Алыптың бәрі ауылдағы мектептен шыққан

Мамырдың 28-і күні Атырау қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздары мен оқушылары Жанбай ауылындағы Х.Нәубетов атындағы орта мектепте «Қолдайық ауыл мектебін!» әлеуметтік акциясын өткізді.

Шара «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының 10 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған. Акцияның мақсаты - облыс орталығынан шалғайда орналасқан ауыл мектебінің материалдық және әдістемелік базасын нығайтуға көмек көрсетіп, зияткерлік мектеп тәжірибесін тарату.

Аталған шараны аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрғайша Абежан ашты.

- Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаң-ғыру» мақаласында табыс тізгіні – білімді болашақ жастардың қолында екеніне баса назар аударған болатын. Бүгінгі таңда білім ошақтары бәсекеге қабілетті, білімді ұрпақ тәрбиелеуге өз үлестерін қосып келеді. Осындай білім ошақтарының бірі – Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі. Бұл мектеп таңдаулы қазақстандық және халықаралық педагогикалық тәжірибені зерттеу мен өндіру алаңы болып табылады. Осы мақсатта өткен жылдың наурызында ауданымыздағы жалпы білім беретін Х.Нәубетов атындағы орта мектеп пен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы филиалы тәжірибе алмасу прагматизм бағытында нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалануда өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Алға қойған мақсаттарыңыз анық, олай болса осы бағыттағы жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін,-деді ол.

Одан кейін Атырау қаласы, химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Айдарбек Айтпукешев сөз алып, жиналғандарға зияткерлік мектептердегі білім беру бағдарламасының ерекшеліктері, тәжірибе алмасу мен тәрбие жобалары жөнінде баяндады. Сондай-ақ, Алматы қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары жасап, дайындаған 3D принтер, 100 бөлме гүлін, 400 кітап, көрнекі стенд, спорттық доптар табыстады. Шара аясында аталған мектеп педагогтары мен педагогикалық шеберлік орталығы тренерлері ауылдық мұғалімдерге әдістемелік шеберлік сағатын өткізді. «Оқырмандық сауаттылықты дамыту амалдары», «Қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік Ел» тақырыптарында оқушылармен бірге топтасқан жұмыстар жүргізілді. Танымдық және демалыс топтамасында Ә.Кекілбаевтың «Ақырғы аялдама» сахналық қойылымы мен «660» көңілділер мен тапқырлар клубының концерттік бағдарламасы тамашаланды. Акция соңында мектеп директоры Ғимади Жиенғазиев ұжым атынан алғыс білдіріп, алға қарай да әріптестік байланыс жасап, білім беру бағытында тәжірибе алмасатындығын жеткізді.

Әйгерім ҚҰБАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521