Бала шақтан болашаққа аттандық

Тарыдай болып мектеп табалдырығын аттаған балдырғандар алтын ұя мектебімен қоштасып, болашаққа қадам баспақ.

Балаң қауырсынын жылдар бойы жетілдірген олар алдындағы сан асуға жігермен бет бұрғандай көрінеді. Ардақты ата-аналарының үміті мен ұлағатты ұстаздардың сенімін ақтап шыққанына қуанады.

Сенбі күні аудан көлеміндегі жалпы білім беретін мектеп түлектеріне арналған салтанатты шара өткізілді. Орталық алаңда ақ жейде киген бозбала мен тұлымы желбіреген бойжеткендер ұстаздарымен бірге бас қосып, шырайлы кештің куәгерлері болды. Бұл 11 жыл бойы тәрбие мен білім нәрін бойына құйып, ұстаздарына анасындай еркелеп, балалық шағын алаңсыз өткізген жас түлектердің алтын ұя мектебімен, әліппеден бастап өмір заңына дейін үйреткен ұстаздардың шәкірттерімен қоштасар күні болды.

Аталған шарада жүргізушілер 2017-2018 оқу жылын бітіруші түлектердің жетістіктерін атап, ортаға шақырды. Аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Абежан:

– Құрметті түлектер! Бүгін сіздер үшін де, ата-аналар мен ұстаздар үшін де толқынысты сәт.  Қимас мекен, алтын ұяға айналған мектептегі алаңсыз күндер аяқталып, азаматтық жауапкершілігі мол кезеңге аяқ бастыңыздар. Мектеп қабырғасында алған білімдеріңіз бұл жолда сенімді серік болады деп сенемін, - деп үлкен өмірге қадам басқан барша түлектерді құттықтады. Сонымен қатар, «Алтын белгі» және «Үздік» аттестат иегерлеріне марапаттар табыстады. Мектеп мұғалімдері, ардагер ұстаздар, ата-аналар да жылы лебіздерін білдіріп, түлектерге ақ баталарын берді. Үш тілде құттықтауларын жеткізген мектеп бітірушілер әуезді ән шырқап, мың бұрала биледі. Кеш соңында жас түлектер ақжарма тілегі жазылған шарлар көк жүзінде қалықтады.

Әйгерім ҚҰБАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521