ӘЗИЗ АНАЛАР – ҚҰРМЕТ ҚҰШАҒЫНДА

сурет автордікі

 

8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне орай аудан әкімі Нұрым Мусиннің аудан орталығы Аққыстауда «Анадан асыл жан бар ма?» атты мерекелік қабылдауы өтті. Түрлі салада абыройлы еңбек етіп жүрген арулар, көп балалы және ардагер аналар қатысқан іс-шара аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның ұйымдастыруымен өтті.

Мейірімділік пен сұлулық  үйлесім тауып, салтанат құрған бұл күні мерекелік дастархан ұйымдастырылып, аудан өнерпаздарының сазды бағдарламасымен жалғасты. Шара шымылдығы аналарға арналған  көрініспен бастау алса, Жанбай мәдениет үйінің қызметкері, әнші Айдар Бекет, «Айгөлек» вокалды-аспаптық ансамблінің мүшесі Сәудақас Мұханбетжанов әндерімен шашу шашты.

Одан соң, қуаныш иелерін құттықтаған аудан әкімі қоғамдағы әйелдердің рөлі жайында айта өтіп, ізгі тілегін жеткізді. Содан соң аудан әкімі ауданның әлеуметтік- экономикалық саласында өз үлесін қосып жүрген еңбек адамдары – қыз- келіншектерге облыс әкімінің Алғыс хаты  мен облыстық ардагерлер ұйымының медальдарын табыстады. Сондай-ақ, мерекелік сыйлықтар мен гүл шоқтарын табыстап, аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. Соның ішінде облыстық ардагерлер кеңесінің «Ардақты ана» медалі Тұщықұдық ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрайымы Қабира Кәйімқызына, Хиуаз Доспанова төсбелгісі құрылыс саласында көп жыл еңбек еткен қамысқалалық ардагер ана Ханипа Имановаға, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлжан Жұмағалиеваға, тұщықұдықтық еңбек ардагері Жұмазия Амироваға берілді.

Келесі құттықтау сөз кезегін  аудандық мәслихат төрағасы Аманжол Рахметов жалғап, кеш қонақтарына жылы лебізін білдірді.Сондай-ақ бір топ анаға Алғыс хат пен гүл шоқтарын табыстады. Бұл мерекелік жиынға қатысушы «Жайықмұнайгаз» МГӨБ басшысы Жасұлан Беркалиев, аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Едіге Жұмағалиев, Исатай газ шаруашылығы директоры, мәслихат депутаты Жеңісбек Қабиев, сондай-ақ аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жансих Маштахов,  аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Ерболат Насимуллин ортаға шығып, барлық аналар мен аруларды төл мерекелерімен құттықтап, ақжарма тілегін ақтарды.

– Аудандағы аналарға үлкен құрмет көрсетілді. Бұл кеш еңбек жолында абыройлы қызмет атқарған ардагер аналар мен бүгінде түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген іскер әйелдерге деген ризашылықтың жарқын көрінісі болды. Осындай игі шараға қатысып, әсерлі сәттерге куә болғанымызға қуаныштымыз. Кеш көңілді әрі мазмұнды өтті, ұйымдастырушыларға алғы-сымыз шексіз. Әсем әндер мен жүрекжарды лебіздер мерекенің шырайын аша түсті. Осындай жарқын күндеріміз көп болып, отбасымыз берекелі, еліміз аман болсын! Аналардың жүзіне шаттық пен қуаныш ұялатқан мейрам әрдайым тойлана бергей!-дейді Тұщықұдық ауылының тұрғыны Жұмазия Амирова.

Мерекелік жиында айтылған ізгі тілектер мен шырқалған ән мен кештің көркін келтірген көріністердің бәрі асыл – адал жар, аяулы апа-қарындастар тақырыбында болды.

Аудан әкімі орынбасары, аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрайымы Нұрғайша Абежан кезекті марапат легін жалғастырып, кәсіпкерлікте еңбек етіп жүрген нәзік жандарға Атырау облысы Іскер әйелдер қауымдастығы атынан Алғыс хаттар табыс етті. Ауданымыздың барша қыз-келіншектері үйдің тірлігімен қоса қызметті де өрге дөңгелентуде. Осылайша, бақытқа қол созып, ерлермен қатар түрлі салада табысты еңбек етуде. Олардың ерен еңбегі мен аналық мейірімі қашанда құрметке лайық.

 

 Сағыныш ҚАЙЫР.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT