Зинеденнен келген өнер лебі

Әр аптаның бейсенбі күні өтетін өнер керуенін шалғайдағы Зинеден ауылдық округінен келген өнерпаздар жалғады.

Ауыл тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлау, ауыл өнерпаздарын аудан жұртшылығына таныту, олардың шығармашылығын шыңдап, үлкен сахнаға бейімдеу бұл концерттің басты мақсаты болды.

Концерт шымылдығын Зинеден ауылдық округінің әкімі Айгүл Адилова ашып, ауылдың ыстық сәлемін жеткізді. Оның ізін ала сахна төріне жерлес композитор Мұстахим Мұхтаровтың әні мен ақын Адайбек Есекештің сөзіне жазылған «Зинеден ата ауылы» әнін орындауға Мұрат Амангелдіұлы шықты.

Кеште әке мен анаға, туған жерге деген әндер шырқалып, өнер жолына тәй-тәй басып келе жатырған «Айару» би тобының мың бұралған билері аудан жұртшылығына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Концерттің тағы бір ерекшелігі — әкеге деген шынайы құрмет пен сүйіспеншілікті білдірген бір үйдің гүлдері Анита, Анель, Асель және Раяна Тасубайқыздарының әсерлі ән орындауы болды. Концерттің екінші жартысында аудан тұрғындарына арнап арнайы викторина ұйымдастырылып, LED экран арқылы ауданымызға қарасты жер-су, елді мекен атауларын фото-суреттер жасырын көрсетіліп, дұрыс жауап берген тұрғындарға сыйлықтар табысталды.

Мың бұралған бимен шарықтаған әсем әндер кештің көркін қыздырған Зинеден ауылынан келген талантты өнерпаздар Исатай ауданын өнер мен ұлттық рухқа бөлеп, халықтың зор ықыласына бөленді. Концерт соңында аудан әкімі Нұрым Мусин сөз алып, Зинеден өнерпаздарына алғыс білдіріп, оларға шығармашылық табыс тіледі.

Зинедендік өнерпаздардарға өз ризашылығын білдірген аудан басшысы өнерпаздарға және Арсен Әділжанұлы, Ділдә Қапсихқызы, Нұрлан Зұлқарнайұлына жекелей Алғыс хаттар табыс етті.

 

Еркебұлан Зинеденов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT