«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Зинеден ауылында сенбілік өтіп, тал егу жұмыстары ұйымдастырылды. Ауылдың көркеюі мен экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған шараға округке қарасты мекемелердің ұжымдары белсене қатысты.
Акцияға Юрий Гагарин атындағы орта мектеп, «Ақбота» бөбекжай-балабақшасы, Зинеден ауылдық клубы, су айдау мекемесі және ауылдық округ әкімі аппаратының қызметкерлері атсалысты. Бірлескен еңбек нәтижесінде ауыл аумағына барлығы 100 түп терек отырғызылды.
Зинеден ауылдық округінің әкімі Айгүл Адилованың айтуынша, тал егу жұмысына ауылдық округ әкімі аппараты 40 түп, «Ақбота» бөбекжай-бақшасы 30 түп, ал Юрий Гагарин атындағы орта мектептің ұжымы тағы 30 түп терек отырғызған.
Ағаш егуге барлығы 60-қа жуық тұрғын қатысып, ауыл экологиясын жақсартуға өз үлестерін қосты. Табиғатты аялауды мақсат еткен бұл бастама ауыл жастарына үлгі боларлық іс болды.
— Таза ауаның кепілі – жасыл желек. Бүгінгі отырғызылған әрбір тал – болашаққа жасалған қамқорлық. Мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады,-дейді ауыл әкімі.
Әсел ТАБИҒАТОВА