Ардагерлер мектепте бас қосты

Тәуелсіздік күніне орай, Аққыстау орта мектебі базасында аудандық ішкі саясат бөлімі, ақпараттық-талдау орталығы, жастар ресурстық орталығымен бірлескен түрде әскери-патриоттық шара өтті.

Аталған шара жастарды өз Отанына шексіз берілген, патриоттық рухы жоғары, қайсар жауынгер ағаларының ерлігін үлгі ету, Семей полигоны, Ауған соғысының, Чернобыль апатын залалсыздандыруға қатысқан ардагерлер есімдерін қастерлеу мақсатында ұйымдастырылды. Оған ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Ж.Қадимов, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, өлкетанушы М.Бектенов, аудандық Исатай Тайманұлы атындағы музей директоры Г.Жұбанова, Семей полигоны, Ауған соғысының, Чернобыль апатын залалсыздандыруға қатысқан ардагерлер мен мектеп оқушылары, ұстаздар қатысты.

Шара ардагерлер саябағындағы мәңгілік алауға гүл қою рәсімінен басталды. Онда ақпараттық-талдау орталығының маманы Е.Насимуллин, Журналистер Одағының мүшесі, өлкетанушы, Семей полигонының ардагері М.Бектенов жылы лебіздерін білдірді. Аққыстау орта мектебінде орналасқан Семей полигоны, Ауған соғысының, Чернобыль апатын залалсыздандыруға қатысқан ардагерлерге арналған «Даңқ» бұрышының лентасын қию облыстық Семей полигоны ардагерлер қоғамының төрағасы Б.Қаршыға және Семей полигонының ардагері М.Бектеновке ұсынылды.

Бұдан кейін ардагерлер «Тәуелсіздік – бұл Отанды қорғау» тақырыбында жастар арасындағы білім сайысын тамашалады. Бес бөлімнен тұратын әскери-патриоттық білім сайысына жастардан құралған «Аманат» және «Олимп» командалары бақ сынады. Әр бөлімде де ойыншылар тақырыпқа сай жан-жақтылықтарын байқатты. Соның ішінде «Аманат» командасының белсенділігін ерекше атап өткен жөн.

Сайыс соңында қазылар алқасы «Аманат» командасын жеңімпаз деп танып, дипломмен марапаттаса, «Олимп» командасына алғыс хат пен сыйлықтар берілді. Мектеп оқушылары ардагерлерге сұрақтар қойып, тұшымды жауаптарын алды. Шараны аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Махмутов, Чернобыль апатын залалсыздандыруға қатысқан ардагер Е.Тілемісовтың қарындасы Қ.Тілемісова қорытындылап, тілектерін білдірсе, қонақтарға ауданның 90 жылдығына арнайы шығарылған шежіре кітап сыйға тартылды.

Әйгерім ҚҰБАЕВА

Суреттерді түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521