Білім күні: Аймағамбетов мектептерде 1 қыркүйек қалай өтетінін айтты

Биыл мектептерде 1-сыныпқа арналған салтанатты шаралар өтеді.

Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Tengrinews порталының Instagram парақшасында берген сұхбатында айтты.

«Дәстүрге сәйкес, бірінші қыркүйекте салтанатты шаралар өтеді. Білім күні болғаннан кейін биыл қабылданған шешімге сәйкес, мектеп табалдырығын енді аттап отырған балаларға жиын өткізіледі. Салтанатты шараға келген 1-сынып оқушыларының қолына «Әліппе» немесе «Букварь» беріледі», - деді білім және ғылым министрі.

Ал 1 қыркүйекте мектепке келген 2-11 сыныптың оқушыларына кабинеттерде сынып сағаты өткізіледі.

Министрдің айтуынша, шара ашық ауада, мектептің ауласында болады. Бірінші сынып оқушыларын мектепке ертіп келетін адамдарға қатысты жұмыс ұйымдастырылады.

Айта кетері, 2021-2022 оқу жылы дәстүрлі форматта басталады. Бұл шешім балабақша, мектептер мен колледж, жоғары оқу орындарына қатысты болып отыр. Университеттегі бакалавр, магистратура және докторантурада оқитындардың барлығы дәстүрлі форматта білім алуға көшеді.

Білім ошақтарында қатаң түрде санитарлық талаптар сақталады. Ashyq қосымшасын қызметкерлер, оқытушылар, балабақша тәрбиешілері және баланы білім ордасына алып келген адамдар мен студенттер қолданады.

«Егер сыныпта бір бала ауырып қалса, сол сыныптың өзі ғана қашықтан өту форматына жіберіледі. Дене қызуы бар балалар уақытша қашықтан оқиды. «Ashyq» қосымшасы арқылы тексерістен өткен кезде ата-анасының «қызыл" мәртебесі болса, студент немесе оқушы үйден оқиды. Оның вирус жұқтырып-жұқтырмағаны ескерілмейді», - деді министр.

Қазір мектептер осы бағыт бойынша дайындалып жатыр. Министр бұрын ауа райының қолайсыздығына байланысты сабақ өтпегенін, енді мұндай жағдайда оқу тоқтамай, онлайн форматта болатынын айтты.

Сондай-ақ, министр бұған дейін ата-ана өтініші бойынша оқушы қашықтан білім алса, енді ондай мүмкіндік берілмейтінін жеткізді

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521