Баланы оқыту мектеппен шектелмейді

Қазіргі кезеңде республикамызда қосымша білім берудің жаңа жүйесі жасалып, қазақстандық білім беру жүйесі әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алуда.

Бүгінгі таңда білім беру саласы қызметкерлерінің алдында қойылып отырған басты міндеттердің бірі – оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және қазіргі заманғы педагогикалық технологияларды меңгеру. Сондай-ақ қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын меңгермейінше, сауатты, жан-жақты маман болу мүмкін емес. Жаңа технологияны меңгеру мұғалімнің интеллектуалдық, кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және басқа да көптеген адами келбетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі.

Балалардың қосымша білім беру жүйесі – салауатты өмір салтын қалыптастыру, жеке тұлғаны өздігінен дамыту, шығармашыл дарынды балаларды іздеу, қолдау көрсету және дамыту, өскелең ұрпақ тәрбиесіне және олардың дарындылығын дамытуға, балалардың құқықтарын қорғауға назар аударуды күшейтуге бағыттауға негізделген. Қосымша білім беру ұйымдарының басқа білім беру орындарынан айырмашылығы онда бала басқаша білім жолын басып өтеді. Мұнда балаға қосымша ақпарат беріп қана қойылмайды, ең бастысы, бала шығармашылық жұмыс істеуге тартылады. Бала адамзат еңбегінің, білімінің бірін терең игереді, оған дағдыланады. Сонымен бірге өскелең ұрпақтың дара ерекшелігін ескере отырып ойлау, шешім қабылдау, қорытынды ой-пікірін білдіруін, белсенділігін, танымдық қабілетін дамытуын, өзінің шығармашылық әрекетін жүзеге асыруын қалыптастыруына мүмкіндік береді.

«Жалын» мәдениет үйінде ауданымыздың 90 жылдық мерейтойы мен Қазақстан Республикасы қосымша білім беру ұйымдарының құрылғанына 100 жыл толуына арналған «Қосымша білім беру педагогінің шығармашылығы» атты облыстық форум өтті. Оған қалалық, аудандық білім бөлімдерінің әдіскерлері, қосымша білім беру ұйымдарының басшылары мен ардагер ұстаздар қатысты. Мақсаты қосымша білім беру саласы қызметінің тиімділігін арттыруға үлес қосып жүрген жаңашыл педагогтардың шығармашылығын дәріптеу, мәртебесін көтеру.

Форумда алдымен сөз кезегін алған аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Халидоллақызы жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, жаһандық өзгерістерге бейім, бәсекеге қабілетті әрі патриоттық рухқа тәрбиелеуде қосымша білім беру ұйымдарының педагогтары мен мектеп жанындағы үйірме жетекшілерінің қосқан үлестерінің зор екендігіне ерекше тоқтала келіп, барша ұстаздарды алда келе жатқан Мұғалімдер күні мерекесімен құттықтады.

Бұдан кейін форумға қатысушыларға бейнероликтен Ш.Шәріпов атындағы саз мектебі домбыра аспабының мұғалімі Зоя Насиханованың, Ю.Гагарин атындағы орта мектептің технология пән мұғалімі Абай Хидуллиннің, Новобогат саз мектебі қобыз аспабының маманы Гүлнафис Манапқызының, Жанбай балалар саз мектебі сырнай сыныбының маманы Армангүл Бердиеваның, аудандық оқушылар үйінің шығармашылықпен жұмыс жасайтын би үйірмесінің жетекшісі Жаннат Дәулетқалиеваның, Х.Нәубетов атындағы орта мектебі драма үйірмесі-нің жетекшісі Гүлфара Аронқызының, Новобогат орта мектебінің вокал және хор үйірмелерінің жетекшісі Гүлайнаш Қапаеваның шығармашылық жұмыстары көрсетіліп, таныстырылды, театрландырылған көріністер көрсетіліп, мектеп жанындағы үйірме мүшелері өнерлерін ортаға салды.

Соңында облыстық білім басқармасы әдістемелік орталығының бөлім басшысы Зина Ізтілеуова қорытынды сөз сөйлесе, аудандық білім бөлімінің басшысы Айбатыр Бекішұлы бір топ қосымша білім беру ұйымдарының педагогтары мен оқушылар үйі және мектеп жанындағы үйірме жетекшілеріне аудандық білім бөлімінің Алғыс хаты мен облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасын табыс етті.

Аяпберген САЛИХОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT