Зинеденде ірі қара ауырып, шектеу енгізілді

 

Ауданның шалғайындағы Зинеден ауылында эпизоотиялық ахуал күрделене түсті. Қазіргі уақытта мұнда 65 бас ірі қара ауырып жатыр. Мал арасынан жұқпалы ауру белгілері байқалып, сынамалар алынып, Астана қаласындағы Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталықтың зертханасына жіберілген. Зерттеу нәтижесінде сиырлардан диарея және инфекциялық ринотрахеит аурулары анықталған. Мамандардың айтуынша, індеттің таралу қаупін болдырмау үшін жедел әрі нақты шешімдер қабылданған. 

Аудандық аумақтық инспекция басшысының ұсынысына сәйкес, Зинеден ауылдық округі әкімінің шешімімен округ аумағында шектеу іс-шаралары енгізілді. Қауіп ошағында қазіргі таңда «Республикалық эпизоотияға қарсы отряд» РММ-нің Атырау облысындағы мамандары аула-қораларды толық көлемде залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Сонымен қатар эпизоотиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында «Республикалық эпизоотияға қарсы отряд» мекемесінің, аудандық аумақтық инспекцияның және ветеринариялық стансаның білікті мамандары ауыл тұрғындарымен арнайы кездесулер өткізді. Жиын барысында тұрғындарға қалыптасқан қазіргі ахуал, қабылданып жатқан шұғыл шаралар, сондай-ақ аурудың таралуына жол бермеу үшін сақталуы тиіс санитарлық және ветеринариялық талаптар кеңінен түсіндірілді.

– Эпизоотиялық жағдайға байланысты барлық қызметтер бір мезетте жұмылдырылды. Қазір басты назар аурудың таралу жолдарын толық оқшаулау мен алдын алу шараларын күшейтуге аударылып отыр. Ошақ аумағында дезинфекциялық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде, ал мал иелеріне санитарлық талаптарды қатаң сақтау қажеттігі ескертілді. Мамандар ауыл тұрғындарымен жеке-жеке түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, әрбір қора-қопсы бақылауға алынды. Қабылданып жатқан шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асуда және жағдай тәулік бойы қадағалануда,- деді бізге аудандық ветеринариялық стансасының басшысы Асланбек Шарипов.

 

 

Мамандардың айтуынша, ауру қоздырғышы ауа арқылы, жанасу жолымен немесе мал азықтық шөп арқылы таралуы мүмкін. Осыған байланысты сақтық шаралары күшейтіліп, шаруаларға тиісті түсіндіру жұмыстары жүруде. Залалсыздандыруға арналған препараттар мемлекет тарапынан тегін ұсынылып, алдын алу шаралары уақытылы атқарылып отыр. Ал малға көрсетілетін симптоматикалық емге қажетті дәрі-дәрмектерді шаруалар өз мүмкіндігіне қарай қамтамасыз етуде.

Зинеден ауылы Құрманғазы ауданымен шекаралас орналасқан. Бұған дейін осыған ұқсас жағдай көршілес Құрманғазы ауданындағы төрт ауылдық округте тіркелген болатын. Соған қарамастан, ахуалдың бақылауда екені айтылып отыр. Дегенмен көрші өңірдегі тәжірибе зинедендік тұрғындарды бей-жай қалдырмай, сақтық шараларын күшейту қажеттігін аңғартады.

Қорыта айтқанда, биылғы қаңтардың қаһары аудан шаруалары үшін бір ғана маусымдық қиындық емес, ауыл шаруашылығын жоспарлау мен тәуекелдерді басқарудың қаншалықты маңызды екенін айқын көрсеткен сабақ болды. Бір жағынан, табиғаттың тосын мінезі мен нарықтағы бағаның құбылуы мал иелерін тығырыққа тіресе, екінші жағынан, эпизоотиялық ахуалдың ушығуы ветеринариялық қауіпсіздік мәселесін алдыңғы қатарға шығарды. Аудан әкімдігі мен жауапты мекемелер тарапынан қолға алынған шаралар жағдайды тұрақтандыруға бағытталғанымен, бұл түйткілдердің түпкі шешімі жүйелі дайындықта, жем-шөп қорын алдын ала қалыптастыруда және шаруалар мен билік арасындағы өзара жауапкершілікті күшейтуде жатыр. Табиғатпен етене тіршілік еткен ауыл адамы үшін сақтық пен алдын алу – берекенің бастауы. Сондықтан қаһарлы қаңтарда орын алған ахуал әрекет болмай, берекет болмайтынын тағы бір мәрте еске салды.

 

Жайна МӘЛІМҚОЖА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT