Қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар нақты нәтижелер көрсетуде. Биылғы жылдың ішінде отбасылық шақыру бойынша 141 дерек тіркеліп, оларға қатысты тиісті шаралар қабылданды. Мінез-құлқына ерекше талап енгізілген 16 құқық бұзушыға қорғау нұсқамасы тағайындалды. Сонымен қатар ҚР Қылмыстық кодексінің 108–109-баптары бойынша 10 қылмыс тіркелсе, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабы аясында 129 әкімшілік хаттама жасақталды. Бұл көрсеткіштер қоғамдағы мәселенің әлі де өзекті екенін және оның алдын алуға бағытталған жүйелі жұмыстың қажеттілігін дәлелдейді.
Айта кетейік, республика көлемінде 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне назар аудару, құрбандардың құқықтарын қорғау және қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді 16 күн іс-әрекет» атты акция өтуде. Зорлық-зомбылық – қоғамның тұрақтылығына, адамгершілік құндылықтарына және әрбір азаматтың қауіпсіздігіне төнетін ең күрделі қауіптердің бірі. Ол тек жеке адамның тағдырын күйретіп қана қоймай, бүтін бір отбасының тыныштығын бұзады, ұрпақ тәрбиесіне кері әсер етеді. Сондықтан бұл мәселеге қарсы күрес – бір ғана ұйымның немесе мемлекеттік құрылымның жұмысы емес, бүкіл қоғамның мәдениетіне, жауапкершілігіне байланысты ортақ міндет.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық көп жағдайда көзге көрінбейтін, жария етілмейтін қасірет болып қала береді. Жәбірленушілер ұялу, қорқу, балалардың тағдырына алаңдау, материалдық тәуелділік сияқты себептермен көмекке жүгінуге батылы жетпей жатады. Дегенмен қоғамда ең алдымен маңызды түсінік қалыптасуы тиіс: зорлық – бұл «отбасының ішкі мәселесі» емес. Бұл – заңмен қудаланатын, мемлекет бақылауындағы құқықтық мәселе. Әрбір адам, әрбір көрші, әрбір куәгер зорлыққа бейтарап қарау жаңа қылмыстың жасалуына жол ашатынын түсінгені жөн.
Зорлық-зомбылықтың алдын алу – кез келген профилактикалық жұмыстың ең тиімді бағыты. Оның негізі бала тәрбиесінен бас-талады. Отбасында баланың бойына мейірім, сыйластық, жанашырлық сияқты қасиеттерді сіңіру – ертеңгі ересек адамның мінез-құлқына, қарым-қатынас мәдениетіне тікелей әсер етеді. Мектепте бұл құндылықтар құқықтық сауаттылықпен ұштасуы керек. Мәселен буллингке қарсы тұрақты жұмыстар, оқушылардың өз құқығын білуі, агрессияға жол бермеу, кикілжіңді күшпен емес, диалогпен шешу – зорлықсыз мәдениет қалыптастырудың негізгі жолы. Ал қоғамдағы құқықтық мәдениетті күшейту – заңды білу, құрметтеу және зорлыққа нөлдік төзімділік ұстанымын қалыптастырумен байланысты.
Қоғамдық қолдаудың маңызы зор. Зардап шеккен адамды айыптамай, керісінше қолдау көрсету – оның жаңа өмірге қадам жасауына үлкен көмек. Психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, дағдарыс орталықтарының жұмысы осы бағыттағы қолжетімді әрі қажет қызметке айналып отыр. Әркім өз ортасында күдікті жағдайды байқаса, үнсіз қалмау арқылы біреудің тағдырын өзгертетінін ұмытпауы керек. Мемлекет те бұл мәселені шешуде қарқынды шаралар қабылдап келеді. Соңғы жылдары заңнамалар күшейтіліп, жедел көмек желілері кеңейтілді. 102 және 111 бірыңғай желілеріне тәулік бойы хабарласып, кез келген уақытта көмек алуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар дағдарыс орталықтарының жұмысы өрістеп, жәбірленушілерге уақытша баспана, психологиялық және құқықтық қолдау көрсету бағытындағы қызмет түрлері көбейген.
Зорлық-зомбылықты түбегейлі тоқтату – бір күндік міндет емес. Бірақ әр адам өз ортасынан бастап үлес қоса алады. Құрмет пен мәдениетті қарым-қатынас орнату, балаларды тыңдау және қолдау, жәбірленушіні кінәламай көмек көрсету, құқық бұзушылыққа жол бермеу және уәкілетті органдарға дер кезінде хабарлау – міне, зорлықсыз қоғам құрудың негізгі қадамдары. Қорытындылай айтқанда, зорлық-зомбылықтың алдын алу – елдің мәдени деңгейінің, адами құндылықтарының айнасы. Бұл жауапкершілік мемлекетке де, қоғамға да, әрбір азаматқа да ортақ. Бір-бірімізге жанашыр болып, мейірім мен сыйластықты биік қойған кезде ғана біз қауіпсіз, тату әрі берекелі қоғам құра аламыз.
Динара ТӨЛЕГЕНОВА,
аудандық Отбасы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының инспекторы,
полиция капитаны


