Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі!

Күні ертең басталатын жаңа оқу жылы алдымызға тағы да жаңа мақсаттар мен міндеттер қоятыны рас. Діттеген межеге жету жолында талмай іздену және үлкен еңбек қажет.

Өйткені, білім беру – өзгені білуге үйретуге бағытталған игілікті де абыройлы, қайтарымы мол іс. Өткен аптаның ішінде жылдағы үрдіспен "Жалын" мәдениет үйінде 2018-2019 оқу жылының басталуына орай «Қазақстанды цифрландыру: білім беру жүйесі үшін талаптар» тақырыбындағы білім беру қызметкерлерінің аудандық тамыз кеңесінің пленарлық мәжілісі өтті. Кеңеске аудан әкімі М.Мурзиев, облыстық білім беру басқармасы Әдістемелік орталығының бөлім басшысы О.Биманова, ауданның қатардағы және ардагер ұстаздары, ауылдық округтер әкімдері, аудандық мәслихат депутаттары және дербес бөлім басшылары қатысты.

ІТ САБАҚТАРЫ КӘСІБИ ДЕҢГЕЙДЕ ОҚЫТЫЛАДЫ

Кеңесте «Аудан бойынша оқу-тәрбие жұмысының қорытындысы және оқу жылының ерекшеліктері» тақырыбында аудандық білім бөлімінің басшысы А.Бекішұлы баяндама жасады. Өз сөзінде заманауи соңғы техникалық мүмкіндіктерге тоқталған ауданның бас педагогі ауданымыздағы Абай атындағы орта мектепте бір ІТ-сыныбы ашылғанын, жобаны жүргізетін информатика пәні ұстаздарының Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті базасында ашылған «ІТ- мамандарын даярлау орталығында» бастапқы дайындықтан өткенін атады.

 АУДАН МЕКТЕПТЕРІ ИНТЕРНЕТКЕ ЖҮЗ ПАЙЫЗ ҚОСЫЛҒАН

Білім бөлімі басшысының айтуынша, аудан мектептерінің барлығы дерлік жүз пайыз интернет желісіне қосылған, сонымен қатар, WI-FI қондырғысы 1 миллион 439 мың теңгеге алынып, пайдаланылуда. Ауданның жалпы білім беретін орта мектептерінің 10 информатика пәні мұғалімдері даярлау курсынан өткізілген. Айта кетейік, 2013 жылы 1 компьютерге 24 оқушыдан келген болса, 2018 жылға 1 компьютерге 4 оқушыдан келіп, аудан мектептері интернетке жүз пайыз қосылды. Мектептердің кең жолақты интернетке қол жетімділігі 80 пайызға артты.

БІЛІМ САПАСЫ

Өткен жылдың аяғында білім бөлімі басшысының кезекті есеп беруінде білім сапасының төмендігі жөнінде айтылған болатын. Жыл қорытындысында аудан бойынша білім сапасы мынадай: Өткен 2016-2017 оқу жылымен салыстырғанда сапа – 1,5 пайызға артып отыр. 1-4, 5-9, 10-11 сыныптардағы бағаланған оқушылар саны мен білім сапасы:

1-4 сыныптардағы бағаланған оқушы саны - 2221, оның оқу екпіндісі – 886 оқушы, үздігі - 547 оқушы, білім сапасы – 64,5 пайыз.

5-9 сыныптардағы бағаланған оқушы саны - 2244, оның оқу екпіндісі - 888 оқушы, үздігі – 184 оқушы, білім сапасы – 47,8 пайыз.

10-11 сыныптардағы бағаланған оқушы саны – 545, оның оқу екпіндісі - 238 оқушы, үздігі - 33 оқушы, білім сапасы – 49,7 пайыз.

БІЛІМГЕ ҚҰЙЫЛАР ҚАРЖЫ КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

–Бүгінгі күні сапалы білім беруге барлық мүмкіндіктер мен жағдайлар жасалып жатыр, - деді А.Бекішұлы баяндамасында. Мысалы, 2014 жылы ауданымызда білімге бөлінген қаражат 1 миллиард 751 миллион 568,0 мың теңге болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 2 миллиард 559 миллион 354,0 мың теңгені құраған. Биылғы жылы 3,6,8 сыныптардың оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендері жаңадан келеді екен. Бюджеттен 125,5 миллион теңге бөлініп, мектептерге информатика кабинеттері (9), интерактивті тақталар (62), мультимедиа кабинеттері (10) сатып алынып, 9 мектепке физика кабинетін алуға 48 миллион 905,0 мың теңге қаралып, конкурс та жарияланған. Сонымен қатар, 11 мектепке 74 миллион 052,0 мың теңгеге робототехника кабинетін сатып алу жоспарлануда.

ҰБТ БОЙЫНША КЕТКЕН ҚАТЕЛІКТЕРГЕ КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ

Аудан бойынша 2017-2018 оқу жылында 256 түлек мектеп бітіріп, ауданның 10 орта мектебінен Ұлттық тестілеу орталығының базасына 190 оқушының өтініштері қабылданған. Оның 189-ы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан. Аудан бойынша жалпы ұпай саны 11650, орта балл - 61,6, оның ішінде 17 оқушы шығармашылық пәндер бойынша сынаққа қатысып, 491 ұпай жинаған. Аудан бойынша шығармашылық пәндерді қоспағанда 11159 ұпай жинап, 172 оқушының көрсеткіші 64,9 болды. Шекті деңгейден (50 ұпайдан) жоғары 142 оқушы, 100 ұпайдан жоғары 16 оқушы, шекті деңгейден төмен 47 оқушы жинады.

- Жыл басынан бері ҰБТ-ге дайындық қызу жүргізілгенімен, дайындық барысы бірнеше рет қарала тұрса да нәтиже төмен болды. Неге? Бұл саралай қарағанда мектептердің тестілеуге жүйелі дайындаудың әдіс-тәсілдерін дұрыс меңгермегені деп білемін. Оқушылармен жекелеп жұмыс жүргізу, қатені дер кезінде көрсетіп жұмыс жасау жеткіліксіз, аудан, облыс көлеміндегі тәжірибесі мол оқу орындарының пән мұғалімдерімен бірлесіп жұмыс жасалмайды.

ҰБТ сұрақтарына жаңадан енгізілген тапсырмалар дер кезінде қаралып, оқушыларға жеткізілмейді. Жекелеген мұғалімдер, мектептер кемшілікті өздерінен іздеуден гөрі ата-аналар мен оқушыларға аудару жағы басым. Пән бірлестіктерінде мұғалімдердің ҰБТ-ге қатысатын оқушыларды бірлесіп дайындау тәжірибелері жеткіліксіз болды деп ойлаймын. Міне, осындай кемшіліктердің себебінен, дайындықтың жүйесіз болуы ҰБТ қортындысының төмен болуына әкеліп соқтырды, - деді баяндамашы.

Сонымен қатар, биылғы оқу жылының нәтижесін негізге ала отырып, келесі оқу жылында ҰБТ-ге дайындық кезінде төмендегідей жұмыстарды қолға алатынын, атап айтқанда, байқау сынақтарына талдау жасау, артық бағалауға жол бермеу, таңдау пәнін анықтауға басшылық беру, ата-аналарды әр байқау сынағының қорытындысымен таныстыру, тоқсандық баға мен байқау сынағының арасындағы баға алшақтығының себептерін анықтау, сынып жетекшілерінің жұмысын жандандыру, мектеп психологтарының оқушының таңдау пәнін анықтаудағы ҰБТ байқау сынағы және ҰБТ кезінде өзін-өзі ұстауын түсіндірудегі жұмыстарын жетілдіру, әр оқушының орта балын көтеруге жұмыстану, жеке репетитормен дайындықты арттыру, дайындық тестілеу (апта сайын), қосымша сабақтар барысында қатемен жұмыс, қиындық туғызатын сұрақтар, тақырыптар бойынша консультация, оқушының жекелей сенімділігін арттыру мақсатында тренингтер өткізу жоспарда бар екенінен де хабардар етті.

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНДА ЖАҢА ЕРЕКШЕЛІКТЕР БАР

Жаңа оқу жылы 15 жалпы білім беретін мектептерде 5340 оқушымен, 304 сынып комплектісімен (бұл көрсеткіш 5 қыркүйектен кейін нақтыланатын болады), 6 мектептен тыс, 12 мектепке дейінгі мекемелермен басталады деп күтілуде. 2017-2018 оқу жылында 2, 5, 7 сыныптар жаңартылған білім мазмұнында оқуға көшсе, биылғы 2018-2019 оқу жылында 3, 6, 8 сыныптар көшеді. Ал, 2019-2020 оқу жылында 4, 9, 11-сыныптар белгіленген.

2017 жылдың 1-қыркүйегінен бастап Ғ.Мәсәлімов атындағы орта мектептің 8-сыныбында химия пәнін пилоттық жобада ағылшын тілінде оқыту жүзеге асырылуда. Биылғы оқу жылында да химия, информатика, физика, биология пәндерін ағылшын тілінде оқыту қалған мектептерде бастау алады екен. Өз кезегінде сөз алған облыстық білім беру басқармасы Әдістемелік орталығының бөлім басшысы О.Биманова басталғалы отырған жаңа оқу жылымен ұстаздар қауымын құттықтап, кезекті оқу жылын бастамас бұрын өткен оқу жылын саралап, жаңа оқу жылының міндеттерін айқындау керек екенін де айтты. Облыс бойынша бірыңғай оқушы формасы енгізілгенін және ол ата-аналар арасында қолдау тапқанын да риза көңілмен жеткізді.

- Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында 5-7 сынып оқушыларына арналған Атырау аймағының тарихымен және басқа да құндылықтарымен терең танысуға мүмкіндік беретін «Өлкетану. Атырау облысы» оқулығы «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Алғаш рет мектеп бағдарламасына еніп отырған оқулық география, тарих, әдебиет, музыка пәндерімен біріктіріліп, 20 сағат көлемінде оқытылатын болады. Оқулықты дайындауға өлкетанушы ғалымдар, мектеп мұғалімдері, әдіскерлер қатысқан. 2018 жылы педагогтерді аттестаттаудың жаңа жүйесі енгізілуіне байланысты осы жүйеге сәйкес аттестаттаудан өткен облыстың 1944 мұғалімі жалақыларын 30-дан 50 пайызға дейін өсіру мүмкіндігін алып отыр, - деді. Сонымен бірге Қазақстан Рес-публикасы Білім және ғылым министрлігінің және облыстық білім беру басқармасының Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен 2017-2018 оқу жылының қорытындысымен жұмыста жеткен жетістіктері үшін бірқатар ұстаздарды марапаттады.

Тамыз кеңесіне қатысқан аудан әкімі М.Мурзиев дәстүрлі жиынға қатысушыларды әуелі Құрбан айт мерекесімен құттықтап,ауданның білім саласындағы жеткен жетістіктеріне тоқтала отырып, екі ұстазға Алғыс хат тапсырды. Аудандық мәслихат хатшысы Н.Мұханбеталиев те жиналғандарды аудандық мәслихат депутаттары атынан құттықтап, жылды жақсы қорытындылаған жекелеген ұстаздарды аудандық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен марапаттады. Арнайы шақыртумен келген ауданның құрметті демалыстағы ардагер ұстаздарының да құшақтары гүлге толған күн болды. Аудандық білім бөлімі басшысының да қолынан бірқатар ұстаздар марапаттар алды.

ЖАС КЕЛСЕ, ІСКЕ

Биылғы жылы жоғары оқу орнын бітірген тоғыз жас маман мұғалімдер қатарын толықтырып отыр. Аудан педагогтері жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі олардың алғашқы қадамдарына сәттілік тіледі. Жас мамандар аудан әкімінің қолынан Тілек хат пен жолдама алды. Ұлағат иелері ұстаздар қатарына қосылушы Ж.Қалиева сөз сөйлеп, бар жас мамандар атынан шәкірттерге адал тәрбие мен сапалы білім беруге уәде етті. Аудандық білім бөлімі басшысының баяндамасынан кейін жарыссөзге қатысқандардың ойы да ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру бағытында болды. Кеңес соңында ұсынған қарарлар бірауыздан мақұлданды.

Анаргүл Құсайынова

Суреттерді түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521