Конституция күні мерекесі сәтінде Зинеден ауылында өткен шырайлы шарада жаңа бөбекжай-бақшасы ғимараты ашылды.
100 орындық «Ақбота» бөбекжай-бақшасы облыстық құрылыс басқармасы тапсырысымен, «NCOC» компаниясы демеушілігімен бой көтерген болатын.
Ғимараттың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Болатбек Сисатов барша қатысушыларды жаңа нысанның пайдалануға берілуімен құттықтап, бақша ұжымына еңбек жетістіктерін тілек етті, демеушілер өкілдеріне аудан әкімінің алғыс хаттарын табыс етті.
Қос қабатты жаңа ғимараттың керме лентасын демеушілер өкілі – компанияның атқарушы кеңесшісі Серік Идранов пен ауыл ақсақалы Ғабит Биханов қиып, ізгі ниет, игі тілектерімен бөлісті.
Шарада бүлдіршіндердің жолдаған сазды сәлемдері көңілдегі қуанышты үстей түссе, жаңа қонысты аралап көрген үлкен-кіші осынау бүлдіршіндер үшін үлкен сый болған іске бек ризашылықтарын білдірісіп жатты.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР