Кеше аудандық білім бөлімінің бастамасымен Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектеп базасында аудандағы білім беру мекемелерінің математика пәні мұғалімдерінің басын қосқан семинар өтті.
Онда 17 ақпан күні Қарағанды қаласында өткен «Мектептегі математикалық білім беру: жағдайы, проблемалары, ұсыныстар» атты математика пәні мұғалімдерінің республикалық съезіне қатысып келген Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің математика пәні мұғалімі, педагог-шебер Табила Исмагулова съезде көтерілген өзекті мәселелер мен жолданған ұсыныстарды таныстырды. Спикердің айтуынша, республикалық съезд төрт секциялық жиынмен басталып, кейін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қатысқан пленарлық мәжіліске ұласқан. Сьезд барысында Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті «Математика, физика және информатиканы оқыту әдістемесі» кафедрасының меңгерушісі Алма Әбілқасымова, Ұлттық ғылым академиясының академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұмаділдаев және басқа да ғалымдар математикалық білім беру туралы баяндама жасаған.
Семинарда Табила Исмагулова аудан педагогтеріне әр секцияда қаралған «Білім алушылардың білімін бағалау, қорытынды аттестаттау» және «Мектеп оқушыларының математика пәні бойынша олимпиадалары, конкурстар, ғылыми-жобалық зерттеулер», «Республикалық математика пәні мұғалімдерін дайындау, кәсіби біліктілігін көтеру, аттестаттау» тақырыптарындағы зерттеулер мен ұсыныстар жөнінде баяндады.
Сондай-ақ спикер пленарлық отырыс барысында да мектептегі және жоғары оқу орындарындағы математикалық білім беру жүйесі бойынша ұсыныстар айтылып, дайындалған кейбір оқулықтар оқушының жас ерекшеліктеріне сай келмейтіні туралы сөз болғанын атап өтті. Съезд қорытындысы бойынша білікті математика мұғалімдерінің тұрақты диалогын қамтамасыз ету үшін математика пәні мұғалімдерінің республикалық қауымдастығын құру туралы шешім қабылдағанын да жеткізді.
Аудандық білім бөлімі ұйымдастырған семинар жергілікті математика пәні мұғалімдерінің өзара пікір алмасуымен қорытындыланды. Математика пәні мұғалімдері алдағы уақытта съезде қаралған мәселелер мен ұсыныстардың төңірегінде жұмыс істеуге ниетті. Одан бөлек, мұғалімдер тарапынан семинарға қатысқан аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Шолпан Хамзинаға математика пәні мұғалімдері қауымдастығының жұмысын жандандыруды ұсынды.
Сондай-ақ спикер пән мұғалімдерін өз жұмыстарына келгенде салғырттық танытпауға шақырды.
- Мұғалімдердің оқушыға білім берудегі атқарған жұмысы – ол тек өзі қызмет ететін мектебіне ғана емес, тұтастай ауданымызға қосып жатқан тамшыдай үлесі, - дейді Табила Исмагулова.
Әділбек СЫРЫМОВ