлер айтылған болатын. Қазіргі таңда олардың бірқатары жүзеге асқан. Мәселен, өткен жылы Амангелді елді мекеніне 12 шақырым газ құбыры  тартылып, қазан айында іске қосылған. Аталған елді мекендегі кітапханаға жылу жүйесі жүргізіліп, жәй жөндеуге жобалау-сметалық құжаттары жасақталуда. Жаңа әкімдік ғимаратын салу үшін де алғашқы қадамдар басталып кеткен.

2

Сонымен қатар, өткен жылдың тамыз айында аудан әкімі Полымбет Хасанов барлық ауылдық округтерде тұрғындармен кездесіп, көтерілген мәселелер мен ұсыныстар бойынша іс-шаралар жоспарын жасақтап, орындалысын бақылауға алатынын айтқан болатын. Сол кезде тұрғындар каналдарға су айдауды ұсыныс етсе, бюджеттен елді мекендерді сумен қамтуға 2021 жылға 11 285 000 теңге қаражат бөлініп, округ аумағынан өтетін каналға су айдалып, 10 044 000 теңге қаржысы игерілген. 1 241 000 теңгесі жеткілікті су айдалмауы себепті кері қайтарылған. Шағын футбол алаңына газон төсеу бойынша жобалау-сметалық құжаттары жасақталып, биыл қаржы бөлініп, жұмыстары басталмақшы және өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша ауыл ішіне жарық көздерін орнату жоспарлануда.

Ауыл әкімі Ерлан Махсотовтың айтуынша, округте 27 адам ресми жұмыссыз ретінде тіркелген. 2021 жылдың ішінде 78 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылып, 134 адам, оның ішінде 44 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Жастар практикасымен 4 адам және әлеуметтік жұмысқа 7 адам, сонымен қатар, «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы арқылы 17 жас жұмыспен қамтылған.

2022 жылдың 1-қаңтардағы қорытынды бойынша шаруа қожалықтары мен тұрғындар қолында 2069 – мүйізді ірі қара (МІҚ) , 5482 – қой-ешкі, 1765 – жылқы, 686 – түйе малдары бар. Өткен жылы асыл тұқымды аналық және аталық бұқа, қошқар малдарын сатып алған және асыл тұқымды селекциялық және түрлендіру жұмыстарымен айналысып жатқан 4 шаруашылыққа 2 960 000 теңге және қысқы мал азығын дайындағаны үшін 5 шаруашылыққа 12 386 127 теңге, жалпы ауылдық округ бойынша 15 346 127 теңге субсидия төленген. Округке қарасты «Середка», «Қарабөлек» учаскелерінен жеке тұрғындар мен шаруа қожалықтары 6923 тонна сапалы мал азығын дайындаған.
Жиында сөз алған аудан әкімі Полымбет Хасанов аудан көлемінде жасалып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталды.

- Зинеден ауылында 5,1 шақырым жолды салу мақсатында жобалау-сметалық құжаттама дайын тұр, жоба құны 600 млн.теңгенің үстінде. Облыс әкімдігіне бюджеттік өтінім берілді. Егер қаржы бөлінсе, облыстық мәслихатпен келісім алынса, Зинеден ауылындағы жол да жасалатын болады.

Тұрғындар бірнеше жыл бұрын салынған шағын футбол алаңын жөндеуді сұраған. Өткен жылы тиісті жобалау-сметалық құжаттамасын жасақтап, биылға қаржысы қаралды және ауыл ішілік жолдарға жол белгісін орнату туралы да ұсыныс болған, биыл аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне жолдарды күтіп ұстауға тиісті қаржысы бөлінді, мердігер анықталғаннан кейін, қажетті жол белгілерін орнату жұмыстарын жүргізетін боламыз.

Ю.Гагарин атындағы мектепті күрделі жөндеуге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қаржы бөлінді, мемлекеттік сатып алуды өткізу арқылы мердігер мекеме айқындалып, тамыз айында жұмысқа кірісті. Күрделі жөндеу жұмыстары өткен жылдың желтоқсан айында аяқталуы тиіс еді. Қазіргі таңда ішкі жұмыстары аяқталды, спорт залының едені мен кәріз жүйесі, қоршауын жаңарту және мектеп шарбағынан шағын футбол алаңы құрылысын жүргізу секілді жұмыстары бар әлі. Өткен жылдың желтоқсан айында ауылдың бір топ азаматы сол мектепке барып, мердігер мекеменің жұмысына кедергі жасады. Құрметті ауыл тұрғындары, ондай бақылау жұмысын жасайтын тапсырыс беруші бар және техникалық қадағалаушылар бар, мердігер мекеменің өзінің жауапкершілігі бар, сондықтан мердігер мекеменің жұмысына кедергі жасамауларыңызды сұраймыз. Біз де келісімшарт бойынша сапалы жұмыс талап етеміз,-деді.

Жиында тұрғындар тарапынан өзекті мәселелер көтеріліп, көптеген орынды ұсыныстар айтылды. Азық-түліктің, мал азығы – жем-шөптің бағасының қымбаттауы жөнінде мәселе қозғалды. Одан бөлек ауылдық округ аумағында жұмыс жасап жатқан балық кооперативтерінің тұрғындарға балық өнімдерін сатуын ұйымдастыру немесе бес келіге дейінгі көлемде балық аулауға рұқсат беру, дәрігерлік-амбулаториялық пунктті күрделі жөндеуден өткізу сынды ұсыныстар жолданды.

d5d0c8d4-deba-45fe-ae2d-8f2d2ef170dc

Сондай-ақ Нарын құмындағы су көздерінің тапшылығы, мал өсіруге қиыншылық келтіріп, шаруагерлер өз қаржыларына құдық қазудың әртүрлі әдістерін қолданса да, нәтиже болмай отырғанын алға тартып, оның үстіне Қиғаш, Жайық өзендерінің жағдайы күннен-күнге нашарлап бара жатқанын ескеріп, болашақта мал шаруашылығын тұралатып алмау үшін жерасты қабаттарындағы су көздерін анықтауға мемлекеттік деңгейде ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізу керектігін қаперге берді.

Жиында аудандық ветеринариялық стансы директоры Аманжол Рахметов ауылдық округте ветеринар маман жоқ екенін, тәжірибеден өткен жас мамандар оқуын бітіргеннен кейін де жұмысқа келмейтінін, Исатай, Зинеден ауылдық округтеріндегі эпизоотиялық жағдай күрделі екенін айтты.

-Зинеден, Исатай ауылдық округтері малдан адамға жұғатын аурулар бойынша қауіпті аймақ болып тұр. Соңғы кезде көп кездесіп жүрген бруцеллез ауруы бойынша биыл екі округтен 43 бас МІҚ мен 7 бас түйеден ауру анықталған болатын. Өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе ауру көрсеткіші өсіп кетті. Атырау облысы бойынша адамарда бруцелезге шалдығу жағдайлары кездесіп жатыр. Сондықтан біз бруцеллезді тоқтатуға жұмыстануымыз керек. Малыңызды түгел тіркетіп, тексеруден өткізу керек. Осы жұмыстарды қатаң бақылауға аламыз. Бруцеллезге қарсы вакцинация жасау әрбір жеке адамның, шаруагердің өз құзырындағы жұмыс. Алдағы уақытта ветеринариялық шараларға салғырт қарамауларыңызды сұраймын,-деді.

Нұрболат НҰҒМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521