Білім сайысында 4 оқушымыз топ жарды

Жалпы білім беретін 12 пән бойынша 9-11 сынып оқушыларына арналған республикалық пәндік олимпиаданың облыстық кезеңі өз мәресіне жетті.

Бір аптаға созылған білім додасына облыс орталығынан және барлық аудандардан 650 оқушы қатысты. Оның ішінде 24-і Исатай ауданының оқушылары.

Аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Шолпан Ғарифоллақызынан білгеніміздей, оқушылар жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша бақ сынады. Нәтижесінде, аудан бойынша 3 оқушы І орын, 5 оқушы ІІ орын алса, 2 оқушы ІІІ орын иеленді. Ал, белсенді 5 оқушыға Алғыс хат ұсынылды.

- Жалпы, пәндік олимпиаданың республикалық кезеңіне ауданымыздан 4 оқушы жолдама алды және оның үшеуі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің грантын иеленді. Атап айтқанда, бұл мүмкіндікке Исатай орта мектебінен Ләзиза Оразбекова, Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептен Айсана Ерғали және Өркен орта мектебінен Айшагүл Махметова ие болды. Сондай-ақ Исатай орта мектебінен Ринат Елеусінов те олимпиаданың республикалық кезеңінде облыс намысын қорғайтын болады, - дейді Шолпан Ғарифоллақызы.

Ал, пәндік олимпиаданың облыстық кезеңінің жеңімпазы, Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Айсана Ерғали білім мен дарын таласқа түскен сәттің оңай болмағандығын жеткізді.

969

- Жүзден жүйрік суырылып шығатын білім додасында жеңіс тұғырынан көрінгеніме қуаныштымын. Үздіксіз ізденіс пен оқу нәтиже беріп, ұстаздарымның сенімі ақталған күн болды. Бұл жетістігім – ертеңгі болашағымның бір кірпіші болып қаланарына сенімдімін. Алда республикалық кезең күтіп тұр. Босаңсуға еш болмайды. Сондықтан дайындығымды әлі де шыңдайтын боламын, - дейді жеңімпаз оқушы.

Айта кетейік, облыстық білім бәйгесінің талдау қорытындысы нәтижесінде Исатай ауданы облыс бойынша мектептер арасында ІІ, аудандар арасында І орынға таба тіреді. Өткен жылы ауданымыз бұл кезеңде облыс бойынша ІІІ орынды еншілеген болатын. Соңғы екі жылдағы қос нәтиже де ауданымыздың білім саласында бұрын-соңды мүлде болмаған көрсеткіш. Оң ілгерілік мамандық атауының иесі саналатын аудан педагогтарының қажырлы қайраттарының, елеулі еңбектерінің жемісі десек, артық айтқандық болмас.

Білім бәйгесінде топ жарған оқушыларымыздың жетістігіне бізде бәрекелді дейміз.

Әділбек СЫРЫМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT