Зият пен зерде сынға түскен дода

 

Соңғы жылдары жастар арасында логикалық ойлау мен жылдам шешім қабылдауды дамытуға бағытталған интеллектуалдық ойындарға сұраныс артып келеді. Әсіресе, Quiz (куиз) форматындағы викториналар білім мен ұтқырлықты ұштастыратын тиімді құрал ретінде танымал. Мұндай ойындар жас буынның эрудициясын арттырып қана қоймай, ұжыммен бірлесе әрекет етуге, жауапкершілікті сезінуге, бос уақытты мәнді өткізуге мүмкіндік береді.

Ауданда да мұндай форматтағы зияткерлік сайыстар жүйелі түрде өткізіліп келеді. Соның бірі жуырда өткен «Talaptan Quiz» атты танымдық дода. Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен, Исатай ауданы әкімдігінің тапсырысы негізінде аудандық Жастар ресурстық орталығы мен «B-elsendi» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен бұл шара «Talaptan» жобасы аясында жүзеге асты. Аудан көлеміндегі 20 командадан жиналған 130-ға жуық қатысушы зият пен зердені қажет ететін түрлі тақырыптағы сұрақтар бойынша өзара бақ сынасты. Логика мен білімді ұштастырған сайыстың шымылдығын аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов ашып, жобаның маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жас буынның білімге деген ынтасын қолдауды мақсат еткен зияткерлік бәсекеде үздік нәтижеге қол жеткізгендер анықталды. Бас жүлдені «Дербес бөлімдер» командасы жеңіп алды. Екінші орынды «Synyptas» командасы иеленсе, үшінші орынға «Дофамин» командасы лайық деп танылды. Жүлдегер командаларға қаржылай сертификаттар мен естелік кубоктар табыс етілді. Атап айтқанда, I орынға – 100 000 теңге, II орынға – 60 000 теңге, ал III орын иегерлеріне – 40 000 теңге көлемінде сыйақы берілді. Сайысқа қатысушылар мен көрермендер ойынның мазмұны мен ұйымдастыру сапасына жоғары баға берді. Аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Айнұр Ерғалиева куиз сұрақтарының мазмұнды әрі ойландырарлық болғанын атап өтті.

–Куиз ойыны жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Сұрақтар жан-жақты қамтылып, логикалық құрылымы терең әрі ұтымды болды. Әр кезең мазмұнымен де, мазмұн берер мәнімен де ерекшеленді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазір – тойлайтын емес, ойлайтын заман» деп атап өткендей, дәл осындай зияткерлік жобалар жас ұрпақтың саналы, білімді, жан-жақты болып қалыптасуына жол ашады. Мұндай бастамалар жиі ұйымдастырылып тұрса, жастардың интеллектуалдық ойындарға деген қызығушылығы артып, ел болашағы болатын ойлы буын қалыптасары анық. Осындай мазмұнды шараны ұйымдастырған жоба жетекшілеріне, сауатты сұрақтар дайындаған мамандарға алғысымыз шексіз,-деді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Talaptan» жобасы бұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта жастарды қолдауға арналған түрлі форматтағы танымдық, мәдени және әлеуметтік жобалар жалғасын табатын болады. Иә, білім мен ой-өріс басты құндылыққа айналған заманда осындай интеллектуалдық алаңдар – болашаққа салынған сенімді көпір. Себебі ойлы ұрпақ – ел болашағының кепілі.

 

Камилла ҚҰРМАНҒАЗИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT