Арманның керіп желкенін, аттандық бүгін сапарға!

Бүгін еліміз бойынша барлық білім беру ошақтарында тағы бір оқу жылы аяқталды.

Исатай ауданы бойынша осы жылы мектепті 269 түлек бітіретін болса, соның 8-і «Алтын белгіге», 15-і «Үздік аттестатқа» үміткер.

Таңертең жылдағы дәстүр бойынша аудан мектептерінің барлығында да «Соңғы қоңырау» салтанаттары өткізілді. Бұл рәсім Х.Ерғалиев ауылындағы ғасырлық тарихы бар Ғ.Мәсәлімов атындағы орта мектепте «Сыңғырла, соңғы қоңырау» тақырыбы аясында ұйымдастырылып, оған аудан әкімі Полымбет Хасанов, аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева және аталмыш білім ордасынан түлеп ұшқандарына 20 жыл, 50 жыл толған түлектер қатысты.

_dsc0651

Алдымен алаң төріне еліміздің көк Туы кіргізіліп, Әнұран орындалғаннан кейін құрамында пәндік олимпиадалардың, аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар мектеп бітіруші түлектер сап түзеді.

_dsc0634

Салтанатты шарада алғашқы болып мектеп директоры Парух Қабиев сөз сөйлеп, өмірге қанат қаққалы тұрған жас түлектерге ақ жол тіледі. Оның айтуынша, биыл мектептен 30 оқушы бітіргелі отыр

_dsc0680

- Қадірлі түлектер! Біз сіздерді бүгінгі жастардың бойында болу керек құндылықтарға тәрбиелей отырып, отаншыл, қазақстандық патриоттық сезімі қалыптасқан, білім бәсекесіне төтеп бере алатын, санасы ашық, халқымыздың рухани-құндылықтарын бойына сіңірген, үш тілді еркін меңгерген, бүгінгі жылдам өзгеріп жатқан заманда инновациялық өзгерістерге дайын тұлға болуға бейімдедік. 11 жыл бойғы оқу еңбектеріңіздің толағай жетістіктері біздің қуантады. Осы орайда, оқуда үздік болумен қатар, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан Аружан Амангелдиева, Азиза Мүтиғоллаева, Айкен Нұркенқызы, Рауан Әділханов, Айзере Қалиахметқызы, Айбибі Маратова, Сымбат Саясатқызы, Диана Саадатқызы, Жазира Жұбанова және Әділет Аронов сынды түлектеріміздің есімін ерекше атап өткім келеді. Алдағы күннің еншісінде тұрған мемлекеттік Қорытынды аттестаттау мен Ұлттық бірыңғай тесттің сынағынан сәтті өтулеріңізге тілекшімін, - деп түйіндеді өз сөзін мектеп директоры.

_dsc0692

Бұдан кейін мінберге көтерілген аудан басшысы Полымбет Хасанов жас ұрпақтың тәрбиесі мен білімі басты назарда екенін атап өтті. Сондай-ақ ол оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасау мақсатында жергілікті әкімдіктің тарапынан жасалып жатқан жоспарлы жұмыстарға тоқталып, өмірге қанат қаққалы тұрған түлектердің келешегі жарқын болуын тіледі. Артынша ақ тілекті аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева да жалғады.

_dsc0720

Салтанатты шарада мектеп бітіруші түлек Сымбат Саясатқызы барша түлектердің атынан он бір жыл білім нәрімен сусындатқан ұстаздарына деген шәкірттік алғаусыз қимастық сезімін білдірсе, түлектер «Мектеп вальсін» биледі. 1-сынып оқушылары ортаға шығып, тақпақ айтып, «Балаларға мейірімді жүректен» акциясына сәйкес, биылғы оқу жылында жүріп жатқан «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында түлектердің тарапынан оларға сыйлыққа жаңа кітап тарту етілді.

_dsc0853

Сондай-ақ шарада мектеп мұғалімі Үзілдік Сахуалинаға 5-6 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың жүлдегері Әсем Нұрланқызын дайындағаны үшін ҚР Білім және ғылым министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының алғыс хаты табысталса, биыл мектеп бітіргеніне 50 жыл толған ардагер ұстаз Роза Қарабалина, ата-ана Айгүл Шағирова аудандық білім бөлімі басшысының алғыс хатымен және мектеп бітіруші түлек Әділет Аронов қоғамдық жұмыстарға белсене араласқандығы үшін аудандық жастар ресурстық орталығы басшысының алғыс хатымен марапатталды.

_dsc0701

_dsc0819

Сонымен қатар 11 «а» сыныбының сынып жетекшісі Гүлрауза Қалымова мен 11 «ә» сыныбының жетекшісі Жанаргүл Қоржынова да өз кезектерінде құттықтау сөз сөйлеп, ұшырғалы отырған түлектерінің бәрі де болашақтарынан зор үміт күттіретін дарынды оқушылар екенін айтып өтті.

_dsc0941

Салтанатты жиынның ерекше бір айтып өтер сәті осыдан 20 жыл және 50 жыл бұрынғы мектеп түлектерінің де шырайлы шарада сағына жүздесуі болды. Салтанат үстінде әр жылғы осынау түлектердің баршасына да «қош келдің» айтылып, білім ордасымен қоштасқандарына 50 жыл толған түлектердің атынан ардагер ұстаз Роза Қарабалинаға және 20 жыл толған түлектер атынан Артур Маратұлына сөз кезегі берілді.

_dsc0900

Жиын соңында 11-сыныпты бітірушілер Әділет Аронов пен Айкен Нұркенқызының соққан соңғы қоңырау үні жүректердегі толқыныстармен, көңілдегі тебіреністермен астаса түскендей әсерге бөледі.

Иә, тағы бір оқу жылы аяқталды. Соның қорытындысы іспеттес соңғы қоңырау салтанаттары ауданымыздың басқа да білім беру ордаларында осылайша өріс тауып жатты.

Әділбек СЫРЫМОВ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521